Соңғы жылдары Ғалым Малдыбаевтың өмірі мен шығармашылығының арнасына түскен зерттеуші ғалым деп Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің тіл және әдебиет институтының директоры, филология ғылымдарының кандидаты Жанар Таласбаеваны айтуға болады. Жанар Серкешқызы “Ғалым Малдыбаев поэмаларының этнолингвистикалық сипаты” деген көлемді зерттеу мақаласымен әуелі ақынның сыр-сандығын ашып қарап, содан барып сым пернесін басып көргендей әсер алған едім. Осыған дейін оның “Ғалым Малдыбаев поэмаларындағы көркемдік құралдар” деген авторефераты айтулы ақынның жырдағы қарымдарынын зерделеудің бастауы болды десек, жаңылмаймыз.
Ал ғалымның осы саладағы соңғы да соны еңбегі – “Ғалым Малдыбаевтың тілдік тұлғасы” атты зерттеуі биыл қолымызға тиді.
Мұнда тілтану заңдылықтарына орай тілдің пайда болу және қолданылу орталарының қарым-қатынасы зерттеледі. Демек, Ж. Таласбаева ақынның шығармаларындағы ұлттық тіліміздің табиғаты мен қолданылуының байланысын зерттей отырып, Ғ. Малдыбаев шығармаларындағы қазақ тілінің қазынасына бойлауды мақсат тұтқан. “Конгнитивтік лингвистика” біздің ұлттық танымымызда жаңа термин сынды көрінгенімен, ол әлемдік тілтану ғылымында жаңалық емес. Сондықтан Ж. Таласбаева белгілі тілтанушылардың еңбектеріне сүйене отырып, Ғ.Малдыбаевтың шығармаларындағы, әсіресе, “Қырым қызы”, “Қажымұқан”, “Қошан қарттың әңгімесі”, “Төрт батыр”, “Жиырма сегіз”, “Батыр Мәншүк” сияқты поэмаларындағы тіл ерекшеліктерін жақсы зерделеп, олардағы конгнитивтік лингвистиканың айғақтарын алға тартады.
Осы тұста айта кетеріміз – Ғ. Малдыбаев өзінің өмір дәуіріне сай ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы ақын-жыраулардан үлгі алып, XX ғасырға сол мектеп үлгісімен енген. Сондықтан оның поэтикасы өткен дәуірлер мен жаңа ғасырдың үндесіп, жалғасуының айқын мысалы бола алады. Осы орайда менің пайымдауымша, XX ғасырдың соңындағы, XXI ғасырдың басындағы ақындар Ғалым Малдыбаевтың ғана емес, айталық, қазақтың балладашыл ақындары Тұрмағамбет Ізтілеуовтің, Тайыр Жароковтың, Қайнекей Жармағамбетовтың, Жұмағали Саиннің машығындағы тіл қолданыстарын қайталай алмасы анық.
Зерттеуші Ғ. Малдыбаевтың поэмаларындағы метафораларды, жалпы әдебиет теориясында “троп” аталатын суреттеу ерекшеліктерін таныммен атап көрсетеді. Мысалы,
Ақынға өлең оңай сылдыр сөзден,
Тіл – бақша, өлең – бұлбұл ұшып келген.
Ой – сыншы, ән – өлшеуіш, жұрт – төреші,
Ми – зергер, алтын, күміс қосып өрген, – деген суреттеуі нағыз метафора емес пе?!
Бұл еңбек монография болғандықтан, негізінен, өзге көпшілік оқырмандардан гөрі әдебиеттанушыларға, филолог-оқытушыларға, осы мамандықты таңдаған студенттерге, әсіресе, тілтанушыларға түсінікті әрі қажетті екені анық. Ғалымның “Еңбекте Ғ. Малдыбаев шығармаларының тілі лингвостилистикалық және әдеби стилистикалық тұрғыдан бірлікте қаралып, филологиялық талдауға түсті. Ақынның пайдаланған басты құралдары – теңеу, эпитет, метафора және кейіптеу. Осы көркемдегіш тәсілдер суреткер туындыларында ұтымды стильдік тәсілдер ретінде қолданылғаны дәлелденді”, – деп қорытындылауы – монографияның түйіні.
Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.