«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЗАҢНАМАДАҒЫ ӨЗГЕРІСТЕР

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында әділет органдарының жұмысына қатысты заңнамадағы өзгерістер туралы сөз болды. Жаңашылдықтардың жай-жапсары туралы облыстық әділет департаментінің басшысы Айдос Тоғызбаев баяндады.

Бүгінде әділет департаменті азаматтарға мемлекеттік қызметтің 12 түрін ұсынуда. Былтыр мұндағы мамандар өңір тұрғындарына 1200-ден астам қызмет көрсеткен. Аталған қызметтерді қолжетімді ету үшін департамент ғимаратында өз-өзіне қызмет көрсету орталығы ашылыпты. Онда қашықтан кеңес беру мүмкіндігі де қарастырылған.

Былтыр Әділет министрлігі мен республикалық жеке сот орындаушыларының бірлесуімен «Сот орындаушы роботы» жобасы жүзеге асырылған. Жоба қарыздарды қайтаруды автоматтандырып, сот орындаушылардың жұмысын жеңілдетеді. Робот борышкерге хабарламаларды өзі жолдап, оның жеткізілуі мен оқылуын бақылайды. Егер бұрын борышкердің барлық шоттары бұғатталса, робот тек бір шоттың жұмысын ғана шектейді. Бұдан бөлек, төлем жасаудың онлайн тәсілі де енгізілген.

– Бұрын қарызы барлар сот орындаушысына айыппұлдың 25 пайызы көлемінде ақы төлейтін. Қазір қарызын онлайн төлегендерге түбіртек алып, оны орындаушыға берудің керегі жоқ. Бұрын төлем жасалғаннан кейін іс тоқтатылмай, хат-хабардың ақысы борышкерге жүктеліп жататын кездер болса, автоматты жүйенің енгізілуі мұндай кемшіліктерді болдырмайды, – деді департамент басшысы Айдос Тоғызбаев.

Аталған саладағы тағы бір жаңашылдық – «Е-Заң көмегі» жобасы. Жоба аясында азаматтық, қылмыстық істер бойынша заң кеңестерін беру оңтайландырылды. Мысалы бүгінде қылмыстық істерді тергеу кезінде кепілдендірілген заң көмегін көрсететін адвокаттар арнайы жүйе бойынша шақырылады. Күдіктіге қандай адвокат бекітілетінін компьютер өзі анықтайды.

Диас АЯҒАН,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp