«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЗАҢСЫЗ ТЕКСЕРІС ТЫЙЫЛСА, кәсіпкерлікке кең өріс ашылмақ

“Нұр Отан” партиясы облыстық филиалының ғимаратында партиялық бақылау комиссиясының және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі қоғамдық кеңестің отырысы өтті. Күн тәртібінде кәсіпкерлікке тұсау салған күрмеулі мәселелер жан-жақты талқыланды.

Кәсіпкерлікті қорғау прокуратура саласының басты бағыттарының бірі екенін айтқан облыс прокурорының орынбасары Мұрат Ахметов бизнес пен мемлекет арасындағы қарым-қатынасты жетілдіру, әкімшілік кедергілерді жою, бақылаушы органдардың заңсыз тексерістеріне тосқауыл қою бағытында ауқымды істердің атқарылғанын мәлімдеді.

– Өткен жылы бұл бағытта 60 тан астам тексеріс өткізіліп, оның барысында 590 заң бұзушылық анықталды. Нәтижесінде мемлекеттік бақылаушы органдардың 75 қызметкері – тәртіптік, 9 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Осылайша, 200-ден астам кәсіпкердің құқығы қорғалды, – деді Мұрат Ахметов. Мәселен, кәсіпкерлік субъектілерін заңсыз тексерген Дәрменсіз борышкерлермен жұмыс жөніндегі комитет департаментінің басшысы әкімшілік жауапкершілікке тартылса, облыс бойынша Экология департаментінің жеке кәсіпкерлерге салған 800 мың теңге көлеміндегі әкімшілік айыппұлы заңсыз деп танылды. Ал биылғы жылы жедел топтардың жедел қимылының арқасында полиция қызметкерлерінің тексерісі кезінде 80-нен астам заңсыз тексеріс анықталған.

Мұрат Ахметов “Бизнес тереге” сайты және сенім телефондары арқылы кәсіпкерлерден түскен хабарламалар бойынша прокурорлық жедел топтардың жұмысы оң нәтижесін беріп отырғанын жеткізді. Мәселен, биыл Жамбыл аудандық прокуратурасының жедел тобы аудан әкімдігінің жер учаскелерін заңсыз қайтарып алып, Туринов шаруа қожалығының жұмысына кедергі келтіргенін анықтады. Жедел шаралар кезінде аудан әкімінің міндетін атқарушы Тасмағамбетовтің жер учаскелерін жалдау уақытын ұзартуға қатысты мәселені оң шешу үшін кәсіпкерден ақша бопсалағаны белгілі болды. Аталған факті бойынша қаржы полициясы лауазымды тұлғаның үстінен Қылмыстық кодекстің бірнеше баптары бойынша іс қозғады.

Облыстық кәсіпкерлер палатасы да шағын және орта бизнес субъектерінің мүдделерін қорғауда бірқатар істің оңтайлы шешілуіне ықпал еткен. Атқарылған шаралар туралы облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Тұрар Ысқақов баяндады.

Жиында бизнес субъектерінің дамуына тұсау салатын мәселелер, энергиямен қамтамасыз етудің тиімді тетіктері, жас кәсіпкерлерге қолдау көрсетудің жолдары, өңірдегі кәсіпкерлерді қолдайтын мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау мәселелері жан-жақты талқыланды.

Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp