«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Зиялылықтың үлгісі

“Зиялылық” сөзінің мағынасы “өзінен жарық таратушы” дегенге келеді. Зиялы жүрген жерінде жарығын түсіріп, жақсылықтарды туындатып отырады. Мұны Күн мен Айдың мысалында қарастырсам, Күн, рас, ол өзінен жарық бөледі, нұр шығарады, жылуын төгеді. Ал, Ай өздігінен жарық шығармайды, күннің нұрына шағылысып, айна секілді сәуле таратады. Сондықтан, зиялылықтың осы Күн мен Айға ұқсайтын түрлері болады. Шын мәнінде, өзі жақсы адам Күн сияқты жақсылық қылмай жүре алмайды, ізгілігін таратпай тұра алмайды. Екінші жағынан, жұрт көзіне зиялы боп көрінгенімен, Ай сияқты біреудің жақсылығын өзіне жапсырып, сол арқылы жақсы боп көрінетін де зиялылар бар.

Қазақтың зиялысы бар. Бірақ қатары өте аз деп ойлаймын. Олар көптің ішінде көрінбеуі, біз оны танымауымыз да мүмкін. Мысалы, есімі елге белгілі адам қазақ қызымен оңаша қалғанда, оған қарындасым деп қарай алмаса, ұлт мүддесі сынға түскен сәтте “нанын жеп жүрген жұртының қамын жей алмаса” оның зиялылығы – қағаздағы зиялылық қана.

Бертіндегі Алаш арыстарының өзін алып қарайықшы. Ахмет Байтұрсынұлы Орынборда “Қазақ” газетін шығарып тұрған кезде, патша үкіметінің жандайшаптары келіп: “Не мына газетті жабасың, не түрмеге кетесің”, – деп шарт қояды. Сонда Ахмет атамыз абақтыны таңдаған. Ал “Қазақ” газеті ең керемет таралды деген жылдың өзінде үш мың данамен шыққанын ескерсек, Ахмет Байтұрсынұлы “қалың ұйқыда жатқан” қазақ даласындағы сол санаулы адамның санасын ашу үшін тар қапастың сыз еденінде бүргеге тәнін талатып, жан тыныштығын тастап, әйелін қалдырып, түрмені таңдады. Аз мүмкіндік үшін өзіне зиян келетін қадамға барды. Зиялыға үлгі ме?

Ендеше, зиялылықтың ең биік шыңы – пайда-зиянды таразылай отырып, өз мүддесінен халықтың мүддесін жоғары қою, ұлтының игілігі үшін құрбандыққа бару.

Мұхамеджан ТАЗАБЕКОВ,

айтыс ақыны, Қазақстан

Республикасының еңбек сіңірген қайраткері.

(Abai.kz сайтынан алынды).

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp