Прокурорлардың араласуымен кадастрлық құны 3,1 млрд. теңге болатын
50,5 мың гектар ауыл шаруашылығы жері мемлекет меншігіне қайтарылды. Жалпы жер қатынастары саласындағы тексеріс нәтижесінде 93 заң бұзушылық анықталып, 21 тұлға жауапкершілікке тартылды. Бұл жайлы облыстық прокуратурада 2016 жылдың алғашқы тоқсанының қорытындысы бойынша өткен баспасөз мәслихатында айтылды.
Облыс прокурорының орынбасарлары Айман Әбдірова мен Арай Әлімов журналистерді қадағалаушы органның 3 айда атқарған жұмысымен таныстырды. Өңірде криминогендік жағдай сәл де болса жақсарып, тіркелген қылмыстар саны 13 пайызға азайыпты. Алайда, кәмелетке толмағандар жасаған қылмыстар 50 пайызға артқан. Бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша ауыр және аса ауыр қылмыстардың ашылуы да мәз емес, 91,4 пайызды құрап отыр.
Қоғамдық тәртіпті қадағалауы тиіс полицейлердің өздерінің қылмыс жасауы жиілеп кеткен. Қазіргі таңда ішкі істер органдарының 4 қызметкерінің ісі қаралуда.
Брифингте сотталғандардың құқығын қорғау бойынша атқарылған жұмыс жайы да баяндалды. Жыл басынан бері 86 адам мерзімінен бұрын бостандыққа шыққан.
Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.