«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЗИЯТКЕРЛІК МАРАФОН

Ел экономикасын, инновациялық технологияларды дамыту қоғамның сауаттылығына тікелей байланысты. Жақында өскелең ұрпаққа сапалы білім беруді көздейтін республикалық “Білімге жол” марафонының аймақтық кезеңі өтті. Бұл байқау бүлдіршіндер және бастауыш сынып оқушылары арасынан шығармашыл және ізденімпаздыққа жақын балаларды анықтауға бағытталған. Оған жалпы білім беретін мектеп оқушыларымен қатар ерекше білім беруді қажет ететін балалар да тең дәрежеде қатысты.

“Асыл бала” республикалық қауымдастығы мен “UCMAS Kazakhstan” халықаралық менталды арифметика орталығы ұйымдастырған шараға 5 пен 11 жас аралығындағы 85 бала қатысты.

Соңғы жылдардағы статистикалық деректер ерекше білім беруді қажет ететін балалар саны артқанын көрсетіп отыр. Оларға ата-ана мен қоғам зор көңіл бөлуде. Ерекше білім беруді қажетсінетін кейбір балалар зор зияткерлік қабілетке ие. Республикалық “Білімге жол” зияткерлік марафоны баланың өз-өзін дамытуына, бойындағы қабілеттерін анықтауына, төзімділікке, ұжымдық шығармашылыққа бейімделуіне, тұлға болып қалыптасуына жол ашты.

Марафонда берілетін тапсырмалар математика, дүниетану, әдебиет, Қазақстан халқы дәстүрлері мен этномәдени құндылықтарының тарихы, өзін-өзі тану, көптілділік, қисынды есептер, спорттық викторина, тағы басқа бағыттарды қамтыды. Бұл тапсырмалар 10 станцияға бөлінген. Әр аялдамаға тоқтаған оқушыларға ойын түрінде берілген тапсырмалардың шарты түсіндірілді. Балалардың орындаған тапсырмаларының нәтижесін арнайы комиссия тексерді. Марафон қорытындысында әр қатысушы өзін табысты сайыскер ретінде сезінуіне мүмкіндік жасалды. Зеректігі және ой ұшқырлығымен көзге түскен 10 балғын Астана қаласында өтетін марафонның жабылу салтанатына жолдама алды.

Бақыт ҒАБДУЛЛИНА,

білім саласындағы әдістемелік жұмыс және ақпараттық технологиялар орталығының әдіскері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp