«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЗІЛДЕН ҚАЛҒАН ІЗ

Әр жылдары аққайыңдар өлкесінде зіл сүйектері табылғандықтан, ертеде өмір сүрген осы бір тіршілік иесі жайлы ақпарат ғалымдарға ғана емес, қарапайым тұрғындарға да қызық. Себебі «Зіл деген қандай жануар?» деген сауал әрқайсымызды мазалайтыны анық.

Зіл (мамонт) – Еуразия мен Солтүстік Америкада плейсто­ценнің екінші жартысында өмір сүрген пілдің бір түрі. Оның бойы 5,5 метрді, салмағы 12 тоннаны құраған. Азу тіс­терінің ұзындығы 4-4,5 метрге жеткен. Бұл – бізде ғана емес, әлем елдерінде табылған зіл сүйектері арқылы жасалынған сипаттама.

Біздің өңірде зіл сүйектері бірнеше жерден табылды. Об­лыстық тарихи-өлкетану му­зейіне бас сұққан меймандар палеонтология залында тұрған зілдің сүйектеріне таңданыс­пен қарайды. «1926 жылғы 15-қыркүйекте Көкшетау ма­ңындағы «Степняк» алтын кенішінен зілдің сүйегі табы­лып, мұражайға жеткізілген. Оған қоса археологиялық құны қымбат басқа да заттар әкелін­ген. Оларды қазу және жеткі­зу ақысы төленген. Ма­монттың сүйегін тапқан Көкшетау оязының Ка­питановка ауылының мұжығы екені көрсетіл­ген», – деп М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың профессоры, облысымыздың құрметті азаматы Зарқын Тайшыбай өзінің «Өл­кетану ісінің қалыптасуы» атты ғылыми еңбегінде жазған. Бұ­ған қарап еліміздің солтүстігін­де кезінде неше түрлі жануар­дың тіршілік еткенін болжауға болатындай. «Алып жануардың сүйектері Қызылжар өңірінде 1923 жылы табылып, әлем бо­йынша құнды экспонаттардың біріне жатқызылған. Оны ғалым Н.Кузнецов жетекшілік еткен экспедиция мүшелері Есіл өзенінің су шайып кеткен жағалауынан кезіктіріпті. Азу тістерінің ұзындығы 4,5 метрге дейін жетсе, салмағы 100 кило тартқан», – делінген дерек­терді де кезіктіреміз.

Мұражайдың археология за­лында зілдің тісінен жасалған кетпен бар. Музейдің экскур­сия жүргізушісі Дильназ Ха­йырболдының айтуынша, бұл жәдігерді 1940 жылдардың ба­сында Қызылжар ауданына қа­расты Петерфельд ауылының тұрғындары құдық қазған кезде 18 метрлік тереңдіктен тауып алған. Кейін музей қызметкер­леріне табыстаған. Археологтар аталмыш жәдігерді ежелгі адам­дар жер қазатын құрал ретінде пайдаланғанын айтады. 1960 жылы Есіл ауданындағы Яснов­ка ауылының маңынан зілдің қаңқасы табылып, палеозоолог­тар қазып алған. Табылған жануардың сүйегін «Ясновка пілі» деп атап кеткен.

Қазақстанның құрметті журналисті Өмір Есқали 2018 жылы «Egemen Qazaqstan» га­зетінде жарияланған «Мамонт­тар мекені» мақаласында қала тұрғыны Александр Ремшов­тың сылдырай ағып жатқан Есіл өзеніне балық аулауға барғанда су арнасынан төменірек жерде таңғажайып олжаға кенелгенін жазған. Оған ежелгі дәуірде тіршілік еткен алып жануардың ортан жілігі мен мойын омырт­қасы деген болжам жасалынған. Ал Тайынша ауданына қарасты Зеленый Гай ауылының тұрғы­ны Әнуар Қабылжапаров мал бағып жүріп, тереңдігі 12 метр сайдан жердің бетіне шығып қалған сүйектерді көрген. Ол осыдан 30-35 мың жыл бұрын жойылып кеткен мамонттың омыртқасы, қабырғалары, азу тісі және жілігі екені жорамалданған.

Шал ақын ауданының тари­хи-өлкетану музейінде де зілдің сүйектері сақталған. Музей ди­ректоры Маржан Таушарова­ның айтуынша, бір тісінің сал­мағы 6,5 келі.

«Бұл ерекше олжаны 1970 жылы Астаған ауылының ма­ңынан бұрынғы МАИ-дың бас­шысы Перятин мырза тауып, аудандық музейге тапсырған. Осы кезден бастап музейдің ең құнды экспонаттарының біріне айналды», – дейді Маржан Таушарова. Ал салмағы 17 келі болатын мамонт мүйізінің үштен бірі 1986 жылы көктемгі су тасқынынан кейін Жаңажол ауылының маңындағы өзен жағалауынан табылған. Ауыл­дың оқушылары жағада жатқан ерекше сүйекке ұқсас затты байқап қалып, оны мұғалім­деріне көрсетеді. Мұғалімдер табылған затты музейге жеткізіп, кейін Алматы қаласындағы археологиялық институтқа зерттеуге жіберген. Ғылыми зерттеу нәтижесінде бұл шы­нымен де зіл мүйізінің бір бөлігі екендігі дәлелденген.

Биылғы жылдың қыркү­йек айында Қызылжар ауда­нындағы Бәйтерек ауылының тұрғыны Әсет Шайкин таңғы мезгілде балық аулауға бара жатып, жердің бетіне шығып қалған ұзындығы 1 метрлік сүйекті тапқан болатын. Сол кезде М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан универ­ситетінің профессоры Анато­лий Плешаков облыс аума­ғында мамонттан бөлек мүйізтұмсық, бизон сүйектері де кездесетінін, бұл жануар­лардың барлығы жоғары па­леолит дәуіріне жататынын айтқан еді.

10 мың жыл бұрын өмір сүр­ген жануардың жер бетінен жо­ғалып кетуіне ежелгі дәуір адамдарының жаппай аулауы да себеп болуы мүмкін.

Бұл жануардың суреттері үш қаланың елтаңбасында бей­неленген. Олардың екеуі Яку­тияда, біреуі Германияда орна­ласқан. Жануардың еркегін – зілқара, ұрғашысын – зілмауыт деп атаған. Халқымыздың ұл­дарына Зілқара деген есімді неге қойғанын енді түсінген­дейміз. Зілқара есімінің мағы­насына үңілсеңіз, «Ұрпағым асыл текті, ірі болсын!» деген ақ тілек жатқанын байқайсыз.

Теріскейде зілдер салған із сайрап жатқанын археология­лық қазбалар талай мәрте дәлел­деген. Бірақ арнайы зерттеу орындары болмағандықтан, жер астынан табылған олжаларға жалпылама сипаттама берумен шектеліп жүргеніміз анық. Бір өкініштісі, сараптамалық жұ­мыстар жүргізу былай тұрсын, жәдігерлерді сақтаудың қара­пайым шарттары да ескеріле бермейді.

Самрат ҚҰСКЕНОВ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp