Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің облыстық департаменті жанындағы әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысында жеті мәселе қаралды. Департамент басшысы – әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Ғалым Тұрсынбаевтың қатысуымен өткен отырыс барысында Қызылжар ауданының әкімі Болат Жұмабеков жергілікті атқарушы органдардағы қызметтік тәртіпті күшейту, сыбайлас жемқорлықтың және мемлекеттік қызметке кір келтіретін теріс қылықтардың алдын алу шаралары жөнінде баяндады. Кеңес мүшелері аудан әкіміне орын алған олқылықтарды ескере отырып, мемлекеттік қызметшілердің құқықтық сауатын арттыру және еліміздің қолданыстағы заңнамалары талаптарын мінсіз сақтау жөнінде ұсыныс жасады.
Сондай-ақ, облыстық денсаулық сақтау басқармасының қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген сыртқы талдаудың нәтижесі баяндалып, мемлекеттік органдардағы тәртіптік комиссиялардың екінші тоқсанда атқарған жұмысы қорытындыланды.
Әдеп жөніндегі кеңестің отырысы барысында тәртіптік істер де қаралды. Мәселен, өтініш берушінің құқығын және жауап қайтару мерзімін бұзған Қызылжар аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Дина Садықоваға кеңес мүшелері мемлекеттік қызметке кір келтірген теріс қылығы және Әдеп кодексінің талаптарын бұзғаны үшін бірауыздан атқарып отырған лауазымына толық сай еместігі туралы тәртіптік жаза тағайындады. Әдеп нормалары мен өзін-өзі ұстау тәртібін бұзған, яғни қызметтік автокөлікті жеке мақсатта пайдаланған Тимирязев ауданы әкімі аппаратының басшысы Азамат Жүсіповке сөгіс жарияланды. Ал Мағжан Жұмабаев ауданындағы Молодежный ауылдық округінің әкімі Нұрсұлтан Шаяхметов азаматтармен қарым-қатынаста әдепсіздік танытқаны үшін кеңес мүшелері тарапынан ескерту алды. Мамлют ауданының Дубровное ауылдық округінің әкімі Бақыт Жүсіповаға қатысты жер телімдерін беру туралы шешім қабылдау жөніндегі фактінің мән-жайын анықтаған кеңес мүшелері тәртіптік істі тоқтату туралы шешім қабылдады.
Жан АЙТМАҒАНБЕТОВ,
Мемлекеттік қызмет істері министрлігі
Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің баспасөз хатшысы.