
Петропавл полицейлері өзін еріктімін деп таныстырып, зейнеткерлерді алдаған қала тұрғынын құрықтады. Алаяқтың құрбанына айналған екі петропавлдық зейнеткер полицейлердің көмегіне жүгінді. 76 жастағы зейнеткер әйелдің айтуынша, күтпеген мейман өзін еріктімін деп таныстырып, Наурыз мейрамына орай әкімдіктің атынан мың теңге тарту етпекші болған. Сонымен қатар келесі күні азық-түлік пакетін әкеліп бермекші болып сендірген. Ол әжейге 5 мың теңге ұсынып, 4 мың теңгесін қайтарып беруді өтінген. Кейін анықталғанындай, бұл бесмыңдық жалған кәдесый болып шыққан. Әжейдің сеніміне кіріп алған әйел жалған екі мың теңгелігін де айыртып алған. Петропавлдық басқа зейнеткер әйел де дәл осындай жағдайға душар болды.
Алаяқ әйелді жедел іздестіруге кіріскен тәртіп сақшылары бір тәулік ішінде 39 жасар қала тұрғынын қолға түсірді. Ол бұған дейін де дәл осындай қылмыс жасағаны үшін жауапқа тартылған болып шықты. Тергеу жүргізілуде.