Заңгер – бүкіл әлемде сұранысқа ие мамандықтардың бірі. Дәл осы мамандық иелеріне азаматтардың өмірін, ары мен намысын қорғау міндеттері жүктеліп отыр. 30 қыркүйектің Әділет органдары ретінде белгіленуі – заңгер мамандығының мемлекеттік деңгейдегі мәні мен маңыздылығын көрсетеді.
2002 жылы 18 наурызда қабылданған “Әділет органдары туралы” Заң Тәуелсіз Қазақстандағы әділет органдарының құқықтық мәртебесі мен қызметін анықтайтын алғашқы нормативтік-құқықтық акт болып табылады. Әділет органдары осы заңға сәйкес жұмыс істейді.
Бүгінгі таңда республиканың әділет органдары барлық деңгейдегі нормативтік-құқықтық актілердің мемлекеттік тіркелуін, заңды тұлғалар және өкілеттіліктердің есептік тіркелуін (коммерциялық ұйымдарды тіркеуден басқа), жылжымайтын мүліктерді тіркеу құқығын (коммерциялық ұйымдардың) бақылауды және тағы басқа қызмет түрлерін жүзеге асырады.
Әділет органдарында азаматтық құқықтар мен еркіндіктің нақты кепілдіктерін, демократиялық қоғам мен құқықтық мемлекет құрудың тәжірибеде жүзеге асырылуын қамтамасыз ететін тиімді мемлекеттік аппарат қалыптастыруға бағытталған реформалар жүргізілді. Мәселен, “Цифрлық Қазақстан” мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында бірыңғай ақпараттық кеңістік құру мақсатында 2018 жылғы 24 шілдеден бастап нормативтік-құқықтық актілерді тіркеу мемлекеттік органдардың интернет-порталдары арқылы электронды түрде жүргізіледі.
Бұдан басқа, заңдардың жүзеге асырылуын жеделдетуге бағытталған іс-шараларды қабылдау мақсатында еліміздің “Құқықтық актілер туралы” Заңына өзгерістер енгізілді. Осылайша, нормативтік-құқықтық актілерді электронды тіркеу барысы жеңілдеді.
Үстіміздегі жылдың шілде айынан бастап “Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы” Заңға сәйкес жаңа заң кеңестері енгізілді. Себебі, жоғарыда аталған заң қабылданғанша жеке заңгерлердің жұмысы еш реттелген жоқ. Бүгінгі таңда жеке және заңды тұлғалардың соттағы мүддесін палата мүшесі болып табылатын адвокаттар мен заң кеңесшілері ғана қорғай алады.
“100 нақты қадам” Ұлт жоспарының 27-ші бағытын жүзеге асыру аясында 2016-2019 жылдар аралығында мемлекеттік сот орындаушыларын кезең-кезеңмен қысқарту жүргізілді. Қазіргі уақытта облыстың барлық аудандарында жеке сот орындаушылары қызмет көрсетеді.
2018 жылы жылжымайтын мүлік құқығын және 2019 жылы коммерциялық ұйымдарға жататын заңды тұлғалар, филиалдар мен өкілдіктерді мемлекеттік тіркеу қызметі “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясына берілді.
“Әділет” деген сөздің өзінде үлкен мән бар және зор жауапкершілік жатыр. Бар мәселені әділдікпен шешу – біздің басты ұстанымымыз. Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында 1361 мемлекеттік қызмет көрсетілді. Олардың дені заңды тұлғаларды тіркеуге, жеке сот орындаушысы, нотариалдық және адвокаттық қызметпен айналысуға құқық беру, мемлекеттік органдардан, сондай-ақ, нотариустардан шығатын құжаттарды ресми түрде апостильдеуге қатысты болды.
Дүниежүзілік қауымдастықтың талаптарына сай, дүниежүзілік сауда ұйымына кіру секілді маңызды мемлекеттік мақсаттарды жүзеге асыруда авторлық, сабақтас және өнеркәсіптік меншік саласындағы құқықтарды қорғау маңызды. Облыстық әділет департаменті үстіміздегі жылдың өткен сегіз айында алты тексеріс жүргізіп, бірнеше құқық бұзушылықты анықтады. Бес азаматқа қатысты әкімшілік іс қозғалып, 356025 теңге айыппұл салынды. Алдағы уақытта осындай заң бұзушылықтарды болдырмау мақсатында облыстық әділет департаменті мемлекеттік органдар, заңды тұлғалар және кәсіпкерлер арасында зияткерлік меншік саласына қатысты түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Үстіміздегі жылдың бірінші жартыжылдығын қорытындылаған нормативтік-құқықтық актілерді тіркеу бөлімі мониторинг жүргізді. Нәтижесінде жергілікті атқарушы биліктің 63 нормативтік-құқықтық актісін қолданыстағы заңнамаға сәйкестендіру қажет екендігі анықталды. Осы орайда облыстық әділет департаменті жергілікті мемлекеттік органдарға 20 акті бойынша заң бұзушылықты жою жөніндегі 11 ұсыным мен 43 акті бойынша 34 ақпараттық хат жолдады. Жергілікті атқарушы органдарға 19 акті бойынша 10 ұсыным жасалды. 37 акті бойынша жергілікті өкілетті органдарға ақпараттық хат жіберілді.
Сонымен қатар департамент мамандары мемлекеттік қызмет көрсетуді түсіндіру үшін аумақтық құрылымдағы әріптестеріне 59 ақпараттық-насихаттық шаралар өткізді. Сондай-ақ, қызметкерлердің штаттық саны өзгертілді. Айталық, соңғы 4 жыл ішінде облыстық әділет департаменті қызметкерлерінің саны 177-ден 117-ге дейін қысқарды. Қызметкерлердің санын қысқарту арқылы сапалы аппарат, оңтайлы, заманауи мемлекеттік қызмет және басқару құрылымын құру көзделген.
“Әділет органдары кеңес береді” акциясын дәстүрлі түрде өткіземіз. Департамент тұрғындар көп жиналатын орындарда қоғамдық қабылдаулар өткізеді. Акцияның негізгі мақсаты әділет органдары жұмысының айқындығын көрсетіп, тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру, білікті заңгерлік көмекпен қамтамасыз ету болып отыр.
Демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет құру үшін қазақстандықтар Отанға деген адалдығы мен сүйіспеншілігін танытып, заңдылықты, адам құқығы мен бостандығын сақтау арқылы қолдау көрсетуі қажет.
Мақсат САТЫБАЛДИН,
облыстық әділет департаментінің басшысы.