Республикалық “Зерде” зерттеу жұмыстары мен шығармашылық жобалар байқауының облыстық кезеңі өтті. Оған конкурстың аудандық және қалалық кезеңдерінде үздік деп танылған 250 жоба ұсынылды.
Байқауға қатысушылар қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі мен әдебиеті, математика және информатика, физика және техника, медицина мен психология, тарих, өлкетану және этномәдениет, химия мен биология, экология және валеология бағыттары бойынша өз жобаларын жеке және топпен қорғады. Байқау бастауыш буын оқушылары үшін Петропавл қаласындағы №5 орта мектепте (105 жоба), орта буындікі №43 орта мектепте (145 жоба) өтті.
Шал ақын ауданындағы Приишим орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Ирина Ворона байқауға болашақта дәрігер болуды армандайтын оқушысы Аида Аманбаеваны әкеліпті. Аида ауыл маңында өсетін өсімдіктерге қызығушылық танытып, оларды зерттеуді 3-сыныпта оқып жүргенде бастаған. “Ол өсімдіктерді фото-суретке түсіріп, энциклопедиядан тауып, олардың атауларын, емдік, тағы да басқа қасиеттерін анықтау үшін түрлі ғылыми кітаптардан материалдар іздеп, Интернетпен жұмыс істеді. Оқушылар мен ауыл тұрғындарының арасында сауалнама өткізіп, олардың өңірде өсетін өсімдіктерді қаншалықты танитындарын, қалай аталатындарын білетіндерін айқындады. Мен оған тек бағыт беріп отырдым. Аиданың еңбегі аудандық кезеңде жоғары бағаланды”, – дейді Ирина Александровна.
Оқушылардың байқауға ұсынған жобалары олардың өзіндік ізденушілігіне, шығармашылығына, сұрақтарға берген жауаптарының толықтылығына, тақырыпты ашу шеберліктеріне қарай бағаланды. “1-7-сыныптар аралығында өткен байқауда оқушылардың жас ерекшеліктеріне қарай әр секциядан бір жобадан (барлығы – 16 жоба) жеңімпаз деп танылды. Олар республикалық кезеңде облыс намысын қорғайтын болады”, – дейді облыстық білім саласындағы әдістемелік жұмыс және ақпараттық технологиялар орталығының аға әдіскері Айнұр Сүйіндікова.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
СУРЕТТЕ: байқауға қатысушы Аида Аманбаева.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.