Жамбыл ауданының Благовещенка ауылындағы “Династия Агро” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жаңғыртудан өткен зығыр майын өндіретін цехы “Даму” қорының қолдауымен өткен жылы ашылған болатын. Бұл өнім табиғи жағынан өте таза саналады. Сондықтан ол бүгінде өңіріміздің тұрғындары үшін ғана емес, көршілес мемлекеттер – Қытай мен Ресейдің бірқатар қалаларының сұранысына ие болып отыр.
Цехта жылына үш мың тонна шикізат өңдейтін өндіріс желісі орнатылған. Шикізаттан өндірілетін өнім көлемі – 1140 литр азық-түліктік немесе техникалық май. Зығыр майының бір ерекшелігі, оның қалдықсыз өндірілетіндігі. Ал шикізатты өндіріс орнына майлы дақылдар өсірумен айналысатын жергілікті кәсіпкерлер жеткізіп отырады.
Цех жұмысын одан әрі жақсарта түсу мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар әлі де баршылық. Қазір жаңадан май құятын желі сатылып алынған. Алдағы уақытта зығыр майы 0,5 литр, 1 литр және 5 литр құтыларға құйылып шығарылатын болады. Бүгінде өндірістегі жұмыс көлемінің ұлғая түсуіне байланысты қосымша жұмысшылар қабылдануда.
Сағынгүл ІРГЕБАЕВА,
облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы.