«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЗЕРЕКТЕР ЖИНАЛҒАН “ЗЕРДЕДЕ” ЖЕҢДІ

1-7-сынып оқушылары арасында өткізілген республикалық “Зерде” шығармашылық жобалар мен зерттеу жұмыстары байқауы өз мәресіне жетті. Щучинск қаласында өткен биылғы байқауда өз бақтарын сынаған солтүстікқазақстандық оқушылар жоғары нәтижеге қол жеткізді. Дәстүрлі байқауды ұйымдастырушы – ҚР Білім және ғылым министрлігінің “Дарын” ғылыми-тәжірибелік орталығы.

Аталмыш байқау мектепішілік, аудандық, қалалық, облыстық деңгей бойынша жүргізілген. Нәтижесінде 16 солтүстікқазақстандық оқушы ақтық сайысқа жолдама алған болатын. Доданың соңғы кезеңінде олардың он төрті бірінші, екінші және үшінші орын алып, дипломдармен марапатталса, қалған екеуі арнайы грамоталарды еншілеп қайтты.  

Сайыс биология, химия, технология, этномәдениет, өлкетану секілді сегіз бағыт бойынша жүргізілген. Байқаудың негізгі мақсаты ғылыми-зерттеу жұмыстарына қабілетті оқушыларды анықтап, олардың білімге деген қызығушылығын арттыру болып табылады.

– Республикалық сайыстың шешуші сәтінде еліміздің түкпір-түкпірінен келген 350 оқушының 110 ғана өз білімдерінің жоғары екендігін дәлелдей білді. Олардың қатарында біздің оқушыларымыздың да болуы өңіріміздегі білім саласы үшін зор мәртебе, – дейді “Білім саласындағы әдістемелік ақпараттық технологиялар орталығы” мемлекеттік коммуналдық мекемесінің директоры Гүлдарай Қайнетова.

Самат ЕСМАҒИ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp