«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЗЕЙНЕТАҚЫ ЖҮЙЕСІНДЕГІ ӨЗГЕРІСТЕР

Еліміздегі зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес енгізілгелі отырған өзгерістерге облыс тұрғындары да қызығушылық танытуда. Соған байланысты “Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталығы” облыстық филиалының директоры Бәтима Смағұловаға жолығып, төмендегідей сұрақтарға жауап алдық.

– Бәтима Тұрсынбайқызы, алдымен “Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталық” республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының (“ЗТМО” РМҚК) әлеуметтік қорғау жүйесіндегі рөліне қысқаша тоқтала кетсеңіз.

– Он сегіз жыл бұрын Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 4 маусымдағы №926 қаулысымен “Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталық” республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны құрылды. Бұл қаулымен ЗТМО-ға зейнетақы жарналарын есепке алуды жүргізу, зейнетақы және жәрдемақы төлемі мәселелері бойынша орталықтандырылған деректер базасын қалыптастыру, зейнетақы және жәрдемақы төлемінің тиімді жүйесін қамтамасыз ету жүктелді.

Бұл міндеттер іс жүзінде қалай жүзеге асырылуда дегенге келсек, біздің мамандар құжаттарды қабылдайды, істің электрондық макетін және шешім жобасын қалыптастырады. Одан кейін шешім жобасы және іс макеті Денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау министрлігінің аумақтық уәкілетті органы – “ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті” РММ-ге тексеру және бекіту үшін жолданады.

Шешім бекітілгеннен кейін зейнетақы немесе жәрдемақы алушыларының орталықтандырылған деректер базасына төлемге қойылады. ЗТМО зейнетақы төлеу жөніндегі уәкілетті ұйым болып табылады. 1998 жылғы 1 қаңтардан бастап ЗТМО зейнетақы төлемін жүзеге асыруға кірісті. Солтүстік Қазақстан облысы бойынша зейнетақы алушыларының жалпы саны сол кезде 118 мың адамнан сәл асты, ал төлем көлемі бір жылға 4 874,8 мың теңгені құрады.

Бүгінде ЗТМО облыстық филиалы төлемнің 41-ден астам түрін жүргізеді, ал төлемдердің айсайынғы сомасы 5 903,9 млн. теңгеден асады.

– Он сегіз жылдың ішінде ЗТМО жұмысында не өзгерді?

– Осы уақыт ішінде ЗТМО жұмысы регламентінде бірқатар өзгерістер болды. Төлемдердің барлық түрлерін тағайындау электрондық нұсқада жүзеге асырылады, осыған байланысты мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі қысқартылды.

Жәрдемақы тағайындау үшін тіркелген жері бойынша ЗТМО бөлімшесіне өтінішпен келуге болады немесе “Электрондық үкімет” порталы арқылы беруге болады.

“Электрондық үкімет” порталы арқылы базалық зейнетақы, жасы бойынша зейнетақы, бала тууға байланысты жәрдемақы, бюджеттен бір жасқа дейін бала күту бойынша жәрдемақы төлемдерін тағайындау үшін құжаттар тапсыруға болады.

Халыққа қызмет көрсету орталығы (ХҚКО) арқылы төлемдер тағайындау үшін базалық зейнетақыны, мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыны тағайындауға бірінші рет өтініш берсе, асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша бірінші рет өтініш берсе, жасы бойынша жәрдемақыны, бала тууға байланысты жәрдемақыны, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан немесе бюджеттен бір жасқа дейін бала күту бойынша жәрдемақыны, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан еңбек ету қабілетінен айрылған жағдайда әлеуметтік жәрдемақыны тағайындауға бірінші рет өтініш берсе, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша әлеуметтік жәрдемақыны тағайындауға бірінші рет өтініш берсе, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жұмысынан айрылған жағдайда алатын әлеуметтік жәрдемақыны ресімдеуге болады.

Қазіргі уақытта “Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталық” РМҚК, “Халыққа қызмет көрсету орталығы” РМК және “Қазпочта” АҚ арасында өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Шалғай елді мекендерде тұратын тұрғындарға мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттыру мақсатында 2015 жылғы наурыз айынан бастап жоғарыда аталған ұйымдар бірлесіп мобильді ХҚКО арқылы алыс елді мекендерге іссапармен барып, мемлекеттік қызметтер көрсетуде. 2015 жылғы наурыз-сәуір айларына ЗТМО мамандары мобильді ХҚКО-мен бірігіп 70-тен астам іссапарды жүзеге асырды.

2016 жылғы 1 қаңтардан бастап көрсетілетін мемлекеттік қызметтің сапасын жақсарту мақсатында мүгедектер еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесін немесе тобын белгілегеннен кейін бірінші рет жүгінген жағдайда еңбек ету қабілетінен айрылу және мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы тағайындау үшін медициналық-әлеуметтік сараптама комиссиясына бару құқын алады, жұмыссыз ретінде тіркелу кезінде бірден мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) жұмысынан айрылу жағдайына байланысты жәрдемақыға тіркелген жері бойынша жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті органға өтініш беруге болады, жұмысынан айрылған жағдайда, баласы бір жасқа толғанға дейін бала күтуге байланысты табысынан айрылған жағдайда МӘСҚ-нан әлеуметтік төлем тағайындау үшін “Электрондық үкімет” веб-порталы арқылы өтініш беруге болады.

– Зейнетақы мәселесіне қайта оралсақ, Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында қандай өзгерістер қарастырылған?

– Халықаралық тәжірибені ескере отырып, зейнеткерлер арасында кедейшіліктің алдын алу және еңбекке қабілетті жастағы азаматтардың экономикалық белсенділігін ынталандыру мақсатында 2017 жылғы 1 шілдеден бастап базалық зейнетақыны азаматтар зейнеткерлік жасына жеткен кезде ғана, сондай-ақ, зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты тағайындауға көшуді жүзеге асыру, зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі 10 жылдан кем адамдар үшін ең төменгі күнкөріс шамасының 50%-ы мөлшерінде әлеуметтік зейнетақы белгілеу, базалық зейнетақы мөлшері 10 жылдан асқаннан кейін әрбір жылға 2%-ға ұлғайтылады, қатысу өтілі 35 жыл және одан көп болса, ол ең төменгі күнкөріс деңгейіне тең болады.

Сөйтіп, еңбек өтілі 0-ден 10 жылға дейін – базалық зейнетақы мөлшері күнкөріс минимумынан 50%-ды, еңбек өтілі 20 жыл – күнкөріс минимумынан 70%-ды, еңбек өтілі 25 жыл – күнкөріс минимумынан 80%-ды, еңбек өтілі 35 жыл – күнкөріс минимумынан 100%-ды құрайды.

Ұсынылып отырған өзгерістер тек зейнеткерлер арасында кедейшілікті азайтуға ғана емес, сонымен қатар азаматтардың еңбекке ынтасын күшейтуге және еңбек қатынастарын заңдастыруға бағытталған. Олар қазіргі зейнеткерлердің де, сол сияқты, болашақ зейнеткерлердің де мүдделеріне сай келеді.

Қазіргі зейнеткерлер үшін зейнетақымен қамсыздандырудың ортақ, сол сияқты, жинақтаушы жүйелеріне қатысу өтілін ескере отырып, базалық зейнетақыны қайта есептеу жүргізілетін болады. Бұл еңбек өтілі көп болса да, зейнетке шыққан кезде табыстары туралы мәліметтердің, сондай-ақ, заңнамалық тұрғыдан белгіленген шектеулердің болмауына байланысты төмен мөлшерде зейнетақы алатын зейнеткерлер үшін зейнетақы төлемдерінің мөлшерін арттыруға мүмкіндік береді.

Тұжырымдамамен жаңа құрал, зейнетақымен қамсыздандырудың жаңа қайнар көзі шартты-жинақтаушы зейнетақы енгізіледі. Зейнетақымен қамсыздандырудың бара-барлығын сақтау үшін 2018 жылдан бастап зейнетақы жүйесінің жаңа шартты-жинақтаушы құрамдауышын енгізу ұсынылады. Жаңа шартты-жинақтаушы құрамдауышында зейнетақымен қамсыздандырудың жинақтау, сол сияқты, тарату қағидаттары да бар. Өздерінің пайдасына жұмыс берушілер өз қаражаты есебінен қызметкер табысының мөлшерінен есептелетін 5% міндетті зейнетақы жарналарын аударатын қызметкерлер шартты-жинақтаушы құрамдауышына қатысушылар болып табылады.

Шартты міндеттемелерді есепке алу БЖЗҚ-да ашылған жеке шоттарда жүргізіледі. Міндетті зейнетақы жарналарынан гөрі шартты-жинақтаушы құрамдауыш өмір бойы төленеді. Жинақтар шартты болып табылады, мұраға қалдырылмайды және жүйеге қатысушының меншігі болып табылмайды. Зейнетақы төлемдеріне құқық басталатын ең төменгі өтіл 5 жылды құрайды. Белгіленген зейнеткерлік жасқа жеткен кезде ғана төлемдер жүргізіледі.

Базалық зейнетақы есебінің өзгертілуі, шартты-жинақтаушы құрамдас бөлігін енгізу мемлекет, жұмыс беруші және қызметкер арасында зейнетақымен қамсыздандыру үшін жауапкершілікті әрі қарай оңтайлы үлестіру мүмкіндігіне жол ашады. Бұл үш құрамдас бөлік – базалық зейнетақы, жинақтаушы зейнетақы және шартты-жинақтаушы зейнетақы біздің болашақ зейнеткерлерге, олар зейнеткерлік жасқа толғанда кәрілікте ештеңеден мұқтаждық көрмей, лайықты төлем алып тұруға мүмкіндік туғызады.

– Жүйедегі өзгерістер туралы толық түсінік бергеніңізге рахмет!

Әңгімелескен

Тоқтар ЗІКІРИН,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp