«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЗЕЙНЕТАҚЫ ТАҒАЙЫНДАУ ЖОЛДАРЫ

2018 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарына қосымша 5 пайызбен жаңа шартты-жинақтаушы зейнетақы жүйесі қалыптаспақ. Салымды қорға жұмыс беруші аударады. Ондай салым азаматтардың меншік жинағы саналмайды және оны мұраға қалдыруға болмайды.

Зейнетақы жинақтау қорының бұл бағытын түсіндіріп өткеннің артықтығы болмас деп ойлаймын. Жұмыс істейтін азаматтардың басым бөлігі қорға 10 пайыздық міндетті зейнетақы жарнасын аударады. Жаңа шартты-жинақтаушы зейнетақы жүйесін қалыптастырудың да өзіндік мақсаттары бар. Алайда, көпшілік бұл өзгерістерді дұрыс түсінбей, жұмыс берушілер жалақыны 5 пайызға кемітеді деп ойлайды. Ендеше, осы мәселені қарапайым тілмен түсіндіріп көрейін.

Бүгінгі таңда зейнетақы үш бөліктен тұрады. Олар: базалық, ортақ және жинақтаушы. Базалық – ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50 пайызы. Зейнетақының бұл бөлігі еңбек өтіліне қарамастан, зейнеткерлердің барлығына мемлекеттік қазынадан төленеді. Ортақ зейнетақыны 1998 жылға дейін аз дегенде жарты жыл еңбек өтілі болған адамдар алады. Оған жоғары оқу орындарында оқыған жылдар кіреді. Ол да бюджеттен төленеді. Яғни, бұл бөлікті соңғы болып 1979-1980 жылдары туған азаматтар алады. Ал жинақтаушы жүйе дегеніміз салымшының өзі аударатын жинақ бөлігі, басқа сөзбен айтқанда, 1998 жылдан бастап жалақыдан жеке зейнетақы шотына аударылып отырған 10 пайыздық жарна қарттық шақта күнкөріс көзін қалыптастырады.

Жаңа шартты-жинақтаушы зейнетақы жүйесінің маңызын анықтау үшін ортақ зейнетақыға оралайық. Кеңес одағы кезінде бір зейнеткер үшін төрт адам жұмыс істеген. Төрт еңбеккер тиісті салығын төлеп отырса, бір адам зейнет демалысының рақатын көрген. Алайда, үкімет құлап, дағдарыс орын алған кезде халықтың жұмыс істейтін бөлігі айтарлықтай азайды. Бұл мемлекет қазынасындағы түсімге үлкен әсер етті. 1998 жылға қарай бір зейнеткерге 1,8 жұмыскерден келді. Сондай-ақ, соғыстан кейінгі 50-60-жылдары бала туу жоғары деңгейде болса, 90-шы жылдары оның деңгейі төмендеп кетті. Осының салдарынан бүгінгі жұмыс істейтін 25-30 жастағылар 65-75 жастағы зейнеткерлерді толық көлемде қамтамасыз ете алмайды. Өйткені, жұмыс істейтін халықтың саны кеңес заманымен салыстырғанда екі есеге азайған. Бірақ зейнетақы жарналарын үздіксіз аударатын жұмыскерлер саны 90-шы жылдардың аяғына қарағанда көбейген. Осы деректерді және 1998 жылға дейінгі еңбек өтілінің барған сайын азайып келе жатқанын ескерсек, ортақ зейнетақы бөлігін біртіндеп ауыстыру қажеттілігі туындап отырғанын көреміз.

Бірыңғай зейнетақы жинақтау қорындағы 10 миллион шоттың ішінде қорға үздіксіз жарна аударатын салымшылар саны 6,4 миллион адамды немесе халықтың жұмыс істейтін бөлігінің 75 пайызын құрайды. Қалған белсенді, бірақ жарна аудармайтын тұрғындар (бүгінгі күнде олар 3,5 миллионнан асады) зейнет жасына жеткен кезде “лайықты” зейнетақы алғылары келеді.

Үкімет осының барлығын жан-жақты есептеп, халықаралық тәжірибелерді сараптап, заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді жөн санады. Онда базалық зейнетақы да өзгертілген. 2018 жылдан бастап 10 жыл және одан аз өтілі болған немесе өтілі мүлдем болмаған жағдайда зейнетақы мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50 пайызына тең болады. Ол әрбір келесі толық жыл үшін 2 пайызға ұлғайтылады. Яғни, 20 жылдық өтіл болғанда, базалық зейнетақы 70 пайыздық, 30 жыл болғанда 90 пайыздық, 35 жыл және одан да көп болғанда 100 пайыздық ең төменгі күнкөріс деңгейін құрайтын болады. Өтіл еңбек кітапшасындағы жазбалармен ғана емес, БЖЗҚ-ға тұрақты аударылған зейнетақы жарналарымен де расталады.

Зейнетақының жалпы сомасына жұмыс беруші есебінен төленетін жарналар да қосылуы тиіс. Жұмыс берушінің жаңа 5 пайыз міндетті зейнетақы жарналарының басты артықшылығы мынада: жұмыс берушілердің жарнасы аударылған зейнеткер өзінің шартты зейнетақы шотындағы қаражат таусылса да, басқа жинақ есебінен зейнетақыны өмір бойы ала алады. Жинақтар мұраға қалдырылмайтын болғандықтан, жүйеден кеткен адамдардың жинақтары басқа қатысушылардың шоттарына бөлінеді.

Зейнетақы жүйесі үздіксіз дамып отыруға тиіс. Қазақстанның зейнетақы үлгісінде үш тарап: мемлекет, жұмыс беруші мен салымшы қатыстырылады және олардың мүдделі болуы көзделеді. Мемлекет зейнетақының базалық деңгейіне, зейнетақы жинақтарының сақталу кепілдігіне және БЖЗҚ-ның қызметіне жауап береді. Өйткені, зейнетақы – ертеңгі күннің күнкөріс көзі.

Рамазан МҰҚАНОВ,

“Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры” АҚ

облыстық филиалының директоры.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp