Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алған күннен бастап демократиялық, зайырлы және құқықтық мемлекет құру бағытын ұстанып келеді. Бұл елімізде әрбір адамның немесе заңды тұлғаның құқықтары мен мүдделерін қорғауға тиісті мықты тәуелсіз сот билігі болуын қажет етеді.
Қазіргі уақытта Елбасының ұдайы қамқорлығының арқасында ел билігінің сот тармағы құқық үстемдігі негізінде жылдам да сапалы сот төрелігін қамтамасыз ететін сот жүйесінің дамыған моделі болып табылады.
Құқық үстемдігі мен судьяларды іріктеу жүйесін жаңғырту еліміздің таяу болашақтағы дамуының негізгі басымдықтарының қатарына енгізілгендігі соттарға ерекше назар аударылып, жоғары жауапкершілік жүктеліп отырғандығын айғақтайды.
Үстіміздегі жылы мерекеленетін еліміздің Ата Заңының 20 жылдығы және республикамыздың осынау айтулы күнге қандай жетістіктермен келіп отырғандығы менің азамат және судья ретінде басы ашық бір-ақ тұжырым жасауыма мүмкіндік береді дер едім. Тәуелсіздігіміздің тарихында Қазақстан Республикасының Конституциясы басты жалпыадамзаттық құндылықтар – сөз бостандығының, таңдау еркіндігінің, құқық үстемдігінің негізінде еліміздің экономикалық және әлеуметтік дамуын қамтамасыз ету жөніндегі өзінің басты қызметін абыроймен атқарып келеді. Бұл тұжырымның әділдігін бүгінде еліміздің өз алдына әлемнің алдыңғы қатарлы отыз мемлекетінің қатарына ену міндетін қойып отырғанынан айқын аңғаруға болады. Соған орай осы мақаламда судьяларды іріктеудің қолданыстағы жүйесі жайлы және қалыптасқан жұмыс тәжірибесін ескере отырып, Елбасы алға қойған міндеттерге қалай қол жеткізуге болатындығы жөнінде кейбір пайымдауларымды ортаға салмақшымын.
Бірден айта кеткен жөн, бүгінде сот жүйесі айтарлықтай жоғары тиімділігін көрсетіп, қоғамның құқық үстемдігін қамтамасыз етуге деген барлық сұранысын өтеуде. Қол жеткен экономикалық және әлеуметтік табыстарымыз осыны айқын дәлелдеп отыр.
Бұған қоса, Қазақстан Республикасы Судьялар одағының Халықаралық судьялар қауымдастығының толыққұқықты мүшелігіне қабылдануы Қазақстанның сот жүйесінің ойдағыдай дамуына берілген халықаралық жоғары баға болып табылады. Ол бірқатар кәсіби көрсеткіштер бойынша беріледі. Бұл еліміздің сот жүйесін халықаралық қауымдастық тарапынан мойындау болып саналады және зор сенімге ие екені сөзсіз.
Соттардың жыл сайын бір миллионға тарта істерді қарауы да тұрғындардың олардың жұмысына айтарлықтай жоғары сенім білдіруінің көрсеткіші бола алады.
Осы ретте шығарылған сот шешімдерінің жоғары сатылы соттарда күшінде қалдырылуын және осындай сот актілерінің санының артуын дамудың қазіргі кезеңіндегі сот жүйесі қызметінің сапалы жаңа сипатын білдіретін оң фактор ретінде атап көрсеткен жөн. Алайда, біздің жұмысымызды одан әрі жақсарту үшін мүмкіншіліктеріміз бар екені де күмәнсіз. Біз сот төрелігінің сапасын жақсарту үшін әлі де көп күш-жігер жұмсауымыз керектігін түсінеміз. Азаматтардың құқықтық мәдениетін де ұдайы көтеріп, дамытуымыз қажет.
Мемлекет басшысы “Нұр Отан” партиясының ХVІ съезінде сөйлеген сөзінде сот жүйесін одан әрі жетілдірудің негізгі міндеттері мен басты бағыттарын айқындады. Солардың ішінде судьялыққа үміткерге қойылатын біліктілік талаптарын қайта қарау, соттардың ашықтығын арттыру және сот практикасына инвестициялық соттардың қызметімен байланысты үздік әлемдік тәжірибелерді енгізу бар. Аталмыш съезде айқындалған институттық реформаларды жүзеге асыру үшін Елбасымыз 100 нақты қадам – жаһандық және ішкі сын-қатерлерге жауап және сонымен бір мезгілде, жаңа тарихи жағдайларда ұлттың дамыған мемлекеттердің отыздығына кіру жөніндегі жоспарын ұсынды. Осы Ұлт жоспарында “Заңның үстемдігін қамтамасыз ету” институттық реформасына қол жеткізудің жолдары белгіленді. Бұл тапсырмалар мен алға қойған мақсат-міндеттердің нақтылығы мен айқын тұжырымдалғандығы ұлттық сот жүйесін дамытудың “Жол картасы” деп атауға мүмкіндік береді.
Біліктілік талаптарын арттыру
Бұл мәселеде белгілі бір өзгерістер жасалды. Атап айтқанда, облыстық және оған теңестірілген соттардың жанындағы Қоғамдық кеңестердің мәртебесі мен міндеттері заңнамалық деңгейде белгіленді. Олар консультативтік-кеңесшілік рөл атқарып, судья қызметіне үміткердің моральдық-адамгершілік қасиеттерін жан-жақты зерделейді. Олардың берген қорытындысы ұсыныстық сипатта болады. Заңнамаларда көрсетілгендей жергілікті және басқа сот судьясының бос лауазымына кандидатты іріктеуді өз құзырына сәйкес Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сот Кеңесі конкурстық негізде жүзеге асырады.
Сонымен қатар, бүгінгі таңда судьялыққа үміткердің Қоғамдық кеңестің оң қорытындысын алуы судья кадрларын іріктеу кезіндегі заңнаманың қағидатты талаптарының бірі болып табылады.
Солтүстік Қазақстан облыстық сотының жанындағы Қоғамдық кеңестің құрамына “Нұр Отан” партиясының мүшелері – Парламент Мәжілісінің экс-депутаттары, өңіріміздің құрметті азаматтары енгізілген. Қоғамдық кеңесті Т.М. Дмитриева басқарады. Қоғамдық кеңестің мүшелері төраға мен хатшыны өздері сайлайды және толығымен бейтарап. Кеңестің мүшесі судья лауазымына үміткерлерді талқылауда облыстық соттың жалпы отырысына қатысуға құқылы. Яғни, судья лауазымына іріктеу мен тағайындауда облыстық соттар төрағаларының ешқандай ықпалы жоқ екенін байқатады.
Судьялықтан үміткердің тиісті білімін, психологиялық даярлығын, ұйымдастырушылық машықтарын анықтау үшін тағылымдама өткізіледі. Үміткерлер әуелі аудандық және оларға теңестірілген соттарда, содан кейін облыстық деңгейде тағылымдамадан өтеді. Облыстық соттың жалпы отырыстары белсенді рөл атқарады, олар тағылымдама нәтижесін жан-жақты қарап, тиісті қорытынды береді.
Осы орайда Солтүстік Қазақстан облыстық сотының Оқу орталығы белсенді жұмыс атқарып отырғанын атап өту қажет. Оқу орталығы тұрақты негізде облыс судьяларының қатысуымен әртүрлі шаралар өткізіп тұрады, соның ішінде судьялыққа үміткерлердің жаңа заңнамаларды оқып-үйренулеріне қолайлы мүмкіндік жасалады.
Осыған байланысты келесі ұсыныстың айтарлықтай көкейкесті маңызы бар: судьялыққа “үздіктердің үздігін” таңдап алу үшін үміткерлерді алдын ала қатаң тестілік іріктеуден өткізу қажет. Бұл одан кейінгі сот тағылымдамасынан өткізудің міндетті шарты болуға тиіс. Сондай-ақ, тағылымдаманың тиімділігін арттыру үшін соттарда үміткерлерді одан тек қана басқа қызметтен босатылған негізде, белгілі бір кесімді ақы тағайындап өткізу керек. Елімізде сапалы сот корпусын қалыптастыруға көп көңіл бөлінетіні Ұлт жоспарының “судья лауазымына үміткерлерді іріктеу тетіктерін көбейту және біліктілік талаптарын қатайту” қадамынан да байқалады.
Бұған қоса, облыстық және оған теңестірілген сот судьясының судьялыққа үміткерге жазбаша ұсыным беру институтының практикаға енгізілгелі отырғандығының маңыздылығын атап айту керек. Бұл ретте осындай ұсыным берген тұлғаға өзі ұсынған үміткердің бұдан былайғы қызметі, оның мінез-құлқы судья әдебі нормаларына және сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамаға сәйкестігі үшін жеке жауапкершілік жүктелетінін ескерген жөн. Сонымен бірге судьялыққа ұсынылған үміткер де жауапкершілікті түсініп, өзіне көрсетілген жоғары сенімді ақтауға тырысуы керек.
Облыстық және оған теңестірілген соттардың кеңселерінің кадрлық қызметтерінің рөлі арта түскелі отыр. Олар сот жүйесінің барынша дайындалған әрі жауапты қызметкерлері қатарынан, соның ішінде қажетті іскерлік және моральдық-адамгершілік қасиеттерге ие сот отырыстары хатшыларының арасынан судьялыққа үміткерлерді іріктеу жұмысын жандандыруға тиіс. Бұл ретте нақ сот жүйесінде кемінде бес жыл жұмыс істеу міндетті шарт болып саналады.
Болашақ судьялар арнайы оқу орнында барлық қажетті білім мен жұмыс машықтарына жүйелі түрде оқытылатын болғандықтан, оларды мақсаткерлікпен және кәсіби даярлау мәселесін өз алдына бөлек зерттеген жөн. Бұл орайда әр кезеңде күшейтілген емтихандар мен тест сынақтары өткізілетін болады.
Оқу мерзімінің ұзақ болуы да қылмыстық және азаматтық құқық бойынша дәлелдерді қарағанда судьяның ішкі сенімі сияқты сот төрелігінің халықаралық қағидатын әлдеқайда нәтижелі іске асыруға мүмкіндік береді. Өйткені, жас судья өзінің қызметін қазіргі кездегідей 25 жастан бастап емес, орташа алғанда 30-32 жастан бастайтын болады. Ұдайы дайындық пен соттардағы ұзақ тағылымдаманың бес жылы ішінде жаңа судья тәжірибе жинақтап, біліктілігін арттыратын болады.
Судья кадрларын іріктеу
Елбасымыз меритократия қағидаттарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу жөніндегі жүйелі жұмысты жолға қоюдың маңыздылығына айрықша назар аударды.
Меритократия – басшылық қызметтерді әлеуметтік шыққан тегіне қарамастан, ұйымдастырушылық қабілеті бар, барынша дарынды адамдар иеленетін басқару қағидаты. Ол нағыз дарынды және еңбекқор адамдардың болашақта еркін бәсекелестік жағдайында жоғары қоғамдық лауазым иеленуіне мүмкіндік беретін шарттарды жасауды көздейді. Меритократия соттарды қоса алғанда, барлық мемлекеттік органдарда басымдылық болуы тиіс.
Осы қағидат “мемлекеттік қызметке қабылдау төменгі лауазымдардан басталуы тиіс” деген “Кәсіби мемлекеттік аппарат құру” институттық реформасын іске асырудың бірінші қадамымен ұштасуы, аталмыш бағдарламалардың еліміз үшін маңыздылығын көрсетіп, мемлекеттілігімізді одан әрі нығайтуға жағдай жасайтынына күмән келтірмейді.
Соттардағы басшылық қызметтерге судья кадрларын іріктеуде кадр резерві маңызды құрал болып табылады. Кадр резервіне жеткілікті судьялық жұмыс өтілі мен жақсы көрсеткіштерге ие, ұйымдастырушылық қабілеті бар және абыроймен қызмет атқарып жүрген беделді судьялар енгізіледі. Конституциялық заңға сәйкес аудандық және оларға теңестірілген соттардың төрағалары қызметтеріне үміткерлерді іріктегенде кадр резервінде тұрған судьяларға басымдық беріледі. Осыған байланысты жоғары тұрған соттың судьясы лауазымына тағайындаудың міндетті шарты ретінде төменгі соттағы жұмыс өтілінің болуы қажет екендігі туралы ұсыныс жоғары тұрған сот инстанцияларын нығайту мақсатын көздейді.
Сондай-ақ, қызметін жаңа бастаған судьяларға бір жылдан кем емес мерзімде сынақ мерзімін белгілеу де судья қызметіне үздік заңгерлерді қабылдау проблемасын шешуге жәрдемін тигізері даусыз. Бұл тәжірибе әлемнің көптеген дамыған елдерінде қолданылып отыр. Оларда үміткер тек белгіленген сынақ кезеңінен өткеннен кейін ғана тұрақты негізде судьялыққа сайлана алады.
Үздік стандарттар бойынша
Елбасы “Нұр Отан” партиясының съезінде шетелдік және отандық инвесторлардың қазақстандық сот төрелігінің әділдігіне сенімді болуының маңыздылығын атап айтты. Бұл ретте инвестициялық дауларды тек шетелдік және халықаралық соттардың үздік стандарттары бойынша қарау қажеттілігі атап көрсетілді.
Бұдан мұндай соттық дауларды қараудың халықаралық тәжірибесін Қазақстанның нақты жағдайын ескеретін, барынша озық модельді іздестіру үшін мұқият та жан-жақты зерттеу қажет деген ой түюге болады. Осы орайда мен Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының делегациясы құрамында сот жүйесіндегі инвестициялық дауларды қарау тәжірибесін зерттеу мақсатымен Біріккен Араб Әмірліктеріне іссапарға баруыма мүмкіндік жасағаны үшін Жоғарғы Сот төрағасы Қайрат Мәмиге ризашылығымды білдіргім келеді. Сапарымыздың барысында БАӘ Жоғарғы Сотының төрағасымен, Дубайдың Халықаралық қаржы орталығы сотының басшыларымен кездесулер болды. Сол кездесулерде Қазақстанда сот төрелігі жүйесін және заңнаманы жетілдіруге бағытталған дәйекті шаралар қолданылып отырғандығы, дауларды шешудің баламалы әдістері белсене енгізілуде екендігі, сот төрелігіне қолжетімділік кеңінен қамтамасыз етілгендігі атап көрсетілді. БАӘ мен Қазақстанның сот жүйелерінің жұмысын ұйымдастыру бойынша ақпарат және атқарылып жатқан игі істерімізбен, жеткен жетістіктерімізбен тәжірибе алмасуға айрықша назар аударылды.
Ашықтық және айқындық
Сот төрелігінің табиғаты сондай: кез келген процестің қорытындысы бойынша, әйтеуір, бір риза емес адам болмай қоймайды. Міне, осыған байланысты бүгінде соттардың ашықтығы мен айқындығына басым маңыз беріледі. Бұл мәселеде жаңа ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың үлкен көмегі тиіп отыр.
Мемлекет жылдан-жылға соттардың жан-жақты техникалық жарақтануына басым назар аударылып, сот өндірісін айтарлықтай жеңілдететін бейнеконференция байланысы, сот процестерін аудиобейнежазудың электронды жүйесі енгізілуде.
Оған қоса, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті бүгінгі күні соттар жұмысының тиімділігін арттыруға бағытталған “Сот шақыруы”, “Сот кабинеті”, “Гибридті электронды пошта”, “Сот құжаттарымен танысу” қызметтерін іске қосты. Осы электронды қызметтер арқылы қосымша жедел ақпарат алу мүмкіндігі пайда болды.
Қазақстан Республикасы сот органдарының Бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық-талдау жүйесі (БААТЖ) құрылып, жұмыс істеуде. Бұл жүйе елдің барлық соттарын бір-бірімен тікелей байланыстырып, сот істерінің бірыңғай есебі мен мониторингін жүргізуге, оларды мұрағатта сақтауға, жедел материалдар алмасуға мүмкіндік берді.
Қазіргі уақытта сот жүйесінің қызметіне сот органдарының “ТӨРЕЛІК” ақпараттық-сараптамалық құжат алмасу жүйесі қатар енгізілу үстінде. Бұл жүйенің артықшылығы – оның басқа мемлекеттік органдармен біріге отырып, ақпарат алмасуға, ақпарат алу жылдамдығын арттыруға мүмкіндік жасайтындығы. Тіркеудің барлық түрі онлайн режімінде көрініс табады. Жүйені пайдаланушылар үшін тіркелу тәртібі жеңілдетілген.
Сонымен қатар, соттар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өзара іс-қимылының рөлі арта түсуде. Бұл қарым-қатынастар ашықтық, өзара құрмет пен ынтымақтастық қағидаттарына сүйенуге тиіс. Қазіргі уақытта Жоғарғы Соттың, облыстық және оған теңестірілген соттардың атқарған жұмысы, соның ішінде сот төрелігінің нәтижелері көрініс табатын сайттар белсенді жұмыс істейді, солар арқылы соттардың қызметі жайлы білгісі келетіндердің сұрақтарына толық жауап беріледі.
Осы ретте Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының төрағасы тарапынан жалпы сот жүйесінде БАҚ-пен байланысты нығайтып, өзара қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеріп, жедел ақпарат алмасып, тиімді жұмыс ұйымдастырылу қажеттілігі тайға таңба басқандай бүгінгі заман талаптарына сай екенін атап өткен артық болмас. Қазіргі таңда соның нәтижесі айқын көрінеді.
Соттарда БАҚ өкілдерінің қатысуымен жұмыс бабындағы кездесулер, брифингтер, баспасөз конференциялары ұдайы өткізіліп тұрады.
Бүгінгі күнде соттардың материалдық-техникалық және ұйымдастырушылық қамтамасыз етілуінің жоғары деңгейде жүзеге асырылып отырғаны Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің мақсатты жұмысына байланысты екені де сөзсіз. Осының өзі заманауи халықаралық стандарттарға сай сот жүйесінің қалыптасқанын, соттардың ашықтығын және айқындығын көрсетеді. Яғни, департамент өзіне жүктелген міндеттерді толығымен орындап, өзінің өміршеңдігін дәлелдеді.
Елбасымыздың “Нұр Отан” партиясының ХVІ съезінен бастау алып, Ұлт жоспары – 100 нақты қадам бағдарламасына ұласқан сот жүйесін одан әрі жетілдіру бойынша алға қойған міндеттерін жүзеге асыру еліміздің сот төрелігін әлемдік биік деңгейде атқаруға қабілетті, біліктілігі жоғары судьяларды даярлау және іріктеу ісіне соны серпін береді. Бұл ел дамуының қазіргі тарихи кезеңіндегі сот төрелігін сапалы атқарудағы сот жүйесінің басым бағыттарының бірі болып табылады.
Мұратғали ӘКЕТАЙ,
Солтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы.