
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев зейнетақы мен жәрдемақыны 10 пайызға индексациялауды тапсырған болатын. Жылдың басында зейнетақы және мемлекеттік жәрдемақылар – 5 пайыз, ынтымақты зейнетақы 7 пайызға жоғарылаған.
2020 жылдың 1 сәуірінен зейнетақы және жәрдемақылар мөлшері тағы 5 пайызға өсіп отыр, сонда жылдық өсім – 10 пайызды, ал ынтымақты зейнетақы 12 пайызды құрайды.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 8 сәуірдегі “2020 жылға арналған нақтыланған республикалық бюджет туралы” №299 Жарлығына сәйкес 2020 жылдың 1 сәуірінен бастап:
ең төменгі зейнетақы мөлшері – 40411 теңге;
ең төменгі күнкөріс деңгейі – 32668 теңге;
айлық есептік көрсеткіш – 2778 теңге;
ең төменгі базалық зейнетақы – 17641 теңгені құрады.
2020 жылдың 1 сәуірінен зейнетақы төлемін есептеу барысында қолданылатын максималды табыс – 127788 теңге.
Күнкөріс минимумының өзгеруіне байланысты мемлекеттік базалық зейнетақы, мүгедектігі және асыраушысынан айырылу бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшерлері 5 пайызға жоғарылады. Мысалы: 1-топ мүгедектігі бойынша жәрдемақы мөлшері 2020 жылдың 1 қаңтарында 59872 теңге болса, 1 сәуірден бастап 62723 теңгені құрайды.
№1 және №2 тізім бойынша мемлекеттік арнайы жәрдемақылардың мөлшерлері айлық есептік көрсеткіштің өзгеруіне байланысты көтерілді.
2020 жылдың 1 сәуірінен баланың тууына байланысты біржолғы және бала бір жасқа толғанға дейін бала күтіміне тағайындалатын мемлекеттік жәрдемақыларды тағайындау кезінде 2778 теңге мөлшеріндегі айлық есептік көрсеткіш қолданылатын болады. Мысалы: 1,2,3 бала туған кезінде төленетін біржолғы жәрдемақы 38 АЕК – 105564 тг., 4 және одан көп бала туғанда 63 АЕК – 175014 теңгені құрайтын болады.
Мүгедек баланы күтіп отырған ата-аналарға төленетін жәрдемақы күнкөріс минимумының өзгеруіне байланысты 1 сәуірден бастап 45736 теңгені құрайды.
Облыс бойынша 135 мыңнан астам адам зейнетақы және жәрдемақы алады.
Жаңа мөлшердегі зейнетақы мен жәрдемақыларды азаматтар мамыр айында (сәуір айының айырмасын қоса отыра) алады.
Гүлбақыт МАНАБАЕВА,
Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары.
Сурет: https://otyrar.kz/