«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЗЕЙНЕТАҚЫ ҚОРЫНА ҚАТЫСТЫ БЕС САУАЛ

“Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры” АҚ-ның басылымдардағы “5 сауал” атты тұрақты айдары бойынша қаржы жинақтау институтының Солтүстік Қазақстан облысындағы филиалының директоры Рамазан Мұқанов жауап береді.

– Бүгінгі таңда қазақстандықтар зейнетақы төлемінің қандай үлгілерін қолданады?

– Қазақстанда зейнетақымен қамсыздандырудың үш деңгейі бар. Бірінші деңгейде зейнетақы төлемдері халықтың жұмыс істейтін бөлігінің салық аударымдарынан құралып, мемлекеттік бюджет есебінен жүзеге асырылады. Ол базалық және еңбек деп аталатын екі бөліктен құралған. Базалық зейнетақы немесе демогранттар барлық зейнеткерлерге төленеді. Еңбек өтіліне қарамастан, барлық зейнеткерлер базалық зейнетақы алады, оның мөлшері республикалық бюджет туралы заңмен белгіленген. Зейнетақы мөлшері еңбек өтілімен, сондай-ақ, 1995 жылғы 1 қаңтардан бастап кез келген үш жылдың орташа айлық кірісімен есептеледі. Жұмыстағы үзілістер есепке алынбайды. Осы деңгейде зейнетке шыққан адамның еңбек өтілі 1998 жылдың 1 қаңтардағы жағдай бойынша кемінде 6 айды құрауға тиіс. Екінші деңгейде Қазақстан азаматтары, Қазақстанда тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғалардың ай сайынғы табысының 10 пайызынан құралған міндетті зейнетақы жарнасы және зиянды әрі қауіпті өндірістерде жұмыс істейтін қызметкерлердің пайдасына жұмыс берушінің қаражаты есебінен ай сайынғы табысынан аударылатын 5 пайыз міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары бар. Ал үшінші деңгей – ерікті зейнетақы жарналарына (ЕЗЖ) негізделген жинақтау жүйесі. Оның көлемі, төлеу тәртібі мен кейінгі төлемдер ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарттағы келісімдер бойынша анықталады.  

– 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақы қалай есептелетіні туралы айтып берсеңіз.

– 2015 жылғы 4 тамызда Мемлекет басшысы “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зейнетақымен қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” Заңына қол қойды. Аталған заңға сәйкес 2017 жылғы 1 шілдеден бастап зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне қарай зейнет жасына жеткен кезде базалық зейнетақыны тағайындау тәртібін өзгерту көзделеді. Мәселен, зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі 10 және одан аз жылды құраған кезде немесе ол болмаған жағдайда базалық зейнетақының мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің (ЕТКД) 50 пайызына тең болады. Еңбек өтілі 10 жылдан асатын адамның әрбір толық жылы үшін базалық зейнетақысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен 2 пайызға ұлғайтылып отырылады, бірақ 35 жылдан жоғары еңбек өтілі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 100 пайызын құрайтын болады.

– Шартты-жинақтау бөлшегі дегеніміз не? Оның зейнетақыға әсері қандай?

– 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданыстағы жинақтаушы зейнетақы жүйесіне өзгерістер енгізіледі, яғни шартты-жинақтау бөлшегі немесе жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары (ЖМЗЖ) болады. Ол үшін БЖЗҚ-да әрбір қызметкерге шартты зейнетақы шоты ашылады, оның атына жұмыс беруші өз қаражаты есебінен қызметкердің ай сайынғы кірісінің 5 пайыз мөлшерін жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары есебіне аударып отырады. Бұл тетіктің басты артықшылығы – зейнеткердің шартты зейнетақы шотындағы қаражаты бітсе де, жұмыс берушінің аударған міндетті зейнетақы жарнасы кем дегенде 60 күнтізбелік айды құраса, зейнеткер ол бөлшекті өмір бойы ала алады.

– Зейнетақы жинақтары мұрагерге беріле ме?

– БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар адам қайтыс болған жағдайда оның есепшотында қалған міндетті, міндетті кәсіптік және ерікті зейнетақы жарналары Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мұрагерге беріледі. Ал жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары мұраға қалмайды. Өйткені, ол жарнаны жұмыс беруші аударады.

– Жаңа зейнетақы заңнамасын қабылдауға байланысты болашақ зейнетақы қоры қалай құрылатын болады?

– 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін кемінде 6 ай еңбек өтілі бар адамдар жинақтаушы және шартты-жинақтаушы жүйелердің төлемдерімен қатар, бюджеттен базалық, ортақ зейнетақы алатын болады. Сонымен зейнетақы бюджеттік қаражаттан және жинақталған зейнетақы қорынан қалыптасады. Бірінші жағдайда еңбек өтілі есебінен және базалық зайнетақыдан құралады. Ал жинақтаушы зейнетақы қорына қызметкердің ай сайынғы кірісінің 10 пайызы есебінен жиналған міндетті зейнетақы жарналары, зиянды әрі қауіпті өндірістерде жұмыс істейтін қызметкерлердің пайдасына жұмыс берушінің қаражаты есебінен ай сайынғы табысынан аударылатын 5 пайыз міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары және 2018 жылдан бастап жұмыс берушінің барлық қызметкерлер үшін шартты зейнетақы шоттарына аударатын 5 пайыз міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары енгізіледі. Бұл төлемдер 2023 жылдан бастап жүзеге асырылады деген болжам жасалып отыр. Зейнетақы жарналарына қатысты сауалдар туындаған жағдайда Қазақстан аумағында тегін 8-800-080-11-77 телефон нөмірі арқылы байланыс орталығынан немесе 1414 телефоны арқылы ортақ байланыстан ақпарат алуға болады.

Әңгімелескен

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp