Жуырда “Қазақ зағиптар қоғамы” қоғамдық бірлестігінің қалалық филиалына “Даму – Көмек” бағдарламасының аясында “ЮрВест” ЖШС-і заңгерлік компаниясы компьютер және кеңселік тауарлар сатып әперіп, демеушілік көмек көрсетті.
– Бүгінде біздің елімізде мүгедектерге аз көңіл бөлінбейді. Десе де, біздің зағиптар қоғамына, соның ішінде кәсіпкерлік бастамасы бар мүгедектерге көбірек көмек көрсетілсе екен дейміз. Біз “Даму” қорымен көптен бері тығыз байланыстамыз және “Даму – Көмек” бағдарламасы біз үшін демеу беріп отыр. Қоғамымызға көрсеткен демеушілік көмегі үшін “ЮрВест” ЖШС-і компаниясына алғысымызды білдіреміз, – дейді Петропавл қаласының зағиптар қоғамының басшысы Еркебұлан Аманжолов. “ЮрВест” ЖШС-і компаниясының директоры Гүлнара Құсайынованың өз қолымен тапсырған компьютері және кеңсе жабдықтары қоғамның түрлі шараларын ұйымдастыруға және бухгалтерлік есеп жұмыстарын жүргізуге септігін тигізетін болды.
“ЮрВест” ЖШС-і заңгерлік компаниясы облыс тұрғындарына бірнеше жылдан бері кең ауқымды заңгерлік және консалтингтік қызметтер көрсетумен айналысады. Компания “Даму” қорының кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау бағдарламасын жүзеге асыруда оған серіктес болып табылады. “Даму” қорының облыстық филиалы зағиптар қоғамына демеушілік көмек көрсеткені үшін компанияға алғыс хат тапсырды.
Гүлмира ЖАҚЫПОВА,
“Даму” қоры облыстық филиалының менеджері.