«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЗАҢНАМАЛАРДАҒЫ ӨЗГЕРІСТЕР МЕН ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР

М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде өткен ғылыми-тәжірибелік конференцияда үстіміздегі жылы қолданысқа енген Кодекстердің жүзеге асырылу барысы талқыланды. Конференция жұмысына облыс әкімінің орынбасары Анархан Дүйсенова, елімізге танымал заңгерлер мен ғылым қайраткерлері қатысты.

Облыстық ішкі істер департаментінің бастығы Берік Біләловтің айтуынша, жаңа қылмыстық және қылмыстық іс жүргізу заңнамалары аясында қоғам мүшелерінің адал еңбек етуіне, азаматтардың құқығының талапқа сай қор­ғалуына, сөйтіп қылмысты ізгі­лен­діруге жол ашу барлық құқық қорғау органдарының басты міндеті болып қала бермек.

Жиында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Анархан Дүйсенова:

– Республикамыздың белгілі заңгерлерінің қатысуымен өткізіліп жатқан бүгінгі конференция бірқатар өзекті мәселелердің шешімін тауып, құқық қорғау органдарының қызметін одан әрі жетілдіруге ықпал етеді деген сенімдемін, – деді.

Ішкі істер министрлігінің тергеу департаменті бастығының орынбасары Рахмаджан Досанов құқықтық реформаны түсіндіру бойынша министрлікте атқарылған жұмыстарға тоқтала келе, жаңа Қылмыстық іс жүргізу кодексінің тиімділігін статистикалық деректермен дәйектеді.

Қазақ мемлекеттік заң университеті қылмыстық іс жүргізуді зерттеу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес ғылыми-зерттеу институтының директоры Марат Қоғамов мамыр айында Қылмыстық, Қылмыстық процессуалдық және қылмыстық атқару кодекстеріне тағы да өзгерістер мен толықтырулар енгізілетінін айтты. Заңнамаларды жетілдіруге қатысты ұсыныстарымен бөліскен Марат Қоғамов: “Мәселен, Қылмыстық процессуалды кодекске медиация және азаптау тәсілдерін қолдану бойынша толықтырулар енгізу керек. Аталмыш мәселелер Кодексте ашық көрсетілмеген. Тергеу судьясының мәртебесін арттыру, ынтымақтастық туралы келісім жасау жайлы бап та жетілдіруді қажет етеді”, – деді. Заңгер сотқа дейінгі тергеу уақытын уақытша тоқтату мәселесін де қайта қарау керектігін жеткізді.

Конференцияда Әділет министрлігі сот сараптамасы орталығының директоры Исидор Борчашвили, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы адам құқығы жөніндегі комиссияның сараптама кеңесі басшысының орынбасары Марат Бәшімов жаңа Қылмыстық кодекстегі өзекті мәселелер, адам құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге байланысты өз ойларын ортаға салды.

Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp