«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЗҰЛМАТ ЖЫЛДАР ЖАҢҒЫРЫҒЫ

С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада саяси қуғын-сүргін құрбандары есімдерінің ақталып, өскелең ұрпақ жадында жаңғыруына үлесін қосып жүрген “Память” қоғамдық қорының 15 жылғы жұмысы қорытындыланды.

Облысымыздың құрметті азаматы, қордың төрағасы Болат Сағындықов жиналғандарға ұйым жұмысы жайлы баяндап, өткен ғасырдағы халқымыздың басына қара бұлт болып үйірілген саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандары жайлы мақалалары мен өлеңдері топтастырылған “Зарлы заман зардабы” атты кітабын таныстырды.

Қордың мерейтойымен жиналған қауымды облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың атынан оның орынбасары Мадияр Қожахмет құттықтап, есептік кезеңдегі жұмыстарына оң бағасын берді.

– “Память” қоғамдық қорының мамандары саяси қуғын-сүргінге ұшырап, жазықсыз ажал құшқан азаматтардың жерленген жерін тауып, олардың жасаған еңбектерін жарыққа шығару бағытында үлкен жұмыстар атқарып келеді. Облыс орталығында саяси қуғын-сүргінге ұшыраған адамдардың есімдері жазылған ескерткіштақта орнатылғаны белгілі. Бұл жұмыстарды өңіріміздің ғана емес, еліміздің тарихын қайта қарауға қосқан үлес деп есептейміз. Осында жиналған әрбір азамат Болат Мағазұлының жұмысына қолдау көрсетіп келеді, – деген Мадияр Қожахмет алдағы уақытта бұл жұмыстар жалғасын табатынына сенім білдірді. Облыс әкімдігі де қордың бастамаларына қолдау көрсететін жеткізді.

Болат Мағазұлы саяси қуғын-сүргін құрбандарының есімдерін есте қалдыруға бағытталған жұмыстар жайлы әңгімеледі. Ең алдымен, саяси қуғын-сүргін құрбандарының есімдерін архивтерден іздеп тауып, олардың қайда туып, қандай қызмет атқарғаны, артында қалған әйелі, балалары жайлы және қандай органның шешімімен ақталғаны туралы мәліметтер көрсетілген екі томдық анықтама кітабын шығарғанын атап өткен жөн. Болат Мағазұлының қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған монумент ашу туралы ұсынысының жүзеге асуына сол кездегі облыс әкімі Тайыр Мансұров қолдау көрсеткен. Ескерткіштақтаны орнатуда бірқатар қиындықтар кездессе де, өңір басшылығы мен бұл іске бейжайлық танытпаған бір топ азаматтың қолдауымен ескерткіштақта бой көтерді. Бүгінде онда 7600-ден астам құрбанның есімі жазылған.

Болат Мағазұлының әкесі де құғын-сүргінге ұшыраған. Ол әкесінің жерленген орнын іздеп, Петропавлдағы және Қарағандыдағы архивтерден ешқандай мәлімет таба алмаған. Ақыры ұзақ іздестіруден кейін Қарағандыдағы Долинка кентінің жанындағы зиратқа жерленген болуы керек деген шешімге келген.

Жиында “Память” қоғамдық қорының жұмысынан хабардар ететін шағын бейнеролик көрсетілді.

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру”, “Ұлы даланың жеті қыры” мақалаларында тарихтың тағылымы туралы терең ой қозғады. Осы тұрғыдан алғанда, Болат Мағазұлының еңбегі үлкен құрметке лайық. Өйткені тарихтың қатпар-қатпар бұрылыстарында қалған деректерді жинақтап, бүгінгі ұрпаққа аманаттау үлкен еңбекті, ізденісті, тер төгуді талап етеді. Он бес жылда атқарылған жұмыстар ұлан-ғайыр. Бұл – еліміздің бүгінгі тіршілігі мен болашағы үшін маңызды шаруалар. Осы жұмыстардың басы-қасында жүрген Болат ағамызға ел риза, – деді “Қызылжар-Ақпарат” жауапкершілі шектеулі серіктестігінің директоры Жарасбай Сүлейменов. Сөз алған зиялы қауым өкілдерінің әрқайсысы Болат Мағазұлының болашақ үшін маңызды істер атқарғанын айтып, ауқымды жұмыстар жалғасын табатынына сенім білдірді.

Болат Сағындықовтың ендігі мақсаты – облыс орталығынан қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған мұражай ашып, оны өңіріміздің киелі орындары қатарына енгізу.

Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,

“Soltústіk Qazaqstan”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp