“Нұр Отан” партиясы облыстық филиалында білім беру және денсаулық сақтау салаларының қызметкерлеріне зейнетақы жүйесіндегі өзгерістер туралы түсінік берілді.
Бүгінгі таңда өңір тұрғындарының өздерінің жеке зейнетақы есеп-шоттарында жинақтаған қаражатының жалпы құны 166,9 млрд. теңгені құрайды. 349 мың адам – бірыңғай зейнетақы жинақтау қорының салымшылары. Зейнеткерлердің 100 мыңға жуығы орташа 50 мың теңге көлемінде зейнетақы алады.
Бірыңғай зейнетақы жинақтау қоры өңірлік филиалының басшысы Сапарғали Шамшуменов 2018 жылдың қаңтар айынан бастап әйелдердің зейнеткерлікке шығатын жасына жарты жылдан қосыла отырып, біртіндеп ұлғайтылатынын айтты. Нәтижесінде 2027 жылы әйелдердің зейнеткерлікке шығу жасы 58-ден 63-ке көтеріледі.
Зейнетақы тағайындау саясатының 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап өзгертілуіне байланысты базалық зейнетақы көлемі 9 пайызға ұлғайтылады. Оны есептеу кезінде зейнеткердің салымшы ретінде зейнетақы жинақтау жүйесіне қатысқан жылдары есепке алынады. Салымшы ретіндегі өтілі 10 жылдан асқан жағдайда әр жылға ең төменгі күн-көріс деңгейінің 2 пайызы қосылады. Егер салымшының өтілі 10 жылдан кем болса, онда базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50 пайызы көлемінде есептеледі. Бұл жаңашылдық 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап енгізіледі.
Салымшының еңбек өтіліне, жинақтаған зейнетақысының көлеміне қарай мемлекеттік бюджеттен ынтымақты зейнетақы төленеді.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.