Облыстық табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау жөніндегі департамент табиғи монополиялар саласы мен реттелетін рыноктарға басшылықты жүзеге асыратын аумақтық өкілетті орган болып табылады. Нарыққа қатысушылар мүдделерінің тепе-теңдігіне қол жеткізу үшін өкілетті орган табиғи монополия субъектілерінің, реттелетін рыноктардың “Табиғи монополиялар және реттелетін рыноктар туралы” Қазақстан Республикасының Заңын сақтауына бақылау жасауды жүзеге асырады.
Аталмыш заңның 14-бабының 1-тармағының 6-тармақшасына сәйкес өкілетті орган осы заңның бұзылу жағдайы және оған кінәлі тұлғалардың жауапкершілікке тартылғандығы туралы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабардар етуге міндетті.
Соған байланысты департамент табиғи монополия субъектілерінің, реттелетін рыноктардың тарапынан заң талаптарының бұзылғандығы туралы хабардар етеді.
2015 жылдың басында “Петропавл жылу желілері” ЖШС-іне жүргізген жоспарлы кешенді тексерістің қорытындысы бойынша департамент 5 қаңтарда әкімшілік құқық бұзушылық туралы 2 қаулы қабылдады, соған сәйкес “Петропавл жылу желілері” ЖШС Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 164-бабының 4-бөлімі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Табиғи монополия субъектісіне заңның 7-бабының 19, 20-тармақшаларында қарастырылған міндеттерді орындамағаны, атап айтқанда, шикізаттың, материалдардың, отынның, энергияның техникалық және технологиялық нормаларын асыра көтергені үшін 6 342 400 теңге көлемінде айыппұл салынды.
Сонымен бірге, 2015 жылғы 6 қаңтарда табиғи монополия және реттелетін рынок субъектілеріне, атап айтқанда, “Петропавл қаласының халықаралық әуежайы” АҚ-ға, “Вишневское” ЖШС-іне, “Алыс газ” ЖШС-іне қатысты “Табиғи монополиялар және реттелетін рыноктар туралы” Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзуды жою туралы ұйғарым шығарылды.
Гүлмира КӨШЕҒАЛДИНА,
облыстық табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау жөніндегі департаменттің
заңдылықтың сақталуын
бақылау бөлімінің басшысы.