Қазақстан Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының мүшесі. Жалпы зияткерлік еңбек – әрбір азаматтың жеке мүліктік құқығы, яғни, оның жекеменшігі саналады. Зияткерлік меншікке адамның ойынан туған өнертабыстар, әдеби және драмалық туындылар, сондай-ақ, коммерциялық мақсатта пайдаланылатын таңбалар, атаулар және үлгілер жатады.
Оның өзі өнеркәсіптік меншік және авторлық құқық болып бөлінеді. Өнеркәсіптік меншікке патент берілетін өнертабыстар, селекциялық жетістіктер, өнеркәсіптік үлгілер, тауар таңбалары мен атаулары енеді. Ал авторлық құқыққа әдеби, ғылыми шығармалар, музыкалық, бейнелеу, мүсіндеу, графика, сәулет, фотосурет туындылары жатады. Сабақтас құқық объектілеріне қойылымдар, орындаулар, фонограммалар, эфирлік және кабельдік хабар тарату ұйымдарының бағдарламалары кіреді. Автор дегеніміз – шығармашылық еңбегімен туынды жасаған жеке тұлға болса, авторлық құқық – автордың мүліктік және мүліктік емес жеке құқықтары болып табылады.
Зияткерлік меншік құқығы өзге де меншік құқықтары сияқты, авторға өз туындысынан немесе шығармашылық жұмысынан табыс табуына мүмкіндік береді. Осы орайда мемлекет тарапынан зияткерлік меншік құқығы саласын дамытуға зор көңіл бөлінуде.
Дүниежүзілік қауымдастықтың талаптарына жауап беру, дүниежүзілік сауда ұйымына кіру секілді маңызды мемлекеттік мақсаттарды жүзеге асыруда авторлық, сабақтас және өнеркәсіптік меншік саласындағы құқықтарды қорғау маңызды. Сондықтан зияткерлік меншік болашақта мемлекет азаматтарының әл-ауқаттылығы деңгейін белгілейтін, құнды ресурс ретіндегі маңыздылыққа ие бола бастады.
Облыстық әділет департаменті жыл басынан бері алты тексеріс жүргізіп, осынша құқық бұзушылықты анықтады. Бес азаматқа қатысты әкімшілік іс қозғалып, 356025 теңге айыппұл салынды. Алдағы уақытта осындай заң бұзушылықтарды болдырмау мақсатында облыстық әділет департаменті мемлекеттік органдар, заңды тұлғалар және кәсіпкерлер арасында зияткерлік меншік саласына қатысты түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Заңды тұлғалар, кәсіпкерлер және шаруа қожалықтары өкілдерімен де “дөңгелек үстел”, семинарлар өткізіліп, дәрістер оқылуда.
Шығармашылық әлеуеттің дамуына кері әсер ететін құқық бұзушылыққа жол бермеу мақсатында тиісті органдармен бірлескен жұмысты жалғастыратын боламыз.
Ғалия ЕСІМҒАЛИЕВА,
облыстық әділет департаменті нормативтік- құқықтық актілерді
тіркеу бөлімі басшысының міндетін атқарушы.