Өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы ашаршылық, одан кейінгі қуғын-сүргін қасіреті қазақ халқына үлкен қайғы әкелді. Мұны біздің халқымыздың ұлттық болмысын түп-тамырымен өзгертіп кеткен оқиға деп айтуға болады. Сол кездегі атақты ғалымдар мен қазақтың зиялы азаматтарының көпшілігі қудалауға ұшырады. Бұл нәубет біздің әулетімізге де өте ауыр соққы болып тиді.
Қуғын-сүргіннің азабын тартқан біздің Байділдиндер әулеті Қызылжар өңіріне танымал. Құлмағамбет бабамыз Аққайың ауданындағы Бозаралда ХІХ ғасырдың басында болыс болған. Оның Байділда есімді ұлынан Әбдірахман, Ахметсейіт, Қасымхан, Ахметхан, Ғабділқадір, ең кенжесі менің әкем Ғабділмәжит туған. Бір ата-ананың арыстай алты ұлы солақай саясаттың кесірінен елден безіп, бірін-бірі көруге зар болып, азапты жылдарды бастарынан өткізді. Бұл жағдай әкемнің қабырғасына қатты бататын. Әкеміз салмақты, сабырлы, көп сөйлемейтін, үнемі ой үстінде жүретін адам еді. Бала кезімізде ештеңе білмесек те, есейе келе оның бауырларын аңсап, жүрегі сыздайтынын, Голощекин мен Сталиннің зұлымдығына лағнет айтып, қатты ашынатынын сезетін болдық. Бәрі де өтеді, уақыт емші, тарих өшпейді десек те, әкемнің өмірден ала алмаған үлесі біздің де жүрегімізге жазылмас жара салды.
Атам Байділда кеңес өкіметі орнағанша болыс болып, кейін тәркілеуге ұшыраған. Кейін жер аударылып кетеді, бұл қиыншылықтан аман өтіп, елге 1956 жылы оралған. Байділда атамыз 94 жасында қайтыс болды.
Әкемнің ең үлкен ағасы Әбдірахман Байділдин халық жауы деген желеумен ату жазасына кесілген екен. Кезінде Алаш қайраткерлерінің рухани өрлеу мектебі болған Омбы қаласындағы мұғалімдер семинариясын бітіреді. Заманының мұқтаждығы ерте есейтті ме, әлде өзінің білім-білігінің ұшқырлығы ма, ол кісі жиырма екі жасынан бастап “Еңбекші қазақ”, “Қызыл ту” сияқты газеттерде редакторлық қызмет атқарды. Бірақ оған осы кезден-ақ болыстың ұлы, қажының тұқымы деп большевиктер қырын қарайды. Ал Алаш қозғалысына қосылғаннан кейін басына қара бұлт үйіріліп, 1923-1925 жылдары Мәскеуге кетуге мәжбүр болады. Ол жерде орталық баспаның шығыс секциясында қызмет істеп, Әлихан Бөкейханмен жақын қарым-қатынаста болады.
Саяси дүмпу саябырсыды-ау деген 1926-1928 жылдары Қазақстанға келіп, оқу-ағарту қызметкерлері кәсіподағының төрағасы қызметін атқарады.Осы кездерде ол білім саласына арналған бірнеше еңбек жазады. Соның ішінде “Қызыләскер әліппесі”, “Жаңа әліппе” деген оқулықтарды ерекше атап өтуге болады. 1929 жылдан бастап ағамыздың ізіне түскен жауыздар Колчак бүліншілігін қолдады деген айып тағып, оны Мәскеуде “Бутырка” абақтысына қамайды. Жазықсыздан-жазықсыз ұрып-соғып, ауыр азаптаулардан соң ақыры істемеген істі мойнына алдырады. Әулетіміздің ғана емес, Алаштың асқақ армандарын арқалаған арыстай азаматты өлім жазасына кеседі. Үкім осы түрмеде 1930 жылы 21 сәуірде орындалады. Небәрі 32 жасында қыршын кеткен оның артында Бәтия Смағұлқызы жесір қалды. Ол тектінің шаңырағын құлатпай, ұлдары Болат пен Маратты ержеткізді. Өзі бүкіл өмірін ұстаздық кәсіпке арнап, Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі атанды. Үлкені Болат Алматы таукен институтын бітіріп, Қарағанды облысында кенші, қалалық атқару комитетінің төрағасы және басқа да жауапты қызметтер атқарды. Кенжесі Марат көлік және су шаруашылығы саласында басқарма басшысы болып, ел игілігі үшін жұмыс істеді.
Байділда атамыздың ұлы Ахметхан 1900 жылы туған. Ол 1941 жылы соғысқа аттанып, қан майданнан елге оралмады. Оның артында әйелі Райхан және әлі бұғанасы қатпаған Мұрат, Манат, Сәбит есімді үш ұлы қалды. Үш баланы асырау Райхан апайымызға оңай болған жоқ. Ол Петропавл қаласындағы оқ-дәрі шығаратын зауытта жұмыс істеді. Ал 13 жастағы Мұрат пен 7 жастағы Манат Қанжығалы ауылындағы шаруашылық жұмыстарына жегілді. Райхан апайдың туған сіңлісі Биқан Ахметсейіттің інісі Қасымханға тұрмысқа шыққан. Бұл кезде Қасымхан елден алыста бой тасалап, Балқашта балық зауытында жұмыс істеп жүреді. Райханның ауыр жағдайын естіп, үш ұлымен қасына алдырып, бір-біріне қамқор болады.
Қасымхан ағамыз 1902 жылы туған.1928-1929 жылдары елде әкесінің мал-мүлкі тәркіленіп, Байділда атамыз Қарағандыдағы лагерьде, Әбдірахман болса Мәскеудің түрмесінде, жағдай ушығып бара жатқан соң жан сақтап қалу үшін Түмен облысына барып жасырынады. Бірақ Әбдірахман оған бұл жерден оны сау қоймайтынын айтып, Ғабділқадір екеуіне елден алысырақ кету керектігін жеткізеді. Сөйтіп, олар ағасының кеңесімен Балқаш көлі маңын паналайды. Қасымхан мұнда алдымен балықшыларға қосылып, балық аулап отбасын асырайды. Кейін өзінің еңбекқорлығы мен жауаптылығының арқасында қойма меңгерушісі болады.
Қасымханнан Зада, Мәриям, Ғалия, Әлия есімді қыздар, Жомарт есімді жалғыз ұл қалды. Ағасынан қалған үш баланы да ауырсынбай, бірге ержеткізді. Биқан анамыз қатты науқастанып, ота үстінде қайтыс болады. Ол көз жұмар алдында туып-өскен жері Қанжығалыға қоюды аманат етіпті. Анамыздың аманаты орындалып, рухын риза еттік. Ұлы Жомарт Петропавл қаласында тұрады.
Байділдиннің төртінші ұлы Ғабділқадір 1906 жылы туған. 1941 жылы әскери борышын өтеуге шақыртылып, кейін соғысқа аттанады. Зениттік артиллериялық дивизияда взвод командирінің көмекшісі, аға сержант болып, бірнеше медальдармен марапатталады. Оның “Варшаваны азат еткені үшін”, “Германияны жеңгені үшін”, “Берлинді алғаны үшін” медальдары бар. Соғыстан аман-есен оралғаннан кейін Балқашта тұрып жатқан бауырларына барады. Сол жерде жұмыс істеп, Жібек есімді балқаштық қызбен шаңырақ көтереді. Кейін Қарақалпақстандағы Нүкіс педагогикалық институтын бітіріп, сол жақта біраз жыл мұғалім болды. Бірақ ағайым Ғабділқадір мен жеңгем Жібек екеуі перзент көре алмады. Содан кейін Ахметсейіттің ұлы Манаптан туған Зареманы бауырына салды.
1908 жылы туған Ахметсейіт ағамыз жастайынан оқу-білімге өте зерек болады. Елде болып жатқан аласапыран жағдайға қарамастан, ол мұндай қиындықтан шығатын бір ғана жол, білім алу деп түсінеді. Шаруашылықпен айналысып, ауылда қалса өзін тыныш қоймайтынын білді. Білім алып, білігің артса, шетелде де күн көруге болады деген ой маза бермейді. Сөйтіп, ол Ресейдің Саратов қаласына барып жұмыс істейді. Пәтер жалдап, әр жерде жұмыс істеп, кейін осы жерде оқып, инженер мамандығын алып шығады. Институтты үздік бітірген жас маман өзімен бірге оқыған Ақбала есімді қарақалпақ қызымен көңіл жарастырып, шаңырақ көтереді. Келіншегі де осы саланың инженері. Гидрология саласы бойынша Қазақстанда ол кезде мамандар тапшы. Бірақ халық жауының тұқымы деген аттан қашып, елге келмей, бірден Ташкент қаласына жолдама алып, сонда барып қызмет істейді. Мұнда ол өзінің сауаттылығымен, ізденімпаздығымен көзге түседі. Ақбаламен екеуі екі перзент сүйіп, өз саласының абыройлы да білгір мамандары болады. Олар екеуі де ғылыми жұмыспен айналысады. Су жүйесін дамыту бойынша шетелдерден келісімшартпен жұмыс істеуге көптеген ұсыныстар түседі. Соның бірі грузиндердің жасаған ұсынысын мақұл көріп, келісімін береді. Жердің күре тамыры – су жүйелерін зерттеп жүрген Ахметсейіт уақытша жұмыс істеуге Бакуға баратын болып, отбасымен Ташкент-Баку бағытындағы ұшаққа отырғанда әуе апатына ұшырайды. Небәрі 34 жасында қыршынынан қиылған арыстай ағамыздың артында тұяқ та қалмады. Әйелі, екі баласы, өзі және бар ғылыми еңбектері жанып кетті. Бұл біздің қабырғамызды қайыстырған ауыр қайғы болды. Бірақ тағдырдың жазуына амал қанша? Күлге айналған сүйегін бабамыз жатқан Бозаралға әкеліп жерледік.
Байділданың ең кенже ұлы – менің әкем Ғабділмәжит. Ауылдастары оны Мәжит деп атап кеткен. Әкем 1911 жылы туған. Отбасында қаншама қиындық болып жатса да мойымастан, Петропавл қаласында сауат ашу курсында оқып, білімін жетілдіреді. Сөйтіп, қазақ ауылдарында мектеп ашу ісімен айналысады. Оның бұл ісі халық комиссариатына ұнамаса керек. Оны әкем ашып айта бермейтін, әйтеуір, бұл саладан қол үзуге мәжбүр болады. Сөйтіп, күнкөрістің қамымен ауыл шаруашылығында жұмыс істейді. Өмірден өз орнын таба алмай жүргенде жасы да отызға таяп қалады. Осы кезде соғыс басталып, әкем өз еркімен майданға аттанады. Батыл да, жігерлі, еңбекқор әкем взвод командирі болады. Жапонияны азат етуге қатысып, елге 1946 жылы оралды. Әкем соғыс жылдарында да, одан кейін де бірнеше медальдармен марапатталған.
Әкем Ғабділмәжит пен шешем Махфуза 1946 жылы шаңырақ көтерген. Ол кісі кейін Шал ақын ауданында дайындау кеңсесінде басшы болып біраз жыл қызмет етті. Елдің құрметіне бөленді. Отбасының үлкені – менмін, менен кейін Алма, Талғат, Сәуле есімді іні-сіңлілерім бар. Әке-шешеміз бәрімізге жоғары білім берді. Біздің отбасымызда Сәуле сіңліміз ерте қайтыс болды. Талғат та ағалары сияқты өте білімді және зерек болатын. Жеке кәсіпкерлерге заң және құқықтық көмек көрсетіп, қаншама адамның алғысын алып жүрді. Бірақ ажал оны да ерте іліп кетті, артында ұлы Мағжан қалды.
Мен зейнетке шыққанша және одан кейін де біраз жыл фтизиатр дәрігер болып еңбек еттім. Сіңлім Алма да қазір зейнеткер. Әкем зейнетке шығып, Бескөлге көшіп келіп, осында тұрды. Анамыз өмір бойы телефонистка болып жұмыс істеді.
Қарап отырсақ, бір отбасында бір ананың құрсағынан шыққан арыстай алты ұлдың бірін-бірі көруге зар болып, әр жерде бой тасалап күн көруі, қаншама қиыншылықтарға душар болуы біздің де тағдырымызға әсер етпей қойған жоқ. Әкем бауырларын сағынды, бір жерде болуды армандады. Кеңестік дәуірдің солақай саясаты болмағанда, әкем білім беру саласында ғылыми іспен айналысатыны анық еді. Әбдірахман ағамыз атылмағанда, қазақ ұлтының рухани дамуына зор үлес қосар еді. Аса дарынды ғалым Ахметсейіт те елден жырақ Ташкентке бармағанда, тұқымы құрып кетпес еді. Бұл өкініштер кейде өзегімізді өртейді. Алматы, Қарағанды, Балқаш, Ташкент, Қызылжар өңірлерінде бір-бірін сағынып өткен ағайындылардың өздері болмаса да, көздері қалды. Байділдиндердің алты ұлынан өрбіген ұрпақтар ата-аналарының жолын үзген жоқ.
Күләш МӘЖИТҚЫЗЫ, еңбек ардагері.
Қызылжар ауданы.