
Құсайыновтар отбасы Қызылжарға Ресейдің Омбы облысынан 1963 жылы қоныс аударған. Бұғанасы қатпаған Құрманғали еңбекке ерте араласты. Сол бір шақтың ауыр кезеңдерін ол әлі күнге дейін ұмыта қойған жоқ. Әлбетте, ұмыту мүмкін емес. Көзі тірісінде ұл-қызын ағайындарына аманат еткен әкелері келместің кемесіне мініп, қайтпас сапарға аттанған соң қаршадай балалардың мойнына отбасын асырау міндеті жүктелді. Анасына сүйеу болған олар күндіз белдері жазылмай жұмыс істесе, кешке мектепте білім алды. Көкірегі ояу азамат Құрманғали Сыздықұлы Көкшетау қаласындағы кооператив техникумын тамамдап, адал еңбектің арқасында қатардағы сатушыдан директорға дейін көтерілді. Алайда, тағдырдың қатал сынына тап боламын деп ойлаған жоқ еді. Көз ақауы асқынып, жанарынан айырылды. Бүгінде зағиптар қатарын толықтырған 73 жастағы Құрманғали Құсайынов жалған дүниенің жарығын көрсем деп армандайды. Қазақ зағиптар қоғамынан жұбаныш іздеген осындай тағдыры ауыр жандар аз емес. Жанарынан айырылса да жігері жасымаған, салы суға кетпеген олар еменнің иір бұтағындай қайратты. Дегенмен, өзгенің көмегі мен мейіріміне зәру жандарға қоғамның қолдауы қажет.
Сексен жылдық тарихы бар “Қазақ зағиптар қоғамы” қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалында бүгін 900 адам тіркеуде тұр. Мүмкіндігі шектеулі азаматтар мұнда мәдени шараларға қатысып, шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ, теннис ойнайды. Аталған спорт түрлері бойынша жарыстарда жиі бас қосып, саламатты өмір салтын ұстануға тырысады. Мүмкіндігі шектеулі жандар көркемөнерпаздар сайысына да белсене қатысады.
Қазіргі заман ағымына сай зағип жандар компьютерді, смартфон телефондарды пайдалануды үйренуде. Әрине, мұның бәрі құптарлық жайт. Алайда, оларды алаңдататын басқа да проблемалар аз емес. Бүгінде қоғамның тарапынан оларға қандай көмек көрсетіледі? Өңірімізде зағиптар үшін қолайлы жағдай жасалған ба, деген сауалға жауап іздеп көрген едік. “Қазақ зағиптар қоғамы” қоғамдық бірлестігінің төрайымы Айнагүл Тәшеновамен кездесіп, біраз жайға қанығудың сәті түсті.
– Мемлекеттік ұйымдардан көмекке мамандарды шақырамыз. Олар заң тұрғысынан ақыл-кеңес береді. Өйткені, мұнда келетіндердің көбі өз құқығын білмейді. Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың білім алуына, тұрмыстық мәселелерін шешуге атсалысамыз. Сөйтіп, қолымыздан келгенше көмек көрсетеміз. Жанарынан айырылған жандарға мемлекет қолдау көрсетеді. Оларға телефон, ноутбук, таяқ, оқу және жазу құралдары, браиль әліппесі беріледі, – дей келе Айнагүл Оразбайқызы бұрын қоғамдық бірлестіктің жанында дефектолог кабинеті жұмыс істегенін айтты. Бірақ қазір мүмкіндігі шектеулі жандар бұл маманның көмегіне жүгіну үшін Бескөлдегі оңалту орталығына баруға мәжбүр. Онсыз да жүріп-тұруы қиын зағиптар үшін Бескөлге қатынаудың азабы айтпаса да түсінікті.
Бірлестік жетекшісі бүгінде зағип балалары бар ата-аналардың тығырыққа тіреліп отырғанын жеткізді. Өйткені, біздің өңірде көз жанары суалған балғындарды қоғамға бейімдейтін, оларға білім беретін арнайы мектеп жоқ. Көру қабілеті нашарлаған балалар мен олардың ата-аналарын қинайтын басты мәселе осы. Сондықтан амалы таусылған осындай адамдар аталмыш қоғамнан пана іздейді. Кейбірі өзге өңірлерге, тіпті, көрші елге көшіп кетуге мәжбүр. Еліміздің өзге облыстарында зағип балаларды оқытатын арнайы орталықтардың барын ескерсек, бізде неге осындай мектеп ашылмайды деген орынды сұрақ көкейде қылаң береді. Әрине, мектеп ашу оңай шаруа емес. Оның артында қаншама мәселе бар. Десе де, зағип балалардың ертеңіне алаңдағанымыз жөн емес пе?
– Облыс орталығындағы №44 орта мектепте осы санаттағы балаларға арналған арнайы сынып бар. Бірақ ата-аналардың айтуларынша, онда тиісті жағдай жасалмаған. Өңірімізде көзі көрмейтін сәбилер қатарының көбеюі де алаңдаушылық туғызуда. Мәселен, осыдан екі жыл бұрын облыста екі мыңға жуық адам аталмыш ауруға шалдыққан, соның он пайызын зағип балалар құрайды. Ал тіркеуге алынбағаны қаншама, – деді Айнагүл Тәшенова.
Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің мәліметінше, өңірде 3739 адам көз ауруы бойынша есепте тұрса, соның 475-і жанарынан айырылғандар. Он алты жасқа дейінгі 89 баланың он бірі – су қараңғы. Жалпы облыста мүмкіндігі шектеулі 27 мыңнан астам адам бар. Ал қоғамдық бірлестік төрайымы жер-жерде ашылып жатқан инклюзивті білім беру кабинетімен мәселе шешіле қоймайтынын жеткізді. Өйткені, тірек-қимыл аппараты бұзылған, тілі мүкіс, дамуында ауытқушылығы бар кішкентай науқастардың оқу бағдарламасын зағип балалар қалай игереді? Сұрақ көп, жауап жоқ.
Көзі ашық, көкірегі ояу, қол-аяғы бүтін зағип жандар ел қатарлы табыс тауып, отбасын асырағысы келеді. Алайда, оларды жұмыспен қамтуда бірқатар қиындықтар бар. Мәселен, Қазақ зағиптар қоғамының оқу-өндірістік кәсіпорнының басшысы Шаншар Жекеев мұндағы мыңға жуық адамның 30-ы ғана еңбекпен қамтылғанын айтты. Серіктестіктің өндіріс цехында матрац, көрпе, жастық, қолғап тігіледі. Қазір қоғамдық бірлестіктер арасында бәсеке жоғары. Сондықтан мемлекеттік тапсырыс көлемі азайған. Тіпті, жоқтың қасы. Бірақ бұл кәсіпорынның өнімі сапасыз дегенді білдірмейді.
– Өзіміздің өнімді өткізу үшін қоғамдық бірлестіктер арасында өткізілетін тендерге қатысамыз. Жаңа заң бойынша өндірістік кәсіпорындарда индустриалды сертификат болуы тиіс. Бұл сертификатқа қол жеткізген соң тапсырыс көлемі артады деп ойлаймын. Тиісті мекемелерден тапсырыс қабылдаумен қатар нарыққа да өнімдерімізді шығарудамыз. Шикізат қоры Ресейден жеткізіледі. Жақсы матадан тігілетін төсек-орынның сапасы жоғары, – дей келе ол жақында бұл қоғамның орталық басқармасы сегіз миллион теңгенің қағаз қорабын шығаратын құрылғыны тарту еткенін жеткізді. Жақында өндіріс цехы іске қосылды. Қазір олар тапсырыс қабылдауда. Бұрын мұнда қағаз қорабы шығарылған екен. Сондықтан оларға бұл жұмыс таңсық емес. Жалпы өткен жартыжылдықта кәсіпорын 12 миллион теңгенің өнімін шығарса, былтыр 30 миллион теңге табыс тапқан. Алайда, бұл қаржы қайда жетеді? Сондықтан серіктестік басшысы жергілікті биліктің қолдауына зәру. Олар кәсіпкерлерге берілетін демеуқаржыдан да үмітті. Ал сұраныс пен ұсынысты қамтамасыз ету үшін алдымен аумағы атшаптырым өндіріс цехындағы ескірген станоктарды жаңарту қажет.
– Қазір жұмыс қолғаптары сұранысқа ие. Бірақ оны тоқитын арнайы құрылғы қажет. Егер сондай құрылғы сатып алсақ, көрші облыстардан сұраныс көбейеді. Еуропа елдері целлофан, пакеттерден бас тартты. Алдағы уақытта қағаздан жасалған осындай өнімдерді шығару ойымызда бар, – дей келе Шаншар Серікбайұлы мұнда еңбек ететін мүмкіндігі шектеулі жандардың мардымсыз жалақы алатынын жеткізді. Тапсырысқа байланысты төленетін еңбекақы отыз мың теңгеден аспайды.
Зағип жандарды алаңдататын басқа да мәселелер жетіп артылады. Соның бірі – жолақы билеті. Айтуларынша, оларға қаладағы қоғамдық көліктерде тегін жүру үшін жолақы билеті беріледі. Бірақ іргеде тұрған Бескөлден қалаға қатынауға ол жарамсыз. Петропавл қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары бөлiмiнің мамандары Бескөл – Петропавл бағытында қатынайтын қоғамдық көлікте мүмкіндігі шектеулі жандардың тегін жүру мәселесі қарастырылып жатқанын айтқан еді. Алдағы уақытта бұл мәселе оң шешімін тапса, олардың қуанышында шек болмасы анық.
– Коммуналдық төлемдер мен дәрі-дәрмектің бағасы қымбат. Алған жәрдемақымыздың тең жартысы соған кетеді. Бұрын қазақ зағиптар қоғамының оқу-өндірістік кәсіпорнында слесарь болып жұмыс істедім. Қазір отбасыммен жәрдемақыға күн көріп отырмын, – деді мүмкіндігі шектеулі Берік Шамғанов. Ол рас, кейбір жұмыс берушілер мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа алуға құлықсыз.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ринат Елжасов атап өткендей, бүгінде нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған “Еңбек” мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында жұмыспен қамту шаралары қолға алынуда. Аталмыш бағдарламаға қатысқан 508 адам жұмыспен қамтылды. Соның ішінде 65 адам кәсіпкерлік негіздері бойынша оқу курсына қатысып, 14-і несиеге қол жеткізген. Үстіміздегі жылы 33 адамның шипажайда ем алуына – 6251,1 миллион теңге, 433 балаға 10,8 миллион теңге көлемінде көмек тағайындалғанын айтып өткен жөн. Бұдан басқа денсаулығы сыр берген азаматтарды оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес олар сурдотифлотехникалық, міндетті гигиеналық, протездік-ортопедиялық құралдармен, кресло-арбалармен қамтамасыз етіледі. Десе де, өмірде қиын жағдайға тап болған адамдар қолдау мен мейірімге зәру екенін ұмытпауға тиіспіз.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Soltústik Qazaqstan”.