«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЗАҒИП ЖАНДАРДЫҢ ЖАЙЫ ҚАЛАЙ?

Құсайыновтар отбасы Қызылжарға Ресей­дің Омбы облысынан 1963 жылы қоныс ау­дар­ған. Бұғанасы қатпаған Құрманғали ең­бек­ке ерте араласты. Сол бір шақтың ауыр ке­зеңдерін ол әлі күнге дейін ұмыта қойған жоқ. Әлбетте, ұмыту мүмкін емес. Көзі ті­рі­сінде ұл-қызын ағайындарына аманат еткен әкелері келместің кемесіне мініп, қайтпас са­парға аттанған соң қаршадай балалардың мой­нына отбасын асырау міндеті жүктелді. Анасына сүйеу болған олар күндіз белдері жазылмай жұмыс істесе, кешке мектепте білім алды. Көкірегі ояу азамат Құрманғали Сыз­­дықұлы Көкшетау қаласындағы коопе­ратив техникумын тамамдап, адал еңбектің арқа­сында қатардағы сатушыдан директорға де­йін көтерілді. Алайда, тағдырдың қатал сы­нына тап боламын деп ойлаған жоқ еді. Көз ақауы асқынып, жанарынан айырылды. Бүгін­де зағиптар қатарын толықтырған 73 жастағы Құрманғали Құсайынов жалған дүниенің жарығын көрсем деп армандайды. Қазақ за­ғиптар қоғамынан жұбаныш іздеген осындай тағдыры ауыр жандар аз емес. Жанарынан айырылса да жігері жасымаған, салы суға кет­пеген олар еменнің иір бұтағындай қайратты. Дегенмен, өзгенің көмегі мен мейіріміне зәру жандарға қоғамның қолдауы қажет. 

 

Сексен жылдық тарихы бар “Қазақ зағип­тар қоғамы” қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалында бүгін 900 адам тіркеуде тұр. Мүмкіндігі шектеулі азаматтар мұнда мәдени шараларға қатысып, шахмат, дойбы, тоғызқұ­ма­лақ, теннис ойнайды. Аталған спорт түрлері бойынша жарыстарда жиі бас қосып, сала­матты өмір салтын ұстануға тырысады. Мүм­кіндігі шектеулі жандар көркемөнерпаз­дар сайысына да белсене қатысады.

Қазіргі заман ағымына сай зағип жандар компьютерді, смартфон телефондарды пай­далануды үйренуде. Әрине, мұның бәрі құп­тарлық жайт. Алайда, оларды алаңдата­тын басқа да проблемалар аз емес. Бүгінде қо­ғам­­ның тарапынан оларға қандай көмек көр­се­тіледі? Өңірімізде зағиптар үшін қолайлы жағдай жасалған ба, деген сауалға жауап іздеп көрген едік. “Қазақ зағиптар қоғамы” қоғамдық бірлестігінің төрайымы Айнагүл Тәшеновамен кездесіп, біраз жайға қанығудың сәті түсті.
– Мемлекеттік ұйымдардан көмекке ма­ман­­дарды шақырамыз. Олар заң тұрғысынан ақыл-кеңес береді. Өйткені, мұнда келетін­дер­дің көбі өз құқығын білмейді. Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың білім алуына, тұр­мыс­­тық мәселелерін шешуге атсалысамыз. Сөй­тіп, қолымыздан келгенше көмек көрсетеміз. Жанарынан айырылған жандарға мем­лекет қолдау көрсетеді. Оларға телефон, ноут­бук, таяқ, оқу және жазу құралдары, браиль әліп­песі беріледі, – дей келе Айнагүл Оразбай­қызы бұрын қоғамдық бірлестіктің жанында дефектолог кабинеті жұмыс істеге­нін айтты. Бірақ қазір мүмкіндігі шектеулі жан­дар бұл маман­ның көмегіне жүгіну үшін Бес­көлдегі оңалту орталығына баруға мәжбүр. Онсыз да жүріп-тұруы қиын зағиптар үшін Бес­көлге қатынау­дың азабы айтпаса да түсінікті.
Бірлестік жетекшісі бүгін­де зағип балала­ры бар ата-аналардың тығы­рыққа тіреліп отырғанын жеткізді. Өйткені, біздің өңірде көз жанары суалған балғындарды қоғамға бейім­дейтін, оларға білім беретін арнайы мектеп жоқ. Көру қабілеті нашарлаған балалар мен олардың ата-аналарын қинайтын басты мә­селе осы. Сондықтан амалы таусылған осын­дай адамдар аталмыш қоғамнан пана іздей­ді. Кейбірі өзге өңірлерге, тіпті, көрші елге көшіп кетуге мәжбүр. Еліміздің өзге облыс­тарында зағип балаларды оқытатын арнайы орталықтардың барын ескерсек, бізде неге осындай мектеп ашылмайды деген орынды сұрақ көкейде қылаң береді. Әрине, мектеп ашу оңай шаруа емес. Оның артында қанша­ма мәселе бар. Десе де, зағип балалардың ертеңіне алаңдағанымыз жөн емес пе?
– Облыс орталығындағы №44 орта мектеп­те осы санаттағы балаларға арналған арнайы сынып бар. Бірақ ата-аналардың айтуларын­ша, онда тиісті жағдай жасалмаған. Өңіріміз­де көзі көрмейтін сәбилер қатарының көбеюі де алаңдаушылық туғызуда. Мәселен, осы­дан екі жыл бұрын облыста екі мыңға жуық адам атал­мыш ауруға шалдыққан, соның он пайы­зын зағип балалар құрайды. Ал тіркеуге алын­бағаны қаншама, – деді Айнагүл Тә­шенова.
Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің мәліметінше, өңір­де 3739 адам көз ауруы бойынша есепте тұрса, соның 475-і жанарынан айы­рылған­дар. Он алты жасқа дейінгі 89 баланың он бірі – су қараңғы. Жалпы облыста мүмкіндігі шек­теулі 27 мыңнан астам адам бар. Ал қоғамдық бірлестік төрайымы жер-жерде ашы­лып жат­қан инклюзивті білім беру кабинетімен мәселе шешіле қоймайтынын жеткізді. Өйткені, тірек-қимыл аппараты бұзылған, тілі мү­кіс, дамуын­да ауытқушылығы бар кішкентай науқастар­дың оқу бағдарламасын зағип балалар қалай игереді? Сұрақ көп, жауап жоқ.
Көзі ашық, көкірегі ояу, қол-аяғы бүтін зағип жандар ел қатарлы табыс тауып, отба­сын асырағысы келеді. Алайда, оларды жұ­мыс­пен қамтуда бірқатар қиындықтар бар. Мәселен, Қазақ зағиптар қоғамының оқу-өн­ді­­рістік кәсіпорнының басшысы Шаншар Жекеев мұндағы мыңға жуық адамның 30-ы ғана еңбекпен қамтылғанын айтты. Се­рік­тестіктің өндіріс цехында матрац, көрпе, жас­тық, қолғап тігіледі. Қазір қоғамдық бір­лес­тіктер арасында бәсеке жоғары. Сон­дықтан мемлекеттік тапсырыс көлемі азайған. Тіпті, жоқтың қасы. Бірақ бұл кәсіпорынның өнімі сапасыз дегенді білдірмейді.
– Өзіміздің өнімді өткізу үшін қоғамдық бірлестіктер арасында өткізілетін тендерге қатысамыз. Жаңа заң бойынша өндірістік кәсіпорындарда индустриалды сертификат болуы тиіс. Бұл сертификатқа қол жеткізген соң тапсырыс көлемі артады деп ойлаймын. Тиісті мекемелерден тапсырыс қабылдаумен қатар нарыққа да өнімдерімізді шығаруда­мыз. Шикізат қоры Ресейден жеткізіледі. Жақ­сы матадан тігілетін төсек-орынның сапасы жоғары, – дей келе ол жақында бұл қоғамның орталық басқармасы сегіз миллион теңгенің қағаз қорабын шығаратын құрылғыны тарту еткенін жеткізді. Жақында өндіріс цехы іске қосылды. Қазір олар тапсырыс қабылдау­да. Бұрын мұнда қағаз қорабы шығарылған екен. Сондықтан оларға бұл жұмыс таңсық емес. Жалпы өткен жартыжылдықта кәсіп­орын 12 миллион теңгенің өнімін шығарса, былтыр 30 миллион теңге табыс тапқан. Алайда, бұл қаржы қайда жетеді? Сондықтан серіктестік басшысы жергілікті биліктің қолдауына зәру. Олар кәсіпкерлерге берілетін демеуқаржы­дан да үмітті. Ал сұраныс пен ұсынысты қам­та­масыз ету үшін алдымен ау­мағы атшап­тырым өндіріс цехындағы ескірген станок­тарды жаңарту қажет.
– Қазір жұмыс қолғаптары сұранысқа ие. Бі­рақ оны тоқитын арнайы құрылғы қажет. Егер сондай құрылғы сатып алсақ, көрші об­лыстардан сұраныс көбейеді. Еуропа елдері целлофан, пакеттерден бас тартты. Алдағы уа­­қыт­та қағаздан жасалған осындай өнімдер­ді шығару ойымызда бар, – дей келе Шаншар Серікбайұлы мұнда еңбек ететін мүмкіндігі шектеулі жан­дардың мардымсыз жалақы алатынын жет­кізді. Тапсырысқа байланысты т­ө­ленетін ең­бекақы отыз мың теңгеден аспайды.
Зағип жандарды алаңдататын басқа да мә­селелер жетіп артылады. Соның бірі – жолақы билеті. Айтуларынша, оларға қаладағы қоғам­дық көліктерде тегін жүру үшін жолақы билеті беріледі. Бірақ іргеде тұрған Бескөлден қалаға қатынауға ол жарамсыз. Петропавл қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашы­лығы, жо­лаушылар көлiгi және автомобиль жолдары бөлiмiнің мамандары Бескөл – Петропавл ба­ғы­тында қатынайтын қоғамдық көлікте мүм­кін­дігі шектеулі жандардың тегін жүру мәсе­лесі қарастырылып жатқанын айт­қан еді. Ал­дағы уақытта бұл мәселе оң шеші­мін тапса, олардың қуанышында шек бол­масы анық.
– Коммуналдық төлемдер мен дәрі-дәр­­мектің бағасы қымбат. Алған жәрдемақымыздың тең жартысы соған кетеді. Бұрын қазақ зағиптар қоғамының оқу-өндірістік кәсіпорнында слесарь болып жұмыс істедім. Қазір отбасыммен жәрдемақыға күн көріп отырмын, – деді мүмкіндігі шектеулі Бе­рік Шамғанов. Ол рас, кейбір жұмыс беру­шілер мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа алуға құлықсыз.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ринат Елжа­сов атап өткендей, бүгінде нәтижелі жұмыс­пен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті да­мытудың 2017-2021 жылдарға арналған “Ең­бек” мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асы­ру аясында жұмыспен қамту шаралары қолға алынуда. Аталмыш бағдарламаға қатысқан 508 адам жұмыспен қамтылды. Соның ішінде 65 адам кәсіпкерлік негіздері бойынша оқу кур­сына қатысып, 14-і несиеге қол жет­кізген. Үсті­міздегі жылы 33 адамның шипа­жайда ем алуы­на – 6251,1 миллион теңге, 433 балаға 10,8 миллион теңге көлемінде көмек та­ғайын­дал­ғанын айтып өткен жөн. Бұдан басқа ден­сау­лы­ғы сыр берген азаматтарды оңал­тудың же­ке бағдарламасына сәйкес олар сурдоти­ф­лотехникалық, міндетті гигиена­лық, про­тездік-ортопедиялық құралдармен, кресло-ар­­балармен қамтамасыз етіледі. Десе де, өмір­де қиын жағдайға тап болған адам­дар қол­дау мен мейірімге зәру екенін ұмытпауға тиіспіз.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Soltústik Qazaqstan”.  

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp