Айыртау ауданындағы ауылдардың бірінде зираттағы құлпытас пен қоршаудың бұзылғанын жергілікті тұрғындар байқаған. Олар бірден тәртіп сақшыларын шақырып, аудан полицейлері сотқа дейінгі тергеу жүргізді. Жедел-тергеу тобының қызметкерлері 12 құлпытас пен қоршаудың бұзылғанын тіркеген. Тіпті бір ескерткіштің үстіне бұзақылар акрил бояуын құйған. Бұдан бөлек, зират маңында орналасқан шағын шіркеудің терезесін сындырған.
Полицейлер қылмыс жасады деген күдікпен осы ауылдағы үш оқушыны ұстады. Бірнеше күн бұрын жасөспірімдердің зират жақта жүргенін көрген адамдар болған. Жастары 10-12-де ғана олар өздерінің бұл бұзақылыққа қатысты бар екенін мойындады. Бірақ осындай қылмысқа не үшін барғандарын түсіндіре алмаған. «Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында қосымша тергеу жүргізілуде, ол аяқталған соң түпкілікті процессуалды шешім қабылданады. Өлген адамдар жерленген жерлердi қорлау фактісі сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді», – дейді Айыртау аудандық полиция бөлімінің бастығы Абылғазы Ғабдуллин.