«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЗӘРУ

Адамдарға тез таралатын рух кеміргіш өсек пен өтірік тәрізді, мына аш көз індет жүйткіген бойда әлемді әп-сәтте орап алып, төрткүл дүниенің төрінен орын алды. Адамзаттан ала алмай қалған өші бардай, жан-жағын жалмап, қарсы келгенді қармап, жолындағыны жайпап, әлдінің құтын қашырды, әлсіздің үнін өшірді. Әлі де арамызға мысқыл уын шашқысы келеді. Дегенмен, бүгінгі әлемнің ойында не бар? Үрей мен үміттің арасында ма, қорқыныштың панасында ма, әлде ертеңіне сенімді ме?

Адамзатпен арпалысқан бұл індет са­намызды түбегейлі жүз сексен градусқа бұр­мағанымен, ағын суды тоқтатқандай, кө­біміздің көп дүниемізге тосқауыл болғаны хақ. Көп асқанға бір тосқандай, кімнің бол­ма­сын екпінін бәсеңдетті, есін жиғызды, санасын састырды. Әу баста бұл тажалға кө­бісі мән бермеді, сене алмады, сенгісі кел­меді, сенбеді. Халық себептерін сан-сақ­тан іздесе, ғалымдар жан-жақтан зерт­теді, даналылар өткенді, сарапшылар кет­кенді ақтарды. Шер атамыздың бір кем дү­ниесіндей, өмірдің жарқ-жұрқ еткен жарқын сәттерін қуалап жүргенде, басымыздағы ба­ғымыз тажалдың тәжіне айналғанын аңғар­май қалған сияқтымыз. Денсаулық – жаны­мызға Алладан берілетін Алатаудай бақ! Науқас адам сау адамның басынан тәж көргендей, деніміз сауда өмір жап-жарқын, ап-ашық, ғажап, керемет, арман, өлімнің өзі алыс көрінеді. Десек те, бұл тажалдың кешегі таяғын жеген біздер не түйдік?

Тарихта Мұса (ғ.с.) пайғамбардың Алла­мен тілдескен ғибраттары ішінде “Адамға ауруды не үшін бердің?” деген сұрағына: “Пен­дем мені әлсін-әлсін есіне алсын деп бердім”, – дейтін жауабы бар. Кей бейбақ­тар әлі күнге кімге сеніп, неге сүйенетінін, қай­дан келіп, қайда бара жатқанынан ха­бар­сыз, білмейді, білгісі келмейді, ойсыз, қамсыз. “Түбінде бәрібір өлеміз” деген қа­ғидамен санасын нүктелей салады. Негізінде, өзін жаратқан Жаратушыны, өзін өмірге әкелген ата-ананы, өзін ұмытқан адамның ақыры құрдым. Ал “Ауру, кесел, дерт деген нелер, қайдан және қалай пай­да болды, кім ойлап тапты, не үшін, қандай мақсатта?” деген сұрақтарға “Ағзаның өсіп-өну қабілетінің бұзылуынан” деген уикипе­дия анықтамасы жауап бола ала ма? Не болмаса ежелгі батыс медицинасы мен шы­ғыстың ибн Синасы көмек бере алды ма? Әлбетте қай-қайсысы болмасын, материа­лис­тік тұрғыда сыртқы ортаның әсері неме­се басқа дәйектер келтіруі мүмкін. Алайда, ойланайықшы, Алла тағала адамзатқа ауруды неліктен жібереді? Бұған ғасырлар бойғы ғылыми-зерттеулер қажет емес. Себебі, жауабын Алланың өзі: “Пендем мені әлсін-әлсін есіне алсын деп бердім”, – деп айтып тұр. Зерделесек, әлсін-әлсін. Ал біздер тым болмағанда анда-санда еске аламыз ба? Міне, біздің бірінші жіберіп ал­ған қате тұсымыз осы!

Дерт – күнәміз бен қателігімізге жаза не­месе тағдырға берілген сынақ. Өйткені, көз­ге көрінбейтін кез келген кесел – адамзатқа даналық пен түйсік әкелуші құбылыс. Мә­се­лен, науқас адам нені ойлайды? Әрине, үш күндік өмірді, өткенін, бүгінін, ертеңін. Қандай іс жасадым, жасамадым дегендей, өкініш, сағыныш, күнә, сауап, ұрпақ. “Өліп қалсам не болады?” деген сұраққа жүрегі діріл қағады. Одан да Жаратушысына именіп, тәкаппарлығын сындырсын, шүкір етіп, тәубесіне келсін, қалғанын Алланың өзі реттейді. Дерт тоқсан тоғыз десеңіз, оның тоқсан тоғыз емі бар. Онымен күресу – құлшылық, емделу – парыз. Дертке көңіл бөлмеу, бетімен жіберу, салғырт қарау, дер кезінде қаралмау, айығуға ниеттенбеу, жан­ды дауаламау – күнәнің ауыры. Міне, осы­лайша Алла тағала пендесінің рухын жа­ңарту үшін көлемі тозаңнан да ұсақ зәре­дей дертті төрт періштесімен жібереді. Ол төртеу адамнан қуатты, реңді, тәбетті және күнәсін алып қояды. Егер пенде жүрегіндегі сеніммен емнің шипасын Алладан күтсе, үш періште қуатын, реңін, тәбетін қайыра­ды. Ал сабырмен тәубесіне келсе, күнәсі қайтарылмайды, яғни кешіріледі. “Өзім жа­зыламын” деген өзіндік жалаң сенім құр ән­шейін бос сөз болып қалады әрі өтпеуі мүм­кін, өйткені рухтың иесі Алла! Сондығынан болар, бабаларымыз науқас адамды күнә­сіз санап, бата алатыны. Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыз таң білінерде: “Араларың­да науқастың көңілін сұраған жан бар ма?” – деп сахабаларына қайырылып отырған. Үш тарапқа бағыт алған адамның әрбір қа­дамына сауап жазылады, күнәлары кешірі­леді. Бұл ұлы жолдағы, яғни білім алуға ат­тан­ған, мешітке қарай беттеген, науқастың көңілін сұрауға шыққан адамның әрбір аяқ алысына періштелер қанатын төсейді. Шығыс медицина атасы Әбу Әли ибн Сина­ның: “Ауырған адам, емдеуші адам және ауру бар. Қайсысы қайсысымен бірігеді, со­лар жеңеді”, – дегенін де ұмытпаған жөн. Есімізде болсын, рухты шаң басса, дерт ұялайды.

Өткеніміз отыз жыл, санай салатын отыз күн емес. Ал осы отызда өзіміз не тын­дырдық? Кеше ғана төтеннен келген тосын ін­детке бір өзіміз қасқайып қарсы тұра алдық па? Менің ойымша, тәж-тажал си­қымызды сындырып тұрып көрсетті. Ала жаз­дай ән салып, той тойлап жүре берген екенбіз. Ең болмаса бір жапырақ бетпер­дені өзіміз шығаратын елден болмағаны­мызға өртсіз өртенуге болады. Өзгеден алып, өзімізге сатылған бөтеннің бетперде­сі шынайы келбетімізді ашып берді. Өзгенің емес, өзіміздің отыз нәтижемізге өз көзіміз­ді жеткізейікші, оған кешегі қайғылы күндер дәлел. Дерт өршігенде иіс дегенді сезбедік, дәм дегенді ұмыттық, ауруханалар толды, жете алмай талықсыдық, тыныстар тарыл­ды, бір жұтым ауа, бір түйір дәріге тәуелді болдық. Бір орында үйелеген қойдай ай­нал­шықтап қалдық, тыпырлап іздене бер­дік, айқайлап жүріп таппадық, шуласақ та жең­бедік, абыржып қиналдық, жылап шар­шадық, соңында амалдың жоқтығын түсін­дік. Ақырында еліміздің елеулі азаматта­рын, көрікті көз моншақтарын, ғылымның жау­һарларын, ілімнің гауһарларын, шаңы­рақ­тың қазыналарын, әркімнің сүйеніште­рін қара жерге көміп тындық, өзегіміз өр­тен­ді, азалы күйде қалдық. Баршылықта таршылықпен, тоқшылықта жоқшылықпен өтеміз деп ойламады олар. Бір күнге бұл аз емес, алдағы толқын не дейді, оны бір Алла біледі?

Еліміздегі әрбір мешіттің имам-молдасы күллі мұсылман әлемімен бірге Отанымыз­дағы барша науқас жандардың дертінен айығуына жұма сайын дұға жасайды, бұған ұйыған жамағат “Әумин!” деп алақан жая­ды. Міне, сол имамдарды нұқып, молда­лар­ды шұқитындар жақындарын жер қой­нына жаназалап тапсыруға жабық мешіт­терден бет сипатар адам таппай дал бол­ды. Сырқаттана қалса, дәрігердің біліктісін іздейтіндер ине салдыру үшін ешқашан көзіне ілмеген медбикелерге зар болды. Ғылым мен білімді ұмытқанымыз сонша, арамыздағы азын-аулақ ғалымдарымызды теріп алып кеткенде, олардың барын біліп, қадірін түсіндік. Ал, бүгінгі зәруіміз не?

Бақыт қайда барады? Әлбетте, татулы­ғы ұйыған елге, бірлігі тасыған жерге. Ба­ғымызды індет кеміре бастағанда, бірін-бірі кінәлаған, әрі-бері тартысқан емес, ты­ныштық сақтаған бейбіт ел болуымыз ке­рек. Тыныштық кімге барады? Әрине, жү­ре­гі мейірімге, рухы иманға толы, көкірегі ояу адамға. Жанымыз кірлегенде, мешіт­тер­ден қашқан, Жаратушысын ұмытқан емес, иманын иірген, Құдайын таныған бі­лімді ел болуымыз қажет. Ал білім кімде бо­лады? Арманы асқақ, талабы таудай, ғы­лымға құштар өскелең жаста. Сондықтан кешегі қасіреттен аман қалып, айыққан біз­дер бүгінгі демімізге шүкір етіп, өмірі­мізге өзгеріс енгізейік. Ойын-сауыққа отыз жы­лы­мызды аямай беріп келдік, аз емес шы­ғар, ағайын? Алдағы толқыннан аман шы­ғуға нық сенімде болайық. Ендігі жерде өр­бі­ген ұрпағымызды иманның нәрімен суа­райық, қадамын мешіт пен медреседен бас­татайық, ғылым және білімге бағыттайық, еліміздің келешегіне даярлайық. Өйткені, олардың келешегін кешегі мұңлы күндер болжап берді. Шындап келгенде, біздің ел қашаннан иманға, бірлікке, татулыққа зәру. Ал біз бір-бірімізге, ағайындылығымызға, бо­лашақ ғалымға, дәрігерге, ұстазға зәруміз!

Нұрлан қажы БАЙЖІГІТҰЛЫ,

дінтанушы, имам.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp