Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыстық департаментінің мамандары мемлекеттік қызмет туралы заңнамаға енгізілген өзгерістерді түсіндіруге қатысты жұмыстарды жалғастыруда. Биылғы жылдың басынан бері осы мақсатта 46 мемлекеттік орган мен ұйым қызметкерлерін қамтыған семинарлар ұйымдастырылды.
Ақпан айында департамент мамандары жеті мемлекеттік органда болды. Олардың қатарында облыстық кәсіпкерлік, туризм, білім, экономика, мәдениет басқармалары, сонымен қатар екі квазимемлекеттік сектор – “Қазпошта” және “ҚазАгроҚаржы” АҚ-ның облыстық филиалдары бар. Басшыларға өз ұжымында қызметтік лауазымын асыра пайдаланғандары үшін жауапкершілік жүктелетінін ескертіп, мұндай жағдай анықталғанда қалай әрекет ету керектігі түсіндірілді. Яғни, қолданыстағы заңның талаптарына сәйкес қарамағындағы қызметкерлері сыбайлас жемқорлық әрекеті үшін жауапқа тартылған жағдайда басшысы қызметтен кетуі тиіс. Ал әкімшілік басқару қызметіндегілерге қарамағындағы маманның мұндай әрекеті үшін тәртіптік жаза қолданылады. Алайда, жазаның бұл түрі жаңа заң қабылданғаннан, яғни 2019 жылғы 10 желтоқсаннан кейін орын алған жағдайларға қатысты қолданылады.
Сонымен қатар уәкілетті орган мамандары мемлекеттік қызметке қабылдау үрдісіне де өзгерістер енгізіліп, меритократия қағидасы бекітілгені, конкурстан тыс әкімшілік мемлекеттік қызметке қабылдануға құқылы азаматтардың аясы кеңейгені жайлы ақпарат беріп, Әдеп кодексінің талаптарын түсіндірді.
Қайрат САДЫҚОВ,
Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыстық департаментінің
баспасөз хатшысы.