«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЗАҢДАСТЫРУШЫЛАР ҚАТАРЫ КӨП

Заңсыз мүлікті жария ету заңдастырылған капиталды ел экономикасына тартудың маңызды шарасы екенін тәжірибе көрсетіп отыр.

2014 жылғы 1 қыркүйектен басталған заңсыз мүлікті жария ету шарасы биылғы жылдың 31 желтоқсанында аяқталатыны мәлім. Біз аталмыш акция төңірегінде Петропавл қалалық әкімдігі жанындағы жылжымайтын мүлікті заңдастыру комиссиясының хатшысы Қанат Барқытовпен сұхбаттасқан едік.

– Қанат Абайұлы, елімізде заңсыз мүліктерді заңдастырудың бірнеше толқыны өткені белгілі. Оқырмандарға түсінікті болу үшін оларға қысқаша сипаттама жасай кетсеңіз?

– «Қазақстан Республикасының азаматтарына олардың қаражатын заңдастыруға орай рақымшылық жасау туралы» Заң аясында алғашқы заңдастыру 2001 жылы жүргізілді. Нәтижесінде үш мыңға жуық адамның жарты миллиард долларға жақын қаражаттары заңдастырылып, заңдастырушы тұлғалардың тиісті жауапкершілікке тартылмайтыны кепілдендірілді. 2006-2007 жылдары екінші рақымшылық акциясы ұйымдастырылды. Оның ерекшелігі сол, жария етуде тек ақша ғана емес, сонымен бірге жылжымайтын және жылжитын мүліктерді де заңдастыру қамтылды. Осыған байланысты оның мерзімі ұзартылып, бір жылдан астам уақытқа созылды. «Мүлікті заңдастыру бойынша рақымшылық жасау туралы» заң нормаларына сәйкес меншікті дүниесін заңдастыратын азаматтар мен заңды тұлғалар жекелеген қылмыс жасағаны, әкімшілік құқық бұзушылығы және тәртіп бұзғаны үшін жауапкершіліктен босатылды. 844,7 миллиард теңгенің мүлкі заңдастырылып, республикалық қазынаға 59,6 миллиард теңге салық түсті.

Бір сөзбен айтқанда, мұндай шаралар «көлеңкелі» экономикаға қарсы бағытталған күрес шараларын күшейте отырып, жария етілген капиталды қаржылық айналымға тартуды көздейді.

– Енді заңдастыру қағидаттары жергілікті жерде қалай атқарылып жатқанына тоқталсаңыз?

– «ҚР азаматтарына, оралмандарға және Қазақстан Республикасында тұруға ықтияр хаты бар тұлғаларға мүлікті жария етуіне байланысты рақымшылық жасау туралы» Заңда жария етілетін мүлік пен қаражатты заңды түрде экономикалық айналымға енгізу үрдісінде Қазақстан әлемдік тәжірибеге сүйеніп келеді. Парламент мақұлдаған заң бойынша азаматтар адамгершілікке және халықтың денсаулығына, қоғамдық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікке, жеке мүлікке, мемлекеттің қауіпсіздігі мен конституциялық құрылым негіздеріне, бейбітшілік пен адамзат қауіпсіздігіне, отбасы мен жасөспірімдерге, жеке тұлғаларға қарсы жасалған қылмыстардан басқа жағдайда мүлкін заңдастыру кезінде қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылады. Бүгінге дейін облыста жалпы сомасы 2 миллиард 447 миллион 337 мың теңгенің 449 жылжымайтын мүлігін рәсімдеу жөнінде өтініш түсті. Оның жартысына жуығы – Петропавл қаласына тиесілі.

– Мүліктерді рәсімдеудегі адамдардың белсенділігі қалай?

– Жан-жақты жүргізілген үгіт-насихат шараларының арқасында жария ету нысандарына ақша, бағалы қағаздар, заңды тұлғаның жарғы капиталына қатысу үлесі, басқа адамға рәсімделген жылжымайтын мүліктер, ел аумағындағы тұрғын үйлер мен Қазақстан аймағынан тыс жерлерде орналасқан жылжымайтын мүліктің жататынын петропавлдықтар жақсы біледі. Қала бойынша бір миллиардқа жуық теңгенің мүлкі заңдастырылды. Олардың арасында жарты миллиард теңгенің 107 тұрғын үй және тұрғын үй емес нысандар бар. Қалалықтардың коммерциялық бағыттағы, тұрғын үй мақсаттағы ғимараттарды заңдастыруға деген ынтасы жоғары. Қазір 119 өтініш қаралу үстінде.

– Жұртшылық тарапынан ескерілмей жатқан мәселелер бар ма?

– Жасыратыны жоқ, өтініш-тілектері кейін қайтарылғандардың арасында заң талаптарын білмеушілік жағдайлары кездеседі. Мысалы, бір азаматша 2014 жылдың аяғында салынған сауда орнын рәсімдеуді өтініпті. Шын мәнінде 1 қыркүйекке дейінгі заңсыз мүліктер ғана жария етілетінін ескермеген. Тағы бір азамат жер телімдерінің рәсімдеуге болмайтынынан хабарсыз болып шықты. Сондай-ақ, өтініш берушілердің арасында заңға сәйкес құрылыс нысандары және құрылымдары жоқ өз бетімен басып алынған жерлер мен жер телімдерін, онда салынған ғимараттар мен қондырғыларды заңдастыруды хош көргендері де жоқ емес. Міне, осындай себептердің салдарынан 90 арызды қанағаттандырудан бас тартуға тура келді.

Сөз арасында 2017 жылдан бастап Қазақстанда жалпыға ортақ декларация тапсыру қолданысқа енетіндіктен, аталмыш шара азаматтарға мүліктерін заңдастырып алуға үлкен мүмкіндік берумен қатар, ел экономикасына серпін тудыратынын айта кеткен жөн.

– Ал шетелдегі қаражатын заңдастыруға ниетті жерлестеріміз бар ма?

– Әзірге екеу ғана. Бұл шара екінші деңгейлі банктердің арнайы депозиттік шоттарына ақша аудару арқылы жүргізілетінін еске салғым келеді. Бір айта кететіні, заңдастырылатын қаржы арнайы депозиттік шотта бірнеше жыл тұруы тиіс. Бұл ретте нарықтық мөлшерлеме бойынша сыйақылар төленетінін ұмытпаған жөн. Егер банктердің арнайы депозиттік шоттарындағы ақшаны мерзімінен бұрын алған жағдайда заңдастыру үшін он пайыз мөлшерінде төлем алынады. Бұған қоса, заңдастырған ақшаға жекешелендірудің екінші толқынында нысандар сатып алсаңыз, экономикаға инвестиция салғаныңыз үшін төлем алынбайды. Егер азаматтар жоғарыда аталған инвестициялық тетіктерді пайдаланғысы келмесе, заңдастырылатын қаржының он пайызы мөлшерінде алым төлеп, өз ақшасын өзі басқаруға құқылы.

Мемлекеттің жасап отырған осындай қолайлы мүмкіндіктерін солтүстікқазақстандықтардың да қалт жібермейтініне сенімдімін.

Әңгімелескен

Өмір ШАЛАБАЙҰЛЫ,

«Солтүстік Қазақстан».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp