«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЗАҢ ЖОБАСЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Елімізде тұңғыш рет “Пробация туралы” Заң қабылданбақ. Қазіргі таңда көптің талқысында жүрген заң жобасына солтүстікқазақстандықтар да өз ұсыныстарын енгізуге ынталы. Осы мақсатта өткізілген “дөңгелек үстелге” облыс әкімінің орынбасары Анархан Дүйсенова қатысты.

“100 нақты қадам” Ұлт жоспарының 33-қадамын жүзеге асыру бағытында қолға алынған пробация қызметінің көздегені – шартты түрде бас бостандығынан айрылғандарға әлеуметтік-құқықтық, психологиялық, медициналық көмек көрсету арқылы олардың қайта қылмыс жасауларына жол бермеу.

Елімізде пробацияға қатысты жұмыстар 2010 жылдан бері жүргізілуде. Облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бөлімше бастығы Теміржан Елжасовтың айтуынша, қайта жасалатын қылмыстардың саны айтарлықтай азайған. Өткен жылы пробациялық қадағалауда болған 962 адамға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетіліпті.

Қалалық мәслихаттың депутаты Павел Афанасьев әлеуетті жұмыс берушілерді осындай тұлғаларды ұжымға қабылдауға ынталандыратын тетікті қарастыру керек деген ойын білдірді.

Облыстық прокуратураның басқарма бастығы Руслан Мәмбетов осындай тұлғаларға қоғамда ғана емес, сотталғандармен жұмыс істейтін құқықтық органдардың кейбір өкілдерінде де теріс көзқарас бар екенін жасырмады. “Сотталып келген” деген сөз аяғынан шалып, өмірінің соңына дейін қара таңба болатындығын тілге тиек еткен облыс әкімінің орынбасары Анархан Дүйсенова:

– Адам қоғамсыз өмір сүре алмайды. Жазасын өтеушілер мен бостандыққа шыққандардың жағдайын мұндай тағдыр басына түспеген, терісіне батпаған адам түсінбеуі мүмкін. Осы орайда сотталғандармен жұмыс істеуге барлық мемлекеттік органдар мүдделі болуы керек, – деді.

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp