Қазақ халқының басынан небір қиын күндер өткен. Сондай зобалаң қасіреттің бірі – саяси қуғын-сүргіннің басталғанына биыл 80 жыл болады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 31 мамыр Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып белгіленген. Кеше облыс орталығында аза тұту митингісі ұйымдастырылып, жиналған қауым солақай саясаттың құрбаны болған боздақтарымызды, адамзат қолымен жасалған жалған ашаршылық құрбандарын, бас сауғалап, елден безген қандастарымызды бір сәт үнсіздікпен еске алып, ескерткіш басына гүл шоқтарын қойды.
Бүгінгі бейбіт өмірдің қаншалықты қымбат екенін тілге тиек еткен облыстық мәслихаттың хатшысы Владимир Бубенко сталиндік зұлмат жылдар жайында сөз қозғады. Ол сол қиын кездерде өзге ұлт өкілдерін жатсынбай, бауырына басқан құшағы кең қазақ халқының мейірбандылығын ерекше атап өтті.
Облысымыздың құрметті азаматы Болат Сағындықов қуғын-сүргін құрбандарының қилы тағдырларына тоқталып, бүгінде 7 мыңға жуық жерлесіміздің есімі жазылған еске алу тақтасының маңыздылығын айтты.
– Аталарымыздың көбінің қайда атылып, қаза болғаны белгісіз. Мына қабырға сол бабаларымыздың бауырластар зираты іспеттес. Осы ара әрбіріміз ата-әжелерімізді еске алып, дұға жасайтын қасиетті орынға айналып отыр, – деді Болат Мағазұлы. Тарихымыздың құсашерге толы беттерін тағы бір парақтап өткен ол өзі басқаратын “Память” қоғамдық қорының 13 жылда істеген жұмыстарын таразылай келе, К.Сүтішев көшесінің бойындағы бұрынғы НКВД орналасқан ғимараттың орнын мұражайға айналдырсақ деген тілегін жеткізді.
Мыңдаған жазықсыз адамның қаны мен көз жасына суарылған тарихымыздың шерлі беттерін студент жастар өлеңмен өрнектеді. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға келгендердің бірі – Петропавл қаласының тұрғыны Мұқаш Қабдіров. Оның анасы Мәриям – 1941 жылы Кавказдан Булаев ауданының (қазіргі Мағжан Жұмабаев) Жанықұл деген ауылына еріксіз қоныс аударылғандардың бірі. Мұқаш Абылғазыұлы солақай саясаттың кесірінен қанша тағдыр талқан болғанын еске алып: “Cаяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандары әрқашан біздің жадымызда және оны ұмытпау қасиетті борышымыз”, – деді.
Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.