Астанада алғаш рет ел имамдарының республикалық форумы өтті. Бұл бас қосуға өңірімізден де арнайы делегация барып келді. Біз делегация мүшелерінің бірі – облыс орталығындағы “Мухсин” мешітінің бас имамы Абылай Құрмашұлын әңгімеге тартқан едік.
– Бірнеше маңызды құжаттар қабылданыпты. Бұл не құжаттар екенін айтып өтсеңіз?
– Тұңғыш рет өткен республикалық имамдар форумы асыл дініміздің құндылықтарын дәріптеуге, ұлттық мұраларымызды насихаттауға оң ықпал етпек. Айтулы жиында “Қазақстан мұсылмандарының тұғырнамасы”, “Мұсылманның тұлғалық бейнесі”, “Имамның тұлғалық келбеті” және “Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қызметкерінің этикасы” сияқты маңызды құжаттар қабылданды.
Дін тақырыбы – қашанда өзекті. Мәселен, “Әли Имран” сүресінің 103-ші аятында Хақ тағала былай деген: “Барлығың Хақ тағаланың жібін ұстанып, өзара топ-топқа бөлінбеңдер”, – деп мұсылмандардың топ-топқа бөлінуіне тыйым салды. Демек, дін елдің тұтастығында, ынтымақ-бірліктің тұрақтылығында үлкен рөл атқарады. Ал имамдар осы бірлікке шақыруда, ізгілікке үндеуде аса үлкен жауапкершілікті арқалайды. Дін мен діндар адамның қоғамдағы орны, оның қызметтік міндеті, шынайы мұсылманның келбеті Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының тұжырымдасында, алға қойған бағыттарында айқын көрініс тауып отыр. Қазақ топырағында сонау ғасырларда Имам ағзам Әбу Ханифа мектебі негізінде діңгегі қаланған дәстүрлі ислам дінінің елімізде одан әрі көркейіп, дамуында діни басқарма тарапынан қабылданған құжаттардың қосар үлесі, мән-маңызы айрықша болмақ. Елдің бірлігі, ұлттар мен ұлыстардың өзара түсіністік-жарасымы мен дінаралық диалогты нығайтуда форумның көтерер жүгі, алға қойған мақсатының салмағы да жеңіл емес.
– Имам этикасында бірнеше талаптар жазылған екен. Құжатта имамдар заманауи ақпарат құралдарын жете меңгеруі, шешендік өнер, сөйлеу әдебін игеруі тиіс. Мешітке келушілерге көркем мінез көрсету қажеттігі айтылыпты. Сонда бұған дейін имамдар бұл талап үдесінен шыға алмай жүрді ме?
– Қазіргі қоғамда имамның орны өте жоғары десек, қателеспеген болармыз. Ертеңгі болашағымыз саналатын бүгінгі жастар қатарының құбылаға бет бұрып, намазға жығылып жатқандығын көп байқаймыз. Имам – дүние есігін ашқан сәбиге азан айтып, есім беруден бастап, халқымыздың салтына сіңіп, дәстүріне айналып кеткен жоралғыларды атқаруда, ақ некені шариғатымызға сай қиып, ұл-қыздарымыздың қызық-қуаныштарын бөлісуде, ұлтымыздың, ұлыстың мерекесіне айналған Айт мейрамдарында бұқарамен бірге атап өтуде ел ортасындағы өзіндік орны бар тұлға. Және бұл да өмірдің заңдылығы, дүниеден өткен алыс-жақындарымыздың жаназа рәсімдерінің дұрыс орнымен атқарылуы да осы дін қызметкерлерінің мойнына жүктелген. Қуаныш-қайғысында әр кез бірге болып, сабыр мен шүкірге шақырушы адам. Бір сөзбен айтқанда, әрқашан елмен етене жақын тұлға деп айта аламыз. Имамдардың жастарды жат ағымның жетегіне жібермей, бабалар салған сара жолмен, ата дәстүрі мен шариғат шарттарына мойынсұнуға, еліміздің тыныштығына ықпал етуде өзіндік орны бар деп есептеймін. Ислам дінінің өзі бейбітшілік пен тыныштықты мақсат еткен дін ғой. Алла тағаланың: “Уа, пенделерім! Мен зұлымдық етуді өзіме және сендерге харам еттім. Сондықтан да бір-біріңе зұлымдық етуші болмаңдар”, – деген әмірі және де ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): “Өзара жауласпаңдар!” деген сөзі – осының айқын дәлелі. Тұтастық пен тыныштықты насихаттау – имамның басты қызметі. Осы орайда бүгінгі қоғамда имамдардың орны айрықша деп білемін.
Құранның бірінші әмірі: “Оқы, біл, үйрен!” болса, Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): “Білім іздену – әрбір мұсылманның міндеті” деген. Сондықтан да бүгінгі таңдағы имамның міндеті – жұртты тек намазға ұйыту ғана емес, сонымен қатар жұртшылыққа күнделікті тіршілігінде де өзіндік өнегесімен, адамгершілігімен үлгі болу. Қарапайым халыққа дінді жеткізу үшін даналыққа аса мән беру жөн. Қандай орта болмасын ортақ тіл табысу үшін, бұқарамен етене байланыста болу үшін жан-жақтылық қажет. Анығында, Құранның өзі білім-ғылымға үндейді. Соңғы ғасырларда ғылым саласында жеткен ірі жетістіктердің түйіні мен шешімі осы қасиетті Құран Кәрімде, Алла елшісі Мұхаммед Мұстафаның (с.ғ.с.) хадис-шәріптерінде осыдан ХІV ғасыр бұрын баяндалғанын әлем ғалымдары мойындауда. Кешегі “Дін – ғылымның атасы” деген ақиық ақын Мұқағали да осыны меңзеген. Білімнің екі дүниенің шырағы екенін имамдық қызметтегі азаматтар тереңірек түсінетініне шүбәм жоқ. Қай салада болмасын, талап пен тәртіп, қызметке адалдық ең маңызды нәрселер. Ал, дін саласы, өзіңіз де білесіз, өте күрделі әрі нәзік. Тоқсаныншы жылдары діни ахуалдың төмен болуы, рухани иммунитетіміздің әлсіздігі, дін мамандарының жетіспеушілігі, олардың білім-біліктілігінің кемшін түсуі – заңды дүние. Бүгінде тәуелсіздігіміздің қол жеткізген көптеген жетістіктерінің, ел руханиятына ден қоюының нәтижесінде дін саласы жанданып, күш-қуаты артып келеді. Бұл ретте діни басқарманың 20 жыл ішінде жүргізген жұмыстарының өзі бір төбе екенін айта кеткен жөн. Тұңғыш рет өткізілгелі отырған форум да – осы ұзақ жылдар жасалған еңбектің жемісі. Бүгінде осындай баспалдақтардан өтіп, діни кадрларға қойылар талап та күшейді. Бұл да – заңдылық. Халқымыздың рухани иммунитеті де өсіп, діни сенімі бекіді. Бұл жағдайда имамдардың біліктілігі, дін саласының терең маманы болуы – ең бірінші шарт. Діни басқарма қояр басты талаптың білімнен бастау алып, дін қызметкерлерін аттестаттауы осы мақсатты көздейді. Ал, форум бізге, дін қызметкерлерінің жауапкершіліктерін сезіндіріп, халықпен етене жұмыс жасауымызға септігін тигізді. Дін саласын дамытуда тың ойлар айтылды.
– Діни татулық пен ынтымақты нығайтуда имамдардың қызметі де үлкен мәнге ие ғой. Мешіт қызметкерлері халықты имандылыққа шақырып қана қоймай, ұлттарды бірлікке ұйытып отыруы да керек емес пе, бұл жөнінде не айтасыз?
– ҚМДБ қойған үдеден шығу үшін имамдардың басты міндеті – бірлік. Асыл дініміз “Тәңірдің рахметі – ауызбірлікте” десе, дана қазақ: “Жұмыла көтерген жүк – жеңіл” деген. Сол бірлікке жету үшін әуелі басшылыққа бағыну керек. Сонда ғана дініміз көркеймек. Ел бірлігіне, ұлт тұтастығына қызмет қылу – заман талабы. Осыны әрбір дін қызметкері жете сезінсе, ел ертеңіне деген сенімімізге де селкеу түспейді.
– Әңгімеңізге рақмет!
(Өз тілшіміз).