
5-31 қазан аралығында облыс аумағында «Браконьер» жедел-алдын алу шарасы өтті. Оның барысында 18 қылмыстық іс қозғалды. Оның төртеуі артемия салина (қызыл) шаянын заңсыз аулауға қатысты. Қызыл шаянды негізінен косметология мен фармакологияда қолданады. Бір айдың ішінде браконьерлерден 5,5 тонна су жәндігі алынды. Олардың мемлекетке қанша шығын әкелгені есептеліп жатыр.
-Қызыл шаянды заңсыз аулаудың үш дерегі Тайынша ауданында, біреуі Жамбыл ауданында тіркелді. Облыстағы артемия салина кездесетін барлық тұзды көлдер жалға берілген. Ол жерде жәндікті аулауға рұқсат етілген. Бірақ жалданып жұмыс істейтіндердің кейбірі ауланған шаянның бір бөлігін тығып алып қалады. Көл басынан тиісті құжатсыз шығармақ болғандар ұсталды. Олар енді 160 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлеулері мүмкін, — дейді облыстық жергілікті полиция қызметі басқармасы табиғатты қорғау тобының аға инспекторы Асқат Қожабаев.
Бір айдың ішінде әкімшілік жауапкершілікке 176 адам тартылса, соның 127-сі — аң аулау тәртібін бұзғандар. 24 тұрғын заңсыз балық ауласа, 15-і қару-жарақты, оқ-дәріні сатып алу, пайдалану сақтау немесе тасымалдау тәртібін бұзған.
«Браконьер» жедел-алдына алу шарасы барысында қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтамайтындар, қайықты пайдаланатын балықшылардың құтқару кеудешесін кимейтіні, аңшылардың қаруларын алдын ала оқтап шығуы анықталды. Сондай-ақ аңшылардың табиғат аясында спирттік ішімдік ішу фактілері тіркелді.Рейдтік шаралар болашақта да жүйелі түрде өткізіліп тұрмақ.
Нұрбек БАЕКИН,
облыстық полиция департаменті
баспасөз қызметінің бас маманы.