
“Ел болам десең, бесігіңді түзе!” – деп Мұхтар Әуезов айтқандай, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 2008 жылы зияткерлік мектептер құру жөніндегі жоба іске қосылған болатын. Ол Қазақстанның ХХІ ғасырдың басындағы қарқынды әлеуметтік-экономикалық дамуы жағдайында техникалық, басқарушылық және көшбасшылық құзыреті жоғары деңгейдегі мамандарға сұранысы туған шақта қолға алынған. Осы жоба аясында елімізде 20 мектеп ашу жоспарланса, соның он сегізіншісі – Петропавл қаласында пайдалануға берілген Назарбаев Зияткерлік мектебі. Мектеп математика, физика, информатика, химия, биология пәндерін тереңдетіп оқытады. Аталмыш білім ошағын осы күнге дейін Назарбаев Зияткерлік мектептерін бірнеше жерде ашып, басшылық жасап, сара жол салып келген тәжірибесі мол, білікті ұстаз Күлфарида Раисова басқарады. Жоғары оқу орнын математика мамандығы бойынша бітірген Күлфарида Бабағұмарқызы – педагогика ғылымдарының кандидаты. 24 жыл мектеп басқарған ол 2009 жылдан бастап Назарбаев Зияткерлік мектептері жүйесінде директор болып қызмет атқарып келеді.
“Назарбаев Зияткерлік мектептерінің негізгі мақсаты Қазақстанның зияткерлік әлеуетін көтеруді көздейді. Ол үшін елімізбен шетелдік білім беру жүйесінің жеткен жетістіктерінің тәжірибесін пайдалана отырып, қазақстандық мектеп оқушыларының әлеуетін арттыратын боламыз”, – деген Күлфарида Бабағұмарқызы білім ошағының осы бағытта оқу үдерісін қалай жүзеге асыратындықтарына тоқталды.
Оның айтуынша, мектепке қабылданған балалар қазақ және орыс сыныптарына бөлінген. Мәселен, 7-сыныпқа қабылданған оқушылар үш қазақ және сонша орыс сыныптарына топтастырылыпты. Қазақ сыныптары барлық пәндерді қазақша, орыс сыныптары орысша оқиды. Басқа оқушылар да тура солай топтастырылып, сыныптарға бөлінген. Білім ошағының басты мақсаты – тілдік орта қалыптастыру болғандықтан, қазақ, орыс, ағылшын тілдері қатар оқытылады. Ол үшін орыс сыныптарына – қазақ, қазақ сыныбындағыларға орыс тілінде оқытылатын пәндер енгізілген. Яғни, қазақ сыныбындағы балалар дүниежүзілік тарих, орыс тілі, информатика пәндерін орыс тілінде оқиды. Ал орыс сыныбындағылар география, Қазақстан тарихы және қазақ тілі пәндерін мемлекеттік тілде меңгереді. Сонымен қатар, қазақ сыныптарына да, орыс сыныптарына да ағылшын тілінен бес сағаттан апталық жүктеме бөлінген. Бұған қосымша ағылшын тілінде үйірмелер жүргізіледі. Дене тәрбиесі, тағы басқа пәндер де мұғалімдердің сапасына байланысты ағылшын тілінде өтеді. Осылайша 8-9-10 сыныптарда қазақ, орыс, ағылшын тілдерін көбейте отырып, балалардың тілдік ортасы қалыптастырылады. “11-12-сыныптарда негізгі пәндерді ағылшын тілінде жүргіземіз. Бірақ математика, химия, биология және ағылшын тілі пәндерінен шетелдік әріптестер біздің мұғалімдермен бірге сабақ береді. Мәселен, математика сабағына екі мұғалім кіреді. Оның бірі – шетелдік, екіншісі – осы жердің мұғалімі.
Жергілікті ұстаз теорияны қазақ сыныбына қазақша түсіндірсе, ағылшын тілді мұғалім тәжірибені, есеп шығаруды шет тілінде үйретеді. Сол сияқты орыс сыныбында химия пәнінің теориясы орыс тілінде, зертханалық сабақтар шет тілінде түсіндіріледі. Біз бұл тәжірибені аталмыш мектептер құрылғаннан бері пайдаланып, кіріктірілген оқу бағдарламасын жасап, балаларды мектепке қабылдап, үйретіп, аттестаттарын қолдарына беріп, дүниежүзінің оқу орындарына түсіріп жүрміз. Мен Назарбаев Зияткерлік мектебінен үш мәрте түлек ұшырдым. Бұл тәжірибе сыналған, өз-өзін ақтаған”, – дейді Күлфарида Раисова.
“Білім ұлыларды мойындатады, қарапайым адамдарды таңдандырады, ал жастарды қанаттандырады” дегендей, осы уақыт аралығында Назарбаев Зияткерлік мектептері жүйесінде таңғалдыратын, таңғажайып жұмыс істелген. “Білім ошағында барлық пәндер үшін қазақ, орыс, ағылшын тіліндегі қажет материалдар, құжаттар, зертханалық жұмыстар жүргізетін ресурстар дайын. Бұл мектеп түлектері Ұлттық бірыңғай тестілеу тапсырмайды. Олар халықаралық IELTS (орталығы Англия) және SAT (Америка) емтихандарын математика, химия, биология, физика пәндері бойынша тапсырады да, солардың сертификатын және қазақстандық аттестат алады. Біздің түлектер үшін қазіргі күні дүниежүзіндегі маңдайалды оқу орындарының есігі ашық”, – деген мектеп басшысы Елбасының жүргізіп отырған саясатының арқасында облысымыздың шалғай аудандарының кішкентай қарадомалақ балалары дүниежүзі бойынша ең соңғы білім жаңалықтарымен осы мектепте қаруланатынын айтты.
Тәжірибе мен теорияны ұштастыру – білім ошағының ең негізгі бағыты. “Яғни, бала алған білімін ашқан жаңалығымен байланыстырып, жаңа өнім жасап шығаруы, оны өзіне қызмет еткізуі керек. Біздің мектепті бітірген оқушылар біреудің жасап қойған жұмыс орнына барып еңбектенуші емес, оны өзі ашып, соған басқа адамдарды тартушы. Қазір осыны түлектеріміз жасап жатыр”, – дейді Күлфарида Раисова.
Оның айтуынша, Назарбаев Зияткерлік мектебіне түсіп, “Өркен” грантының иегері атанған солтүстікқазақстандық балалар да аға-әпкелері сияқты сол жолдан өтеді, соған дайындалады. Білім ошағында бүгінгі күні физика, химия, биология пәндерінің әрқайсысы бойынша бірнеше кабинет жабдықталған. Сондай-ақ, әр пән үшін бір-бірден шетелдік фирманың соңғы үлгідегі құрал-жабдықтары қойылған зертхана, сарамандық жұмыстарды жүргізуге арналған кеңейтілген кабинеттер бар. “Елбасы дамыған 30 елдің қатарына кіру мәселесін шешу үшін мобильді, мультимедиалық, нано және ғарыштық технологиялар, робот техникасы, тағы басқа салаларды дамыту қажеттігін алға тартуда. Бұл орайда мектебімізде биотехнология, нанотехнология, робототехника кабинеттері жұмыс істейді. Нанотехнология кабинетінде балалар биологияның, химияның, физиканың соңғы жаңалықтарын зерттейді. Ал биотехнология кабинеттерінде соңғы үлгідегі наноиндикаторлар, наномикроскоптар арқылы сарамандық жұмыстар жүргізеді, – деген Күлфарида Бабағұмарқызы оқушы физика, химиядан өзі қорғап, ашқан жаңалығын зертханада мұғаліммен бірге көріп, тексеретінін айтты. Сондай-ақ, оқушының зертханада жүргізген сарамандық жұмысында ашқан жаңалығын шағын баспаханадан шығаруына, ал робототехника кабинетіндегі 3Д принтерінде құрал жасауына, өзінің зерттеулері туралы телестудиядан хабар таратуына болады. Осының бәрі балалардың игілігі үшін Назарбаев Зияткерлік мектебінде шоғырландырылған.
Дүниежүзілік білім кеңістігіне жол ашып отырған 720 балаға шақталған аталмыш мектепке бүгінгі күні 319 бала ғана түскен. Шеттен келген оқушыларға 120 орындық жатақхана дайын тұр. Оған ең бірінші кезекте жағдайы нашар, алыс аудандарда тұратын балалар орналастырылады. Қаланың балаларына жатақханадан орын берілмейді.
“Ұстаз – келешектің ұстасы” дегендей, білім ошағына мұғалімдерді іріктеу бірнеше кезеңде өте мұқият жүргізіледі. Олар алдымен тест тапсырады. Мәселен, математика пәнінің мұғалімі берілген 25 есептің 13-ін шығарса, іріктеудің екінші турына өтеді. Екінші кезеңде тақырып бойынша эссе жазады. Бірінші және екінші кезеңдерден өткен мұғалімдер үшінші турда конкурстық іріктеу комиссиясына әңгімелесуге жіберіледі. Әңгімелесуде оның партфолиосындағы жетістіктері, республикалық мұғалімдер олимпиадасына қатысқаны, өзіміздің және шетелдің басылымдарында жарияланған материалдары сараланады. Осының барлығы дәлелденіп, жауаптарына нақты көз жеткізілсе, “жұмысқа қабылдануға ұсынылады” деген хаттамамен бірге Астанаға әңгімелесуге барады. “Ұстаз өз пәнін жақсы білсе, ағылшын тілін мектепішілік курстарға қатысып үйренеді. Қазір мектепке қажетті 136 ұстаздың 88-і ғана конкурстан өтті. Сондықтан барлық пәндер бойынша осы айтылған талаптарға сай мықты мұғалімдер болса, конкурсқа қатысуларына болады”, – дейді Күлфарида Бабағұмарқызы.
Басшының сөзіне қарағанда, мектепке кітапханашылар да конкурс арқылы қабылданады. Өйткені, кітапханашы сайт арқылы дүниежүзінде қандай кітаптар шыққанын, олар қай ғылым саласы бойынша жаңалық ашқанын білуі, мұғалімдер мен оқушылардың талаптарына сай сол кітаптарды табуы, әкеп беруі, осы ресурстармен қамтамасыз етуі керек. Сондықтан олар ағылшын тілін өте жақсы меңгерумен қатар, компьютерге жетік маман болуы керек. Әзірше, бір кітапханашы іріктеуден өткен.
Мектепте іріктеу жылына бірнеше мәрте өтеді. Сондықтан Назарбаев Зияткерлік мектебінде оқып, жұмыс істеуге үміткерлердің әлі де бақ сынап көрулеріне мүмкіндіктері бар.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суреттерді түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.