«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЗАҢ ТАЛАПТАРЫ БҰЗЫЛАТЫН БОЛСА …

Солтүстік Қазақстан облысы бойынша қаржылық бақылау инспекциясы былтыр 195 нысанды бақылауға алып, 251 тексеріс жүргізді. Осындай жұмыстардың нәтижесінде жалпы сомасы 21 234,7 млн. теңге қаржы тәртібін бұзу фактісі анықталды.

Мұндай келеңсіздіктер бюджеттік қаржының тиісінше игерілмеуі нәтижесінде орын алған. Республикалық бюджеттен бөлінген мақсатты трансферттердің толық игерілмеуі, бағдарламалар әкімшісінің бюджеттік өтінімді толық және сенімді ақпаратпен, есеппен қамтамасыз етпеуі, бюджет қаржысын негізсіз бөлу орын алуда.

Ережені, талапты және рәсімді сақтамау фактілері де кездесуде Несие бөлу қажеттілігін дәлелдейтін құжаттардың жоқтығына қарамастан, несие беруді жоспарлау, бухгалтерлік есепті жүргізуден бұлтару, бұрмаланған қаржылық есеп-қисап жасау, бухгалтерлік есепте көрсетілуі тиіс мәліметтерді жасыру фактілері де кездеседі.

Жергілікті бюджетті бекіту, нақтылау және орындау рәсімдерін бұрмалаушылық Мамлют, Ғабит Мүсірепов атындағы және Есіл аудандарының экономика және қаржы бөлімдерінде анықталды. Онда басымдыққа ие бюджеттік инвестициялар тізбесіне енбеген және ауданның әлеуметтік-экономикалық даму болжамында қарастырылмаған инвестициялық жобаларды бекіту мен жүзеге асыру, жергілікті бюджетті тоқсан сайын бір реттен көп нақтылау, мақсатты трансферттер жөніндегі келісімді уақыт оздырып жасау сияқты кемшіліктер орын алды.

Мемлекеттік сатып алулар қорытындысына әсер еткен қолданыстағы заңнамаларды бұрмалаушылықтар, негізінен, конкурс өткізуде, яғни конкурсқа қатысу туралы өтінімді заңсыз кері қайтару және шартты жеңілдік жасауда, әлеуетті жеткізушіні негізсіз конкурсқа жібермеуде, әлеуетті жеткізушіге заңсыз конкурстық құжатта алынатын тауардың, жұмыстың, қызметтің тегін анықтайтын мінездемені көрсетуде кездеседі.

Жұмыстың қорытындысы бойынша инспекция бақылау нысандарына бұзушылықтарды жою және заңсыздықтарға жол берген жауапты тұлғаларды тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы ұсыныс жіберді. Осы ұсыныстарды орындау кезінде 350 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Сонымен қатар, инспекция Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес бюджет, мемлекеттік сатып алу, бухгалтерлік және қаржылық есеп туралы заңнамаларды бұрмалаушылыққа қатысты жалпы сомасы 31,3 млн. теңгені құраған 278 әкімшілік айыппұл салып, оның 22,9 млн. теңгесі есепті кезеңде бюджет кірісіне қайтарылды.

Өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда әкімшілік айыппұлдарды өндіріп алу 2,5 есеге артқан. Мәселен, өткен жылдың сәйкес мерзімінде 17,8 млн. теңге әкімшілік айыппұлдың бюджет кірісіне өндірілген сомасы – 8,5 млн.теңге, яғни 47,7 пайыз болды. Есепті кезеңде салынған 31,3 млн. теңге айыппұлдың 22,9 миллион теңгесі немесе 73 пайызы қайтарылды.

Әкімшілік айыппұлдарды толық көлемде өндіру жөніндегі жұмыс белгіленген заңнамалық тәртіпте, соның ішінде мәжбүрлеп өндіру тәртібімен де жалғасуда.

Инспекция есепті кезеңде сот органдарына 38 талап-арыз жіберді, оның отыз алтысы (7211 млн. теңге) мемлекеттік сатып алу жөніндегі келісімді заңсыз деп тануға қатысты. Жалпы сомасы 305,4 млн. теңгені құраған он екісі қанағаттандырылып, осыншасы өндірістік кезеңде қаралуда. Сондай-ақ, 12-і шешім келісім бойынша міндеттер толық көлемде орындалғандықтан қабылданбады.

Инспекция құқық қорғау органдарымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуде. Құқық қорғау органдарының қаулысы және прокуратура органдарының талаптары негізінде инспекция былтыр 24 жоспардан тыс тексеріс жүргізіп, жалпы сомасы 708,2 млн. теңгенің қаржылық бұзушылығын анықтады.

Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының қаулысы негізінде “Уәлиханов аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі” ММ және “Тайынша аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары” ММ-де жоспардан тыс тексеріс болып, 1 795 млн. теңге көлемінде заң бұзушылыққа жол берілгеніне көз жеткізілді.

Сонымен қатар, инспекцияның қызметкерлерін прокуратура және құқық қорғау органдары тексерістерге тартып, олар 125 қорытынды жасады. Оның ішінде жалпы сомасы 6 094,2 млн. теңгені құрайтын 95 қорытынды бар.

Өткен жылдың қараша айында мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары қызметін ұйымдастыруды және уәкілеттілігін анықтайтын, қоғамдық қатынасты реттейтін Қазақстан Республикасының “Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы” Заңы күшіне енді. Мемлекеттік аудиттің мақсаты – бюджеттік қаржыны, мемлекеттің және мемлекеттік сыңайлы сектор субъектілерінің активін басқарудың және игерудің тиімділігін арттыру болып табылады. Бұл бағытта біздің инспекция қызметкерлері жоспарлы жұмыс жүргізіп жатыр.

Ғалилитдин ЖАЗЕТОВ,

Солтүстік Қазақстан облысы бойынша қаржылық бақылау инспекциясының басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp