Облыстық әкімдікте өңір басшысы Ерік Сұлтановтың төрағалығымен өткен кезекті аппараттық кеңесте елді мекендерді тұрақты автобус қатынасымен қамтамасыз ету бойынша атқарылып жатқан жұмыстың барысы қарастырылды.
Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бейбіт Исманов өз сөзінде Петропавл сапаржайы арқылы автобустар 220 бағытта жолға шығатынын тілге тиек етті. Бүгінде өңіріміздегі елдi мекендердің 93,6 пайызы тұрақты автобус қатынасымен қамтамасыз етiлсе, 42 ауылда бұл мәселе әлі де шешімін таппаған. Жолаушылар тасымалымен айналысатын фирмалар бұл ауылдарға автобус бағытын ашуға ниет танытпауда. Себебі, ауылдардың үштен бiрiнде тұрғындар саны 50 адамнан аспайтын болса, әр үшінші үйде жеке автокөлік бар. Демек, ондай елді мекендерге арнайы бағыттар ашу тиiмсiз.
Басшының айтуынша, аталмыш елдi мекендердi қоғамдық көлікпен қамтамасыз ету үшiн қосымша қаражат қажет. Осыған орай, өткен жылы әлеуметтiк маңызы бар ауданiшiлiк бағыттар бойынша қатынайтын жолаушы тасымалдаушылардың шығындарын өтеуге аудандық бюджеттерден 11 млн. 206 мың теңге бөлiнген.
Соңғы жылдары жолаушы тасымалымен заңды түрде айналысатын ұйымдардың қызметінде шешімін таппай жатқан басқа да өзекті мәселелер жетерлік. Мәселен, такси және автобус парктерінің басшылары көптен бері жекеменшік таксистер тарапынан орын алған заңсыздықтарға шағымданып келеді.
– 2014-2015 жылдары облысымызда автокөлік паркінің артуы салдарынан заңсыз такси жүргізушілерінің саны өсті. Жеке тасымалдаушылар клиент тарту үшін бағаны түсіріп, көптеген бағытқа қатынайтын компанияларды табыстан қағып отыр, – деді Бейбіт Исманов.
Шығынға батқан мекеме басшылары көп жағдайда істерін тоқтатуға мәжбүр болуда. Мәселені шешу мақсатында қалалық әкімдік үстіміздегі жылы сапаржай маңында ақылы автотұрақ ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Бұл шешім өз кезегінде заңсыз жолаушылар тасымалымен айналысатын таксилер санын қадағалауға, қажет болған жағдайда шара қолдануға мүмкіндік бермек.
Осы орайда облыс әкімі Ерік Сұлтанов қала әкімі Марат Тасмағанбетовке бұл жұмысты үстіміздегі жылдың мамыр айына дейін аяқтауды тапсырды.
Аудандардағы ауылдық округтерді оптикалық-талшықты байланыспен қамтамасыз ету жоспары жайында “Қазақтелеком” АҚ филиалының бас директоры Әлiм Шүкенов баяндады.
Қазіргі уақытта өңіріміздің ауылдарын жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізілуде. Үстiмiздегi жылы облыстың 60 ауылына оптикалық-талшықты кабельдер тартылатын болса, 2020 жылға дейiн 200-ден астам ауыл осындай сапалы байланыспен қамтамасыз етіледі деп жоспарланған. Сөйтіп, облыс орталығынан шалғай орналасқан ауыл тұрғындары да жоғары жылдамдықты интернетті, интерактивті теледидар мен жаңа үлгідегі телефон қызметтеріне қол жеткізбек.
Облыс әкімдігінің
баспасөз қызметі.