«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЗАУЫТ ВАГОН ШЫҒАРА БАСТАДЫ

“Петропавл ауыр машина жасау зауыты” АҚ-ы нарықта сұранысқа ие жаңа өнім шығаруды қолға алды. Бұл ет, балық, көкөніс секілді тез бүлінетін өнімдерді тасымалдауға арналған изотермиялық вагондар. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов зауытта болып, вагон құрастыру цехының жұмысымен танысты.

Кәсіпорын бас директорының орынбасары Ахан Кәрімовтің айтуынша, бүгінгі таңда ТМД елдеріндегі изотермиялық вагондардың 90 пайызының тозығы жеткен. Дегенмен, бұл вагондарды жаңарту міндетін мойнына алған кәсіпорын аз. Бұған дейін Украинаның Мариуполь қаласындағы “COOL Infinity” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бұл бағытта жұмыс жүргізген екен. Алайда, бір себептерге байланысты қолға алынған жобаның құжаттамаларын жасаумен ғана шектелген. Петропавлдық кәсіпорын басшылығы шетелдік әріптестеріне тасымал құралын жасау бойынша ортақ жобаны жүзеге асыруды ұсынған.
– Бүгінгі таңда кәсіпорында жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Заманауи құрал-жабдықтар орнатылып, өндіріс көлемін арттыру мүмкіндігі туды. Зауыт басшылығы заманауи станоктардың мүмкіндігін тиімді пайдаланып, изотермиялық вагондар құрастыру мәселесіне көңіл бөлуде. Бұл мәселені жан-жақты зерттегеннен кейін жобаның тиімділігіне көзіміз жетті. Вагондарды шығаруды қолға алған кезде тез бүлiнетiн тамақ өнiмдерiн жеткiзумен айналысатын компания өкiлдерiмен ақылдастық. Осылайша, кем-кетiк тұстары түзетілді. Еліміз бен жақын шетелде теңдесі жоқ жобаны жүзеге асыру вагон құрастыру цехының тәжірибелі ұжымына сеніп тапсырылды, – деді Ахан Ержанұлы.
Жыл басында зауыт басшылары екіжақты келісімшартқа қол қойғаннан кейін термос-вагондар жобасын қолға алған. 20 жылдан бері бос тұрған цех қайта қалпына келтіріліп, 50 жаңа жұмыс орны ашылды. Жаңа технологияны меңгерген мамандар жалпы аумағы 30 мың шаршы метрді құрайтын цехтың бір бөлігінде темір жол вагонының қанқасын дайындайды. Ал цехтың екінші бөлігінде бөлшектер негізгі қаңқаға біріктіріледі. Кейін вагондардың іші полистирол және полиуретан материалдарымен қапталады. Екі ауысымда жұмыс істейтін мамандар тәулігіне 2, ал айына 55-60 термос-вагон шығара алады.
Зауыттың бас дәнекерлеушісі Александр Девисенконың айтуынша, тасымал құралының қызмет ету мерзімі – 25 жыл. Сыйымдылығы 145 текше метрді құрайды. Еуразиялық экономикалық одақтың талаптарына сәйкес жасалған вагонға тиелген өнім 10 күнге дейін бүлінбейді. Жүкті ел аумағында да, алыс-жақын шетелге де тасымалдауға болады.
“Қазақстан темір жолы” АҚ-ы өкілдерінің қатысуымен өткен сынақтардың қорытындысына сәйкес зауыт 1200 вагон шығаруға рұқсат беретін сертификатқа ие болды. Бүгіндері арнайы сынақ полигонында тестiлеуден сәттi өткен алғашқы партия өз иесін тапқан. Әр вагонның құны 30 млн. теңгені құрады.
– Бүгінгі таңда изотермиялық вагондар паркінің тозуына байланысты Ресей тарапынан жаңа өнiмге деген сұраныс жоғары. Қазірдің өзінде алдын ала келiссөздер жүргiзiп жатқан компаниялар бар. Тың жобаның арқасында цех жұмысшыларының саны 150-ге дейін жеткізіліп, үш ауысымдық жұмыс кестесіне көшетін болады. Зауытты жаңғырту мақсатында ел бюджетінен бөлінген қаржыға сатып алынған заманауи құрал-жабдықтар да вагон бөлшектерін жасауға септігін тигізуде. Бұл құрылғылардың арқасында зауытта еңбек өнімділігі бірнеше рет артып отыр. Атап айтқанда, былтыр кәсіпорын 3 млрд. теңгенің өнімін шығарса, алдағы жылы бұл көрсеткіш 9 млрд. теңгені құрайды деп күтілуде, – деді цехтың жұмысына жоғары бағасын берген Құмар Ақсақалов.
Кәсіпорын жыл соңына дейін 2 млрд. теңгені құрайтын изотермиялық вагондарды шетелге экспорттауды көздеп отыр.

Қанат АТАМАНОВ,  “Soltústіk Qazaqstan”.
Суретті түсірген Виталий ВЛАСЕНКО.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp