Саумалкөл ауылының тұрғыны Иван Воликов бұған дейін тек аяқкиім жөндеумен шұғылданып келсе, енді өз ісін кеңейтуді қолға алды.
– Әйелім екеуміз 6 ұл-қыз тәрбиелеп отырмыз. Күз, қыс айларында ғана табыс түсетіндіктен, тапқанымыз бала-шағаның тағамы мен киім-кешегінен артылмайды. Барлық әлеуметтік қажеттіліктер өтеле бермейтіндіктен, қаражаттан тарығып қалатын сәттер болмай тұрмайды. Тұрақты жұмыс көзі жайлы ойлана келіп, мемлекет көмегіне жүгінуді жөн көрдім, – дейді көпбалалы әке.
Кілт жасау және аяқкиім тігу идеясы осылай пайда болған. Шағын бизнеспен айналысу үшін нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған “Еңбек” мемлекеттік бағдарламасы аясында 505 мың теңге грант иеленді. Бұл қаражатқа кілт жасайтын екі станок, аяқкиім бланкілерін тігуге арналған тігін машинасын сатып алды. “Көз қорқақ, қол батыр” демекші, тың іске бастапқыда жүрексіне кіріссе, қазір төселіп, аяқкиім тігудің қыр-сырын меңгеріп алғаны байқалады.
Оның айтуынша, кәсіпкерлікпен шұғылданып, бизнес-идеяларын дамытамын дегендерге аталмыш бағдарламаның жәрдемі, тигізер пайдасы мол. 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде қайтарымсыз гранттар және 8 мың айлық есептік көрсеткішке дейін микрокредиттер алу бұрын түске де енбейтін қиял болса, бүгінде күнделікті өмірдегі кәдуілгі қалыпты құбылыс дерсің. Қолжетімді жеңілдікті шарттарының өзі неге тұрады? Алдағы уақытта кәсіпкерлік көкжиегін кеңейте түспек ойым бар, деген Иванның игі арманының орындалуына тілектестік білдіреміз.
Әлеуметтік желіні парақтай отырып, солтүстікқазақстандықтарды жұмыспен қамтудың мынадай статистикалық деректеріне жолықтым. Биыл 8 ай ішінде өңірде 1,7 мыңнан астам адам бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар мен микрокредиттер алған. Тұрақты жұмыс орындарына 6259 адам орналастырылған. Уақытша жұмыс орындарына – 5023 адам, оның ішінде 465-і – әлеуметтік жұмыс орындарына, 639-ы – жастар практикасына, 3919-ы қоғамдық жұмыстарға жіберілген.
Мұндай жан жадыратар деректер ауданда аз емес. 117 адам бизнес-идеяларын жүзеге асыруға қол жеткізіп, 2047 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Берілген несие мөлшері – 171. Оның айқын бір мысалына Иван Воликовтың жаңа бизнес жолындағы алғашқы қадамдарын келтірдік.
Нұрболат ҒАЛЫМОВ,
аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры.
Айыртау ауданы.