«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЗАҢНЫҢ ҮСТЕМДІГІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ЖОЛЫНДА

Қазіргі таңда еліміздің сот қоғамдастығы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған “100 нақты қадам” бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында белсенді түрде іс-шаралар өткізуде. Жалпы алғанда, бұл бағдарлама сот жүйесін әрі қарай заман талабына сай реформалау мақсатын көздеген бұлжымас бағыт-бағдар болып табылады. Сондықтан біз, судьялар, Мемлекет басшысы айқындаған жаңа өзгерістерді жүзеге асыру мақсатында барынша күш салып, қолдау көрсетіп, аянбай атсалысуымыз қажет. Өйткені, бұл бағдарлама, ең алдымен, халыққа сот төрелігін атқару барысында әрі сапалы, әрі уақтылы қызмет көрсетуге бағытталған.

Сот төрелігін атқару барысында барлық сот отырыстарын бейнежазба құралын қолданып өткізудің ең басты пайдасы – сотқа қатысушылардың судьяның отырысты процессуалдық заңға сәйкес өткізгеніне күмән туғызбайтындығында. Бұл орайда соңғы бірнеше жыл ішінде облысымыздың барлық аудандық және оған теңестірілген соттары дыбыс және бейнежазба құралдарымен толық жабдықталған. Әрине, бұл сотқа қатысушылардың сот хаттамасымен танысуын жеңілдетеді және оның дұрыстығына кепіл болады.

Заңның үстемдігін қамтамасыз ету жолындағы негізгі қадамның бірі – адамның және азаматтардың конституциялық құқығын шектейтін барлық тергеу қызметі жөніндегі өкілеттікті тергеу судьясына біртіндеп беруді қамтамасыз ету арқылы сотта айыптаушы және қорғаушы арасындағы теңгерімді қамтамасыз ету.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 54-бабына сәйкес тергеу судьясы қылмыстық іс жүргізу барысында адам құқығы мен оның мүдделерін қорғау мақсатында сотта қадағалауды жүзеге асырады деп көрсетілген. Осы мақсатта барлық аудандық және оған теңестірілген соттарда үстіміздегі жылдың басынан бері тергеу судьялары қызметтерін атқаруға кіріскен болатын. Сонымен бірге, тергеу судьяларына заңда көрсетілген қамауға алу, бостандығын шектеу, қызметтен уақытша алыстату, жақындауға тыйым салу, мүлкіне тыйым салу және тағы басқа ықпалшара қолдану құқығы берілген.

Бүгінгі күнде соттар өздеріне заңмен жүктелген міндеттерін толық орындауда, мұның дәлелі ретінде 2015 жылдың бірінші жартысында облысымызда тергеу судьяларының тергеу қызметі жөніндегі шығарған қаулыларының келтірілген шағымдар бойынша апелляциялық түрде күшінде қалғанын айтуға болады. Тергеу судьясының жұмысын одан әрі жақсарту бағытында облыстық соттың оқу орталығы үнемі семинарлар өткізіп тұрады.

Статистикалық деректерге жүгінетін болсақ, 2015 жылдың бірінші жартыжылдығында облысымыздың тергеу судьялары тергеу органдарының 289 ұсынысын қараған. Ұсыныстардың көпшілігі қамауға алу және қамауға алу мерзімін ұзартуға байланысты. Аталған ұсыныстарды қарау барысында сот отырысы міндетті түрде күдіктінің қатысуымен және сот отырысы хаттамасын толтыру арқылы өтеді. Яғни, күдікті тұлғаның құқығы толығымен сақталады.

Аталмыш тергеу амалы тергеу судьясына заңда көрсетілген себептердің ішіндегі “тергеу органдарынан жалтаруы немесе тергеуге теріс әсерін тигізу мүмкіндігі” себептерімен басым болып, күдіктіге ақшалай немесе мүлік кепілдігі түрін қолдану мүмкіншілігін бермейді. Сондықтан тергеу органдары қамауға алу ұсынысында тек қана жоғарыда көрсетілген себептерге құр сілтеме жасамай, күдіктінің қандай әрекеттері оған негіз болғандығын дәлелдеуі керек.

Қолданыстағы қылмыстық заңнамада көрсетілген азаматтардың құқығын шектейтін тергеу қызметі жөніндегі өкілеттіктің көбі әлі күнге дейін айыптау органының құзырында екені рас. Сондықтан азаматтардың конституциялық құқығын шектейтін барлық тергеу өкілеттігін тергеу судьясына беру мәселесі дұрыс басталған құқықтық саясаттың қисынды жалғасы болып саналады.

Асламбек МЕРҒАЛИЕВ, облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі сот

алқасының төрағасы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp