Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 18 маусымдағы №841 Жарлығымен Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы бекітілді.
Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесін жаңғыртудың қажеттігі:
1) ортақ зейнетақы мөлшерінің азаюынан және зейнетақы төлем көздерін одан әрі әртараптандырудан;
2) ұзақмерзімді демографиялық трендтерден және экономикалық даму циклінен;
3) зейнетақымен қамсыздандыру жауапкершілігін мемлекеттің, жұмыс беруші мен қызметкердің арасында бөлуді одан әрі оңтайландыру қажеттігінен туындап отыр.
Тұжырымдама ұзақмерзімді перспективаға арналған.
Бірінші кезеңде (2016-2020 жылдар) құқықтық негіздерді әзірлеу және зейнетақы жүйесін жаңғыртудың бірінші кезектегі шараларын іске асыруды қамтамасыз ету жоспарлануда.
Бұл кезеңде мынадай негізгі бағыттар іске асырылатын болады:
1) зейнетақымен қамсыздандырудың ең төменгі кепілдіктері жүйесін жетілдіру.
Бүгінгі күні зейнеткерлік жасқа толған адамдарға:
1) еңбек өтілі мен орташа айлық жалақыны есепке алусыз кепілдік базалық зейнетақы төлемі;
2) ортақ зейнетақы 1998 жылғы 1 қаңтарға жұмыс өтілі мен 1995 жылдан бастап кез келген 3 жыл үшін орташа айлық табыстан есептелінеді;
3) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан зейнетақы (егер жинағы болса);
1-ші мысал: Азамат А. зейнетақы жасына 2014 жылғы 1 қазанда толды.
1998 жылғы 1 қаңтарға еңбек өтілі: 25 жыл.
Зейнетақыны есептеу үшін ұсынылған орташа айлық табысы – 60 000 теңге.
Оған:
1. Базалық зейнетақы төлемі – 10450 теңге.
2. Ортақ зейнетақы 36 000 теңге тағайындалды.
Барлығы: 46450 теңге.
2-ші мысал: Азамат С. зейнетақы жасына 2014 жылғы 1 қазанда толды.
1998 жылғы 1 қаңтарға еңбек өтілі: 20 жыл.
Зейнетақыны есептеу үшін ұсынылған орташа айлық табысы – 60 000 теңге.
Оған:
1. Базалық зейнетақы төлемі – 10450 теңге.
2. Ортақ зейнетақы 28 800 теңге тағайындалды.
Барлығы: 39250 теңге.
3-ші мысал: Азамат В. зейнетақы жасына 2014 жылғы 1 қазанда толды.
1998 жылғы 1 қаңтарға еңбек өтілі: 35 жыл.
Зейнетақыны есептеу үшін ұсынылған орташа айлық табысы – 60 000 теңге.
Оған:
1. Базалық зейнетақы төлемі – 10450 теңге.
2. Ортақ зейнетақы 42 000 теңге тағайындалды.
Барлығы: 52 450 теңге.
Осылайша мынадай жағдай қалыптасып отыр: барлық зейнеткерлер олардың еңбек өтіліне қарамастан, бірдей базалық зейнетақы төлемін, яғни күнкөріс минимумынан 50 пайыз алып отырады. Бүгінгі күні базалық зейнетақы төлемі – 10 450 теңге.
Халықаралық тәжірибені ескере отырып, зейнеткерлер арасында кедейліктің алдын алу және еңбекке қабілетті жастағы азаматтардың экономикалық белсенділігін ынталандыру мақсатында 2017 жылғы 1 шілдеден бастап:
1) базалық зейнетақыны азаматтар зейнеткерлік жасына жеткен кезде ғана, сондай-ақ, зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты тағайындауға көшуді жүзеге асыру;
2) зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі 10 жылдан кем адамдар үшін ең төменгі күнкөріс шамасының 50%-ы мөлшерінде әлеуметтік зейнетақы белгілеу;
3) базалық зейнетақы мөлшері 10 жылдан асқаннан кейін әрбір жылға 2%-ға ұлғайтылады және қатысу өтілі 35 жыл және одан көп болса, ол ең төменгі күнкөріс деңгейіне тең болады.
Сөйтіп:
– еңбек өтілі 0-ден 10 жылға дейін – базалық зейнетақы мөлшері күнкөріс минимумынан 50%-ды құрайды;
– еңбек өтілі 20 жыл – күнкөріс минимумынан 70%-ды құрайды;
– еңбек өтілі 25 жыл – күнкөріс минимумынан 80%-ды құрайды;
– еңбек өтілі 35 жыл – күнкөріс минимумынан 100%-ды құрайды.
Ұсынылып отырған өзгерістер тек зейнеткерлер арасында кедейлікті азайтуға ғана емес, сонымен қатар азаматтардың еңбекке ынтасын күшейтуге және еңбек қатынастарын заңдастыруға бағытталған.
Олар қазіргі зейнеткерлердің де, сол сияқты болашақ зейнеткерлердің де мүдделеріне сай келеді.
Қазіргі зейнеткерлер үшін зейнетақымен қамсыздандырудың ортақ, сол сияқты жинақтаушы жүйелеріне қатысу өтілін ескере отырып, базалық зейнетақыны қайта есептеу жүргізілетін болады. Бұл еңбек өтілі көп болса да, зейнетке шыққан кезде табыстары туралы мәліметтердің, сондай-ақ, заңнамалық тұрғыдан белгіленген шектеулердің болмауына байланысты төмен мөлшерде зейнетақы алатын зейнеткерлер үшін зейнетақы төлемдерінің мөлшерін арттыруға мүмкіндік береді.
Жасы бойынша зейнетақы төлемдері – бұл Орталықтан толық көлемде зейнеткерлік жасқа толғанда:
1) ерлерге – 1998 жылғы 1 қаңтарға кемiнде жиырма бес жыл еңбек өтілі болғанда;
2) әйелдерге – 1998 жылғы 1 қаңтарға кемiнде жиырма жыл еңбек өтілі болғанда тағайындалады.
Бірақ жасы бойынша зейнетақы үшін еңбек өтілі 1998 жылғы 1 қаңтарға ғана есептеледі, осылайша зейнетақыны есептеу үшін еңбек өтілі азайып отырады, жаңа тағайындау үшін еңбек өтілінің коэффициенті төмен болады және оған сәйкес зейнетақы да төмен болады.
Егер ерлерде 1998 жылғы 1 қаңтарға еңбек өтілі 25 жылдан кем болса, ал әйелдерде 20 жылдан аз болса, онда зейнетақы толық емес көлемде тағайындалады.
“Толық емес көлемдегi жасына байланысты зейнетақы төлемдерi 1998 жылғы 1 қаңтарға алты айдан кем емес еңбек өтілінің болуына қарай Орталықтан толық көлемiнде зейнетақы төлемдерiн алу құқығы болмаған азаматтар санатына тағайындалады”. 2043 жылдан кейін зейнетке шығатын адамдарға ынтымақты зейнетақы (жасы бойынша зейнетақы) төленбейтін болады, себебі оларда 1998 жылға дейін еңбек өтілі жоқ. Оларға жинақтаушы зейнетақы жүйесіндегі қатысу өтілінен есептелген базалық зейнетақы төленеді. Өтілі көп болса, соның ішінде жинақтаушы зейнетақы жүйесінде көп болса, сонша базалық зейнетақы да көп болады. Жинақтардың сомасы көп болса, БЖЗҚ-дан да зейнетақы төлемдері де көп болады. Зейнет жасына толмаған адамдар Зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғыртудың тұжырымдамасы бірінші кезекте солар үшін жасалғандығын түсінулері қажет. Жұмыс істейтіндер өздерінің зейнетақы аударымдарының уақтылы және толық аударылуын қадағалап отырулары тиіс.
Тұжырымдама бойынша, зейнетақымен қамсыздандырудың жаңа қайнар көзі – шартты-жинақтаушы зейнетақы енгізіледі.
Зейнетақымен қамсыздандырудың барабарлығын сақтау үшін 2018 жылдан бастап зейнетақы жүйесінің жаңа шартты-жинақтаушы құрамдауышын енгізу ұсынылады.
Жаңа шартты-жинақтаушы құрамдауышында зейнетақымен қамсыздандырудың жинақтау, сол сияқты тарату қағидаттары да бар.
Өздерінің пайдасына жұмыс берушілер өз қаражаты есебінен қызметкер табысының мөлшерінен есептелетін 5% міндетті зейнетақы жарналарын аударатын қызметкерлер шартты-жинақтаушы құрамдауышына қатысушылар болып табылады.
Шартты міндеттемелерді есепке алу БЖЗҚ-да ашылған жеке шоттарда жүргізіледі. Зейнетақы төлемдері өмір бойы жүргізіледі. Жинақтар шартты болып табылады, мұраға қалдырылмайды және жүйеге қатысушының меншігі болып табылмайды. Зейнетақы төлемдеріне құқық басталатын ең төменгі өтіл 5 жылды құрайды. Белгіленген зейнеткерлік жасқа жеткен кезде ғана төлемдер жүргізіледі.
Базалық зейнетақы есебінің өзгертілуі, шартты-жинақтаушы компонентті енгізу зейнетақымен қамсыздандыру үшін жауапкершілікті мемлекет, жұмыс беруші және қызметкер арасында әрі қарай үлестіруді оңтайландыру мүмкіндігіне жол ашады. Бұл үш компонент – базалық зейнетақы, жинақтаушы зейнетақы және шартты-жинақтаушы зейнетақы біздің болашақ зейнеткерлерге, олар зейнеткерлік жасқа толғанда кәрілікте ештеңеден мұқтаждық көрмей, лайықты төлем алып тұруға мүмкіндік туғызады.
Бәтима СМАҒҰЛОВА,
облыстық зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталығының директоры.