
Жыл басынан бері өңірімізде 1500 еңбек мигранты тіркелді. Жұмыс іздеп келгендердің дені – Өзбекстан, Әзірбайжан және Тәжікстан елінің азаматтары.
Десек те, олар екі айлық есептік көрсеткіш көлемінде баж салығын төлеп, заңды түрде еңбек етудің орнына жасырынып жүріп жұмыс істеуге бейім. Алайда, заңды елемегендер кейін тұтылып, 25 АЕК көлемінде айыппұл төлейді, не болмаса әкімшілік қамауға алынады, елден шығарылады. Заңсыз еңбек күшін тартқаны үшін жұмыс берушілер де жауапкершілікке тартылады. Егер осындай заңсыздыққа жеке тұлғалар барса, онда оларға 30 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Ал заңды тұлғалар 50 АЕК көлемінде айыппұл төлейді. Мәселен, Шал ақын ауданында құрылыста еңбек етіп жүрген Өзбекстан елінің 48 жастағы азаматы бір тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Ал арзан еңбек күшін тартқан жұмыс берушіге 30 АЕК көлемінде айыппұл салынды.
Жалпы жыл басынан бері өңірімізде заңсыз еңбек еткені үшін 160 шетелдік пен оларды жұмысқа қабылдаған 56 қазақстандық жауапкершілікке тартылыпты.