«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЗЕЙНЕТКЕРЛЕР ЖҰМЫСТАН КЕТКІСІ, АЛ ЖАСТАР КЕЛГІСІ ЖОҚ

 Зейнет жасы – әр адамның өміріндегі маңызды белес. Осы бір белеске көтерілуді ұзақ жыл еңбек етіп, егде тартқан әрбір жан армандайды. Зейнет жасына жеткендердің сүйіншілеп той жасап, думандатып жататыны да сондықтан. Еңбектен қол үзбей, қызметін жалғастыра беруге ниеттілер де көп. Соңғы жылдары елімізде ондай зейнеткерлердің саны артып келеді. Тіпті 80-85 жасқа келсе де жұмысын тастамағандар бар.

Соңғы екі жылда Қазақстандағы жұмыс істейтін зейнет жасындағылардың саны 45 пайызға артқан. Өткен жылғы деректерге сүйенсек, елімізде егде тартқан 300 мыңға жуық адам түрлі салада тер төгіп жүр. Өткен екі жылда зейнет жасына жеткен 92 мың адам өз ісін әрі қарай жалғастыруды құп көріпті. Жұмыс істейтін егде тартқандардың ішінде 61-65 жастағылардың үлесі басым.

Мезгіл жетіп, шау тартқан шақта басқалармен қатар еңбек етудің оңай емесі анық. Алайда бұл табысты едәуір арттырып, қарттардың қаржылық жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді. Қанша дегенмен зейнетақының көп жағдайда жалақы сияқты жоғары бола бермейтіні белгілі. Қазіргідей қиын сәтте аға буынның аттан түспей жүргені дұрыс та шығар. Бұл топтағы азаматтар туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпованың мәлімдемесі көптің көңіліне күмән ұялатып, біршама адамның қарсылығын тудырғаны бар. «Зейнет жасына жетсе де, демалмай, жұмыс істеп жүрген жандар аз емес. Жұмыс істейтін зейнеткерлерге зейнетақысын төлемей, ол ақшаны бюджетте қалдыруды ұсынып отырмыз. Бюджеттен төленетін төлемдерді олар зейнет демалысына шыққанға дейін тоқтата тұру мәселесін жан-жақты қарастырған абзал. Жиған-терген білімі, тәжірибесі бар аға буын өкілдерінің жұмыс істей берулеріне ешкім қарсылық танытпайды», – деген министр өзінің де зейнет жасына жеткен соң еңбек ете беретінін айтты. Әлеуметтік салаға жауапты министрдің осылай деуі мұң екен, ел арасында күбір-күбір әңгіме тарап, тұрғындардың көбі қарсылығын білдіріп жатты. Қоғам белсенділері, әлеуметтанушылардан бастап, экономисттерге дейін аталған бастаманың халықтың әл- ауқатына кері әсер ететінін жасырмайды.

Министрдің сөзінше, жаңа ұсыныс қолдау тапқан жағдайда, зейнет жасына жеткендердің таңдау жасауларына тура келеді. Егер олар қызметін әрі қарай жалғастырғысы келсе, зейнетақы төлеу тоқтатылады. Ал егер демалысқа шығамын десе, еңбектен бас тартуы тиіс. Бірыңғай жинақтаушы зейнет-ақы қорының облыстағы өкілі Ғалия Мұқанованың айтуынша, 2025 жылғы салаға енгізілген жаңашылдықтардың ішінде жоғарыда айтылған өзгерістер жоқ.

– Елімізде ерлер – 63, әйелдер 61 жаста зейнет демалысына шығады. 2027 жылдың 31 желтоқсанынан кейін әйелдердің зейнет жасы біртіндеп 63 жасқа жеткізіледі. Жұмыс істейтіндер қорға жинақталған ақшаның белгілі бір бөлігін мерзімінен бұрын пайдалана алады. Ал еңбек өтілі жеткілікті зейнеткерлерге бұл ақшаны толығымен шешіп алуларына мүмкіндік берілген. 1975 жылдан бері қарай туғандар үшін жұмыс берушінің өз есебінен төлейтін жарнасы 1,5 пайыз болса, биыл бұл көрсеткіш 2,5 пайызға өсті. Аталған қаржы қорда жинақталып, жұмысшы зейнетке шыққанда оған ең төменгі күнкөріс көлемінің екі еселенген мөлшерінде ай сайын қаржы түсіп тұрады. Бүгінде елімізде үшсатылы зейнетақы жүйесі жұмыс істейді. Оған базалық, ынтымақты, міндетті төлемдер кіреді. Әзірге биылғы жылдың бірінші қаңтарынан енгізілген жаңашылдықтар осы, – дейді қор өкілі.

Жоғарыдағы ұсыныс Үкімет қабырғасында сөз болғанымен, оны жүзеге асыру ісі әлі талқыланбаған. Бұл мәселенің қарастырылып жатпағанын депутаттар да айтты.

Былайғы жұрт жұмыс істейтін зейнеткерлер жылы әрі жайлы кеңселерде көп деп ойлауы мүмкін. Себебі жұмысшы мамандардың шау тартқан шақта шаруадан қол үзбей жүруі қиын. Алайда статистика бюросының деректері керісінше, өндіріс салаларында тер төгетіндердің көп екенін көрсетіп отыр. Бүгінде зейнеткерлердің 39 пайызы ауыл шаруашылығы саласында тер төгуде. Бұған себеп – ауылдарға жастардың бармауы, агросала мамандарының тапшылығы болуы мүмкін. Зейнет демалысына шыққанымен, еңбек ететіндердің бестен бірі сауда, 16 пайызы білім беру саласында. Былтырғы деректер бойынша 65 жастан асқан мамандардың 59 пайызы бі-ліктілікті қажет етпейтін мамандықтар бойынша жұмыс істейді.

– Менің еңбек өтілім 48 жылдан асады. Соның 11 жылын «С.М.Киров атындағы зауытқа» арнадым. Мамандығым – электр жөндеуші. Күнделікті қуат көзімен жабдықтауда, электр желілерінде, станоктардың жұмысы мен жарықтандыруда ақау болмауын қадағалаймын. Бұрындары «Қазақтелеком», «ҚазМұнайГаз» сияқты компанияларда еңбек еттім. Егер күш-қуат жетіп тұрса, неге өндіріске өз пайдамды тигізбеске? Оған қоса қазіргі жастардың көбі өндірісте еңбек еткісі келмейді. Колледж студенттері тәжірибеден өтуге келгенімен, оқу бітірген соң қайтып оралатындары аз. Келгендері де көп жүрмей кетіп қалып жатады. Сондықтан тәжірибелі мамандар қай кәсіпорында болсын тапшы, – дейді Есенғали Растенов.

Былтыр елімізде арнайы санаттағы зейнеткерлердің әлеуметтік жағдайын арттыру үшін бірқатар шешімдер қабылданған. Ғалия Мұқанованың сөзінше, қиын жағдайларда тер төгетін аға буынның табысы артыпты. Министрліктің шешімімен денсаулыққа зияны көп жағдайда жұмыс істейтін 55 жасқа жеткен жандарға арнайы төлем беріле бастаған. Осы жасқа жеткен мамандар ең төменгі күнкөріс деңгейі көлемінде мемлекеттен 2, жұмыс берушіден 1, сақтандырушы компаниядан 1 төлем алады. Бұдан бөлек жинақтаушы қордан төленетін қаражат та бар.

Елде еңбекке жарамды 11 млн. адам болса, зейнеткерлер соның үш пайызына да жетпейді. Демек егде жастағыларды еңбек нарығына айтарлықтай әсер етіп жатыр деп айту қиын. Керісінше жұмысты ауырсынбайтын аға буынның арқасында өндіріс пен ауыл шаруашылығындағы тұрақтылық сақталып тұрған сыңайлы. Алдағы жылдары зейнетке шығатындардың бір бөлігі өз орнында қалғанымен, көрсеткішке пәлендей өзгеріс енгізбесі анық. Олардың зейнетақысын қысқартқаннан қазынамыз толып, бүйіріміз шығып кетпейтіні тағы аян. Бюджетті үнемдемек тұрмақ, 300 мың зейнеткер зейнет демалысына шығып кетсе, олардың орнын алмастырар маман таба қою да оңай болмас.

Алайда кейінгі буын өкілдерінің бұған қатысты айтар өз уәжі бар. Олардың сөзінше, бүгінде білімі мен білігі жетіп тұрса да, тәжірибелі мамандармен бәсекелестікке төтеп бере алмай, екі қолға бір күрек таппай жүргендер көп екен.

– Бір қызығы, елімізде жұмыс істейтін зейнеткерлер мен жұмыс істемейтін жастардың көрсеткіші бірдей. 300 мың аға буын өкілі демалысқа шықпай жүрсе, дәл осынша жас жұмыссыз ретінде тіркелген. Мемлекет бірнеше бағдарлама қабылдап, қыруар қаржы бөлгенімен, жастардың жұмыссыздық көрсеткіші азаймай келеді. Керісінше жыл сайын еңбек нарығына жүздеген мың маман келеді. Бұл ағын жыл өткен сайын арта бермек. Сондықтан бұл ретте олардың да мүддесін ескеріп, жас ұрпақтың ертеңін ойлауымыз керек. Аға буынның жастарға орын бергені абзал, – дейді белсенді жастардың бірі Ерлан Шыңғысұлы.

Аталған мәселеде өзгеріске қарсы тараптың даусы қаттырақ шыққаны анық. Онсыз да қымбатшылықтың қыспағында қалған халықтың зейнеткерлердің жайына алаңдағаны дұрыс та шығар. Дау тудырған мәселеге тағы оралған сала министрі күні кеше: «Бұл тәжірибені енгізу тек ұсыныс, жастарды жұмыспен қамтудың бір шешімі ретінде қарастырылды. Яғни жасы келген азаматтар қаласа, зейнетке ерте шыға алады. Болмаса, зейнетке шығу уақытын созып, жұмысын жалғастыра береді. Мұндайда зейнетақы төленбейді. Бұл әзірге сарапшылардың ұсынысы ғана. Бұған қатысты алдағы 1-2 жылда ешқандай реформа болмайды. Ал қазір жұмыс істеп жүрген зейнеткерлердің ақшасына ешкім тиіспейді», – деп әзірге жұрттың алаң көңілін бір басқандай болды.

Диас АЯҒАН,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp