2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап күш құрылымдарының барлық қызметкерлері республикалық бюджеттен зейнетақымен қамтамасыз етілетін болады.
Аталған шара еңбек сіңірген жылдары 1998 жылға дейін кемінде 10 жыл болған күш құрылымдары қызметкерлерінің зейнетақы мөлшерін көбейту мақсатында қабылданып отыр. Бұрын олар бюджеттен толық көлемде зейнетақы алмаған. Бұл орайда олардың Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы шоттарына мемлекеттік бюджет есебінен қызметкер табысының 20 пайыз мөлшерінде міндетті зейнетақы жарналары (табысының 10% мөлшерінде міндетті зейнетақы жарналары аударылатын БЖЗҚ-ның басқа салымшыларын қоспағанда) төленіп отырылды. Енді 1998 жылғы 1 қаңтарда еңбек сіңірген жылдары 10 жылдан аз қызметкерлерге бұрын тағайындалған зейнетақы төлемдерінің мөлшері қайта есептелетін болады. Зейнетақы төлемдерінің мөлшерін бұрын алынған табысқа салыстырылған толық көлемге дейін ұлғайту көзделген.
Әскери қызметшілердің зейнетақыларын қайта есептеу үшін қойылатын талап – бұрын бюджеттен аударылған міндетті зейнетақы жарналарының 50 пайызын республикалық бюджетке қайтару. Ол үшін әскери қызметші зейнетақы жарналарын аударған тиісті уәкілетті мемлекеттік органға жазбаша өтініш беруі керек.
Зейнетақы жарналарының жартысы және есептелген инвестициялық табыс БЖЗҚ салымшысы болып табылатын күш құрылымдары қызметкерлерінің жеке зейнетақы шоттарында қалады. Олар зейнетақы жинақтарының қалған жарты бөлігін пайдалану құқығын зейнетақы заңнамасының нормаларына сәйкес жалпы негіздер бойынша жүргізіледі. Қандай да бір себептермен зейнетақы жарналары қайтарылмаған әскери қызметшілер де осы талаптармен зейнетақы төлемдерін алатын болады. Сондай-ақ, әскери қызметшілердің пайдасына міндетті зейнетақы жарналарын төлеу тоқтатылады. 2016 жылдан бастап еңбек қызметінің жалпы өтілі кемінде 25 жыл болған, оның ішінде 12 жыл 6 ай бойы үздіксіз әскери қызметте болған әскери қызметшілер еңбек сіңірген жылдары бойынша зейнетке шығады әрі республикалық бюджеттен төлем алады. Әскери қызмет үшін шекті жасқа келу, штаттардың қысқаруы немесе денсаулық жағдайы әскери қызметті тоқтатуға негіз болып табылады.
“Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры” АҚ-ның баспасөз орталығы.