Халықтың кейбір әлеуметтік топтарында отаншылдық сезімі жоғалып барады деп айтуға болады. Әсіресе, ірі бизнес өкілдерінің ұстанымы қауіпті. Ел бизнесмендерінің басым бөлігінің шетелде үйлері бар, негізгі қорларын офшорлық аймақтарға аударып жіберген. Олар Қазақстанда тек тікелей бизнес жүргізіп, ақша табады. Мысалы, бейресми деректерге қарағанда, қазір Англияда 40 мыңдай қазақ өмір сүруде. Соның ішінде Лондон қаласында 10 мың қазақ бар. 40 мыңның 7 мыңдайы студенттер десек, қалғаны – елден кеткен қоңды қазақтар. Кедейлер мен орта тап өкілдері ол жаққа бара алмайды. Осы деректерден Қазақстанда ұлттық идеологияны жаһандану идеологиясы алмастырғанын байқауға болады. Соның нәтижесінде отаншылдықты жеке бастың эгоистік мүдделері жеңе бастады. Ақша жинап, қорланып алсаң, саған ешқандай Отан керек емес, қай мемлекет жаныңа қолайлы болса, сонда өмір сүруге болады деген таным.
Қазақстанда билікке көмектесіп, кетік-кемшілікті түзетуге атсалысатын жүйелі оппозиция әлсіз. Ал, шындығында, қарапайым халыққа ешқандай революция, төңкерістер мен қырқысулар қажет емес. «Түрлі-түсті революциялардың» қоғамды кері кетіретінін халық жақсы түсінеді. Халыққа керегі – өз мүдделерінің қорғалуы, үнінің естілуі. Халық тарихын, мәдениетін, тілін, өнерін, дәстүрлерін дамытып, өз Отанында еркін сезініп, бай-қуатты өмір сүргісі келеді. Ел халқына осы ғана керек. Ол өз мемлекетінің күшейе түскенін, қуатты бола түскенін жан-тәнімен қалайды. Осы ұлы іске үлесін қосқысы келеді. Сондықтан, билік жасампаз еңбекке, білімге, талапқа және талантқа жол ашатын шараларды күнделікті тәжірибеге айналдыруға тиісті. Ол үшін зиялы қауымның қоғамға ықпалын неғұрлым арттырған жөн. Білімділер, ғалымдар, өнерлілер қоғамдық өмірдің барлық салаларына ықпал ететін ахуал қалыптасуы қоғамды жақсартады. Тек қана билік өкілдері нұсқау, бұйрық арқылы қоғамды жақсарта алмайды. Зиялы қауымның озық өкілдерінің халыққа пайдалы ойлары, идеялары, пікірлері ұдайы насихатталса ғана қоғамдағы адамгершілік ахуал жақсарады..
Қазақ байлары қаржыларын ел экономикасына салуға міндетті. Себебі, олар байлықтарын осы жерде жинады емес пе? Ел байлығы офшорларда қалмай, жемқорлықпен тоналмай, тікелей экономикалық жобаларға салынса, Қазақстан зор табыстарға жетеді.
Сайын Борбасов,
саяси ғылымдар докторы, профессор.
(«Ақиқат», №10, 2014 жыл)