Әділет органдарының қызметінде зияткерлік меншік құқықтарын қорғау басым бағыттардың бірі болып табылады. Өйткені, зияткерлік меншік азаматтық қоғам өмірінің, ғылыми-индустриялық өрлеудің алғы шарттарының қатарында мемлекетіміздің халықаралық беделін көтеріп, абыройын арттырады.
Өркениет әлемінде, қай уақытта да, ғылымның, мәдениет пен техниканың дамуына қаншалықты ықыласпен көңіл бөлінуіне зор маңыз беріліп келеді. Қоғамның зияткерлік әлеуеті және оның мәдени даму деңгейі қаншалықты жоғары болса, мемлекеттің алдында тұрған экономикалық міндеттері соншалықты ойдағыдай жүзеге асырылады.
Қазіргі рыноктық экономика жағдайында меншіктің фирмалық атаулары, тауар белгілері, қызмет көрсетудің төлтаңбалары және тауарлардың, мәдениет, өнер мен ғылым туындыларының шығарылған жерлерінің атаулары сияқты меншік нысандары барынша маңызды рөлге ие бола түсуде.
Өз кезегінде ғылым, мәдениет, өнер және техника құқықтық жағынан тиісінше қорғалып, зияткерлік меншік ретінде бағаланатын болса ғана серпінді дами алады.
Бүгіндері Қазақстан Республикасының Бүкілдүниежүзілік сауда ұйымына мүшелікке кіруіне әзірлікті ескере келгенде, зияткерлік меншік құқықтарын қорғау мәселесінің маңызы арта түседі. Бұл ретте мемлекетіміздің зияткерлік меншікті қорғау саласында өзі жауапкершілік алған халықаралық міндеттерді орындауы, оны сенімді қорғау жолында шаралар қолдануы, құқық бұзушылықтардың жолын кесуі басым бағыттардың бірі болып табылады.
Осыған байланысты Солтүстік Қазақстан облыстық әділет департаментінің қызметінде зияткерлік меншік құқықтары бөлімі айтарлықтай жұмыстар атқаруға тиіс. Біздің бөлімге зияткерлік меншік құқықтарын қорғаудағы мемлекеттік саясатты жүргізіп, жүзеге асыру міндеттері жүктелген. Ол үшін құқықтарды түсіндіру және құқықтық насихат шараларын атқарып, заңды және жеке тұлғалардың зияткерлік меншік саласындағы қолданылып жүрген заңнамаларды бұлжытпауын қадағалаймыз.
Бұл үшін насихат жұмыстарын жүргізіп, зияткерлік меншікті қорғау жүйесіндегі атқарып отырған істерімізді бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен көрсету, зияткерлік құқықты бұзғаны үшін жауапкершілікті түсіндіру, осы ретте нақты мысалдарды алға тарта отырып, көз жеткізу, зияткерлік меншік нысандарының құқықтарын елемеудің алдын алу және оларға зиян тигізуден сақтандыру біздің жұмысымыздың басты арқауына айналып отыр.
Осы орайда облыстық әділет департаменті зияткерлік меншік жүйесіндегі заңнамаларды жетілдіру, құқықтарды қорғауды одан әрі күшейту мақсаттарында қазіргі қазақстандық қоғам мен экономиканың барлық салаларын қамтитын бағыттардың бәрінде құқықтардың бұзылмауы үшін сындарлы үн қатысуға даяр.
Эльман ТАНРЫВЕРДИЕВ,
облыстық әділет департаментінің
зияткерлік меншік құқықтары бойынша бөлімінің бас маманы.