– Зейнолла Олжабайұлы, сіз біраз жылдан бері бағзы заманнан мирас болып қалған қасиетті жер- су атауларын қайта түлету, идеологиялық тұрғыдан ескірген қала, көше аттарын қазақшалау мәселесін көтеріп келесіз. Мағжан Жұмабаев ауданының орталығы Булаев қаласын Баян батырдың есімімен атау туралы ұсынысыңыз бүгінге дейін шешілмей келеді. Жалпы ономастика мәселесінің оңалмауына не себеп деп ойлайсыз?
– Ономастика мәселесі – ұлттық намыс қана емес, ұлттық саясат. Сондықтан оған терең мән беріп, жан-жақты қарау қажет. Тәуелсіз ел атанғанымызға 35 жылға таяп қалды. Өңірімізде атауы қазақтың ұлттық мүддесіне үш қайнаса да сорпасы қосылмайтын елді мекен, көше аттары көп. Бұл мәселе жалғыз Қызылжарға ғана емес, кеңестік солақай саясаттың қысымына көп ұшыраған солтүстік облыстарға ортақ. Елімізде бүгінге дейін ономастика туралы жеке заң қабылданған жоқ. Көше, жер-су, елді мекен атауларын қазақшалау туралы халық қалаулылары да айтып жатыр. Мен олардың пікірімен толықтай келісемін.
Булаев атауы төңірегінде түрлі жорамал бар. Бірінші нұсқада орыстар асырап алған қазақ баласы жол бұрушы болып жұмыс істеген көрінеді. Одан жергілікті тұрғындар «не істейсің?» – дегенде, «темір жолды бұлай-бұлай бұрамын» деп, содан «Булай» деп аталып кеткен деседі. Екінші нұсқа Булаев деген казактың есімімен байланыстырылады. Бірақ нақты дерек жоқ. Білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен елін, жерін қорғап, сақтап қалған тұлғаларымызды ардақтау – бәріміздің парызымыз. Осы жерде өмір сүрген, елін қалмақ-жоңғарлардан қорғаған Баян батырдың есімі қазіргі Булаев қаласына әбден лайық. Мен бұл мәселені отыз жылдан бері айтып келемін. Қолымда кезінде қазақтың аймаңдай перзенттері Әбіш Кекілбаев, Кәкімбек Салықовтар қол қойған хаттар да бар. Бар арманым Булаевтың Баян батырдың есімімен аталғанына куә болу.
– Сіз қажылық парызын өтеп келген ақсақалдың бірісіз ғой. Соңғы кездері әлеуметтік желіде болсын, қоғамда болсын кез келген кемшілікті ата дінімізбен сабақтастыра сөйлейтін топтар пайда болды. Олар елімізде «мешіттер көптеп салынуда» деп байбалам салуда. Сіз бұған не дейсіз?
– Мешіт – Алланың жердегі үйі. Олар көптік етпейді. Жалпы дін – өте нәзік тақырып. Әр адам Құдайға түрлі жолмен жақындайды. Қасиетті Рамазан айында мұсылмандардың басым бөлігі ораза ұстады. Ауызашар дастарқандарында жиі болдым. Бәсекеге айналып бара жатқандай көрінді. Біздің имандылығымыз дарақылыққа, көрсеқы зарлыққа салыну, мақтасын деген ниетпен ақшаны жөнді- жөнсіз дүниеге шашумен өлшенбейді ғой. Табақ толы ет қойып жарысамыз, үстел басында шанышқы қояр орын болмағанымен мақтанамыз. Өңірде мұсылмандықты берік ұстанатын өзге этнос өкілдері аз емес. Олардың көбі кәсіпкер. Жеке мейрамханалары мен дәмханаларында күн сайын тегін ауызашар жасаған кісілерді де білемін. Қарапайым сүйектің сорпасынан дайындалған, дәмі тіл үйіретін тағамдарды жұртшылыққа тегін таратты. Сырттай қарап отырып сүйсінесің. Ақшасы бар, қалталы кәсіпкерлер өздерінің аталарына арнап мешіт салуды әдетке айналдырып алды. Ол дұрыс емес.
Қазақстан – қартынан жеткіншегі көп жас мемлекет. Мектептің жетіспейтіндігі заңды. Соңғы жылдары өңірде жайлы мектептер бой көтеруде. Құдайға шүкір, қазақтардың саны күн сайын көбейіп келе жатыр. Петропавлда алты-жеті қазақ мектебі бар. Олардың санын неге көбейтпеске? Жаңадан салынып жатқан білім ордаларына аралас деп айдар тақпай, барлығын қазақ мектебіне айналдыру керек.
– Жуырда Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев шекара маңындағы елді мекендерді дамытуға, сақтап қалуға қатысты маңызды мәселе көтерді. Қазір «келешегі жоқ» деп танылған елді мекендер көп. Сіздің ойыңызша оларды қалай сақтап қала аламыз?
– Ауыл жайы сөз болғанда менің жүрегім ауырады. Шекара маңы бос жатыр. Мағжан Жұмабаев ауданының маңында Үшқызыл, Стаханов деген ауылдар болды. Одан бірнеше шақырым қашықтықта зират орналасты. Қазір сол бейітке бара алмаймыз. Көрші елдің шекарашылары кіргізбейді. Биылдың өзінде шамамен 40-48 ауыл картадан жойылғалы тұр. Сұмдық емес пе? Кезінде қаланың халқын ауыл тұрғындары асырады. Қазір бәрі керісінше. Ауылдықтар керек-жарағының бәрін қаладан алдыртады. Ауылды сақтау үшін елді мекен тұрғындарына жағдай жасалуы керек. Жол, су мәселесі өз алдына, шаруа қожалықтары ашылса, халық жұмыспен қамтамасыз етілсе жағдай оңалады. Қазақты аштықтан мал және егін сақтап қалған. Мал шаруашылығымен айналысуды «сәнге» айналдыру жағын қарастырған абзал. Өңірге шеттен, оңтүстік облыстардан көпбалалы отбасылар көшіп келіп жатыр. Біз оларға қандас, оралман деп емес бауырым деп қарап, жақын тартуымыз керек.
– Сіздің Мағжан Жұмабаевтың шәкірті Хамза Абдуллинмен жақын араласқаныңыздан хабардармын. Қаламгердің Мағжан ақынның қолжазбаларын сонау қылышынан қан тамып тұрған кездің өзінде өлеңді шын қастерлейтін жандарға сыйға тартқаны нағыз ерлік емес пе? Мені оның есімінің бүгінгі жаймашуақ заманда Мағжанмен қатар айтылмайтыны ойландырады. Бұған не айтасыз?
– Хамзекең Мағжанға деген адалдығынан өмір бойы айнымай өтті. Ол «Батыр Баян» поэмасы жазылған қолжазбаны менің қолыма мектепте оқып жүрген кезімде «Сенің бойыңда Баянның қаны бар. Түбі керек болады» деп ұстатқан еді. Ол Мағжанды алғаш рет 1927 жылы көргенін айтқан. Хамзаны жауапқа тартқанда тағылған кінәнің бірі «халық жауы» Мағжан Жұмабаевты насихаттауы» болатын. Мағжанның ақталуына Хамза Абдуллиннің де қосқан үлесі аз емес. Бұл пікірді кезінде Қазақстан Жазушылар одағы ресми түрде мойындады. Оны жас ұрпақ білуі керек. Мағжанның атымен оның шәкірті Хамзаның есімі де қатар аталуы тиіс. Біз тарихи шындықты қалпына келтіруге тырысуымыз керек. Тарихи тұлғалар өз бағасын алуы тиіс. Соның бірі – Хамза Абдуллин. Хамзекеңнің көрмеген қорлығы жоқ. Елге аман оралғанда да оны суық қабылдады. Қайда барса да алдынан «сотталғансың», «Отанға опасыздық жасағансың» деген суық сөздер шыға берді. Хамза Абдуллинді Мағжанмен қатар қастерлейтін уақыт жетті. Тарихшылар, әдебиетшілер неге осы мәселені көтермейді? Өңірімізде Хамзаның атымен аталатын бір көше жоқ.
– Осы күндері кейбір қариялардың бата берісіне, шыны керек, көпшілік қауымның көңілі тола бермейді. Төрде отырған аға буын батаны «сен бер, мен берге» салып, кейбір қариялар ұзақ-сонар қара сөзге көшіп, жиналған жұртты жалықтырып алып жатады. Бұл олқылық қайткенде түзеледі деп ойлайсыз?
– Бата берудің өз тәртібі бар. Ақсақалдардың көбі бата мен тілекті ажырата алмайды. Қазақ ұғымында батаның түрі көп. Атап айтқанда, дастарқан батасы, сапар батасы, ұзатылған қызға беретін бата, сонымен қатар бір тәңірден елге, жұртқа, қауымға жақсылық, тыныштық тілеп жасайтын бата деп жалғаса береді. Ал тілек деген орыстың «тост» деген сөзіне пара- пар. Негізінен бұл арақ-шарап құйылған ыдысты ұстап тұрып, көпшілікке тілек-сөз айту арқылы орындалатын дүние. Барлық жамандықтық бастауына баланған затты көтеріп тұрып жақсылық, амандық, бақыт тілеу ақылға сыя ма? Осы мәселені аға буын жиналатын жерде көтеріп-ақ жүрміз. Бірақ құлақ асатын кісі аз.
– Биыл 98 жастың биігіне көтерілесіз. Осы жасқа тың жетуіңіздің сыры неде?
– Анам марқұмнан қай айда дүниеге келгенімді сұрасам: «соғым сойғанда» деп жауап беретін. Біздің отбасы соғымды, әдетте, күздің ортасында, шамамен 15 қарашада соятын болған. Содан менің туған күнім құжатқа 15 қараша деп жазылды.
Адамның тағдыры оның ойына байланысты. Айналасына үнемі жақсылық ойлап жүретіндердің жаны ешқашан қартаймайды. Мен қиындықты да, жоқшылықты да көрдім. Бізді әке-шешеміз «өзіңнен бұрын өзгені ойла» деген қағидамен тәрбиеледі. Сиырымыз бұзауласа, ағайын-туысқа сүт тарататынбыз. Бір нан сатып алсақ жартысын көршімізге бердік. Біздің жас кезімізде қаңғыбастар деген мүлдем болған жоқ. Маскүнемдердің өзін қатарға қосуға талпындық. Қазір сол қайырымдылығымыздан, ізгі ниетімізден ажырап қалдық. Мені осы жасқа қайырымдылыққа деген құштарлығым жеткізген шығар деп ойлаймын.
– Ашық әңгімеңіз үшін рақмет!
Сұхбаттасқан
Нұргүл ОҚАШЕВА,
«Soltüstık Qazaqstan».
Суретті түсірген
Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.
ӨМІРДЕРЕК
Туған жері: Мағжан Жұмабаев ауданындағы Аралағаш ауылы.
Туған жылы: 1928 жылғы 15 қараша.
Марапаты: Мағжан Жұмабаев ауданының құрметті азаматы.