Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев зейнетақымен қамсыздандыру жүйесін жетілдіруге бағытталған “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зейнетақымен қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.
Онда базалық зейнетақы төлемін тағайындау тәртібін өзгерту; жұмыс берушінің қосымша 5 пайыздық міндетті зейнетақы жарналарын (ЖМЗЖ) белгілеу есебінен зейнетақы жүйесінің жаңа шартты-жинақтаушы құрамдауышын енгізу; күш құрылымдарының қызметкерлерін зейнетақымен қамсыздандыруды толық мемлекеттік қамсыздандыруға ауыстыру секілді нормалар енгізу қарастырылған.
Базалық зейнетақы төлемін тағайындау тәртібінің өзгеруіне байланысты қосымша құжаттарды тапсыру қажет болмайды. Бұл туралы елордада өткен баспасөз мәслихатында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінде вице-министр Светлана Жақыпова мәлім етті. “Осы бағыттағы барша жұмыстар мәліметтердің орталықтандырылған базасынан жүргізіледі”, – деді министрдің орынбасары. Оның сөзіне қарағанда, аталған орталықта барлық қазақстандықтардың еңбек өтілі бойынша толық ақпарат жинақталған.
Қазақстандықтардың 10 пайыздық зейнетақалық жарнасы есебінен жиналған қаржы мұраға қалдырылады. «Еңбекақыдан ұсталып отырған, яғни жеке зейнетақылық есепшотыңызда жатқан қаржы – әр адамның мұрасы”, – деді вице-министр. Заңнамаға бұған қатысты ешқандай өзгерістер енгізілген жоқ. Салымшы кенеттен дүние салған жағдайда осы қаржы жақындарына мұра ретінде қалдырылады. “Ал жұмыс беруші аударатын 5 пайыздық жарналар мұраға жатпайды”, – деді Светлана Жақыпова.
Вице-министрдің айтуынша, Еуразиялық экономикалық одақ елдері зейнетақыны экспорттау туралы келісімді қарастыруда. “Құжаттың жобасы сарапшылар деңгейінде талқыланып жатыр. Атап айтқанда, келісім аясында Ресейден Қазақстанға, керісінше Қазақстаннан Ресейге, сондай-ақ, дәл солай Беларусьпен арада зейнетақы экспортын іске асыру қарастырылған”, – деді министрдің орынбасары. Мысалы, зейнеткер Ресейден Қазақстанға қоныс аударса, онда ресейлік Зейнетақы қоры оның жинаған сақтандырылған зейнетақысын аударып отыруға міндетті. Сонымен қатар, вице-министр бұл келісім 2018 жылы күшіне енуі мүмкін екенін атап өтті.
“ҚазАқпарат”.