Қазақстан жер көлемі бойынша әлемде тоғызыншы орында тұр. Ауыл шаруашылығына арналған алқаптар – ел экономикасының стратегиялық ресурстарының бірі. Алайда елімізде әлі де пайдаланылмай бос жатқан немесе заңсыз берілген ауыл шаруашылығы жерлері аз емес. Осы мәселені шешу үшін мемлекет заңнамалық және әкімшілік шаралар қабылдап, пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. 2022 жылдан бері 13 млн. гектарға жуық жер қайтарылған, оның 11 млн. гектардан астамы – жайылым.
Пайдаланылмаған жер мемлекетке өтеді
Елімізде ауыл шаруашылығы мақсатындағы 205,5 млн. гектар жер бар. Жайылымдық алқаптың алаңы 183 млн. гектарды құрайды. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, биыл бос жатқан немесе тиімсіз пайдалану белгілері бар шамамен 10 млн. гектардан астам жайылымдық жер анықталған.
Мамандардың айтуынша, жердің бос жату фактісі алғаш рет анықталған кезден бастап бір жыл бойы мақсатқа сай пайдаланылмаған жағдайда ол заңға сәйкес мәжбүрлі түрде мемлекет меншігіне қайтарылады. Яғни жайылымдарда малдың болмауы немесе уәкілетті орган бекіткен жүктеменің жартысынан аз болуы, жемшөп дайындау мақсатында шөп шабудың жүзеге асырылмауы, егістікте ауыл шаруашылығы дақылдарын егуге арналған жер учаскесін өңдеу жұмысының жүргізілмеуі, арамшөптердің, бұталардың, шіліктердің басып кетуі, көпжылдық екпелерді күту, өнімін жинау және тегістеу бойынша жұмыстардың жүргізілмеуі сынды дәлелдер жердің мемлекет меншігіне өтуінің негізгі себептері саналады.
Астықты өңір саналатын біздің облыста да бұл мәселе өзекті саналады. Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметінше, өңірде 2022 жылдан бастап 712 мың гектар пайдаланылмай жатқан жер мемлекет меншігіне қайтарылған. Соның ішінде биыл прокурорлық қадағалау актілері негізінде жалпы ауданы 33,2 мың гектар, кадастрлық құны 29,8 млрд. теңге болатын 36 жер учаскесі мемлекет меншігіне өтіпті.
Дауды сотқа жеткізбеуге мүдделі
Жер учаскесiнің меншiк иесiне немесе оны пайдаланушыға Жер кодексінің талаптарын бұзуды жою туралы нұсқама табыс етілген күн жер учаскесін нысаналы мақсат үшін пайдаланбау фактісі анықталған уақыт болып есептеледі. Елімізде 2022 жылы – 5,4 млн., 2023 жылы – 4,6 млн., 2024 жылы – 2,2 млн., ал биыл жыл басынан – 1 млн. гектар жер мемлекетке қайтарылса, жер пайдаланушылардың 60 пайызы қолданбаған жерлерінен өз еріктерімен бас тартқан. Бұған көп жағдайда жер инспекторлары жүргізген тексерулер нәтижесінде қолданылған шаралар: айыппұл салу, салықты 20 есеге дейін ұлғайту себеп.
Облыс прокурорының бірінші орынбасары Әби-Әли Саттардың айтуынша, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердi тиімсіз пайдаланған немесе мүлде қолданбаған жағдайда иелеріне ескерту жасалады. Заңсыздыққа жол берген жеке тұлғаларға – 10, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 40, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – 70, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салынады.
«Сонымен қатар жер пайдаланушылардың дауды сотқа дейін жеткізбей, пайдаланылмай жатқан жер учаскесін қайтаруға мүдделі болуының да өз себебі бар. Жер кодексінің 96-1-бабына сәйкес, жер учаскелері мәжбүрлі түрде алынғандарға үш жыл мерзімде қайта жер учаскелері берілмейді», – дейді прокуратура өкілі.
Елімізде мәжбүрлі түрде алынған жер учаскелерінің жалпы үлесі қайтарылған жерлердің 10 пайызын құрап отыр. Қалған 30 пайызы заңсыз қабылданған шешімдердің күштерін жою, жерлерді жалдау мерзімдерінің аяқталуы, мемлекет мұқтаждықтарына байланысты алып қою себептерімен байланысты.
Банкте кепілде тұр
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерінің нақты қаншасы банктердің кепілінде тұрғанын дәл айту мүмкін емес, өйткені мұндай ақпарат қаржы ұйымдарының құпиясы болып есептеледі. Екінші деңгейдегі банктер мұндай деректерді мемлекеттік органдарға ашық түрде бермейді.
Дегенмен қазіргі қолда бар деректер бойынша, екінші деңгейдегі банктердің кепілінде 4 844,8 мың гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер бары анықталды. Бұл ретте Жер кодексінің 92-бабының 6-тармағына сәйкес, егер банк кепілдегі жер учаскесін өз меншігіне алса, мемлекет мұндай жерді мәжбүрлеп алып қоюды тек меншік құқығы тіркелген күннен бастап алты ай өткен соң ғана жүзеге асыра алады.
Қайтарылған жерге сұраныс жоғары
Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Талғат Наурызбаевтың айтуынша, облыс аумағында бос жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер жоқ. Мемлекеттік меншікке қайтарылған жердің барлығы жұмыс істеуге ниетті шаруашылықтарға конкурс арқылы жалға берілген.
«Өңір бойынша 2022 жылдан бастап 2025 жылдың 7 айы аралығында 68 конкурс өткізілді, оның қорытындысы бойынша 132,3 мың гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер жалға берілді, оның ішінде егістік 37,3 мың гектар болса, қалғаны жайылым. Алынған жерлердің басым бөлігі көп жағдайда халықтың жайылымдық учаскелерге деген қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін беріледі. Ауыл шаруашылығы өндірісімен айналысқысы келетін жандардың өтініштерін де аяқсыз қалдырмауға тырысамыз», – дейді маман.
Биыл өңірдегі 361,5 мың гектар жер қайта бөлінген. 229,2 мың гектары тұрғындарға жайылым үшін үлестірілсе, 132,3 мың гектар жер ауыл шаруашылығы өндірісімен айналысқысы келетіндерге беріліпті.
Жер жүдесе, ырыс кем
Жер ресурстарын тиімсіз пайдалану елді мекендердің дамуына кері әсер етері сөзсіз. М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің PhD докторы Данияр Байтеңізовтің айтуынша, бұл мәселе экономикаға, экологияға және әлеуметтік салаға да қатысты.
«Бірнеше жылдан бері пайдаланылмаған жердің инвестициялық тартымдылығы төмендейді. Бос жатқан, арамшөп басқан жер эрозияға тез ұшырап, топырақтың құнары жоғалады. Салдарынан азық-түлік өндірісі азаяды. Жерді тиімсіз пайдаланудың соңы шөлді және шөлейтті мекендердің көбеюіне әкеліп соқтыруда. Ауа сапасының нашарлауына да әсер етіп отыр. Ал әлеуметтік жағынан айтар болсақ, жерді дұрыс қолданбау ауылда өмір сүру жағдайын нашарлатып, тұрғындарды қалаға көшуге мәжбүр етеді», – дейді ғалым.
Маман осының салдарынан көптеген ауылдардың жұрты ғана қалып, қалалық инфрақұрылымға қосымша жүктеме артылып отырғанын да жасырып қалмады. Тұрақты даму тежеліп, тұрмыс сапасының төмендеп отырғанының бір себебі осы жайтпен тікелей байланысты.
Жерді алып қою аздық етеді
Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің «Жерлерге зерттеп-қарау жұмыстарын жүргізу мемлекеттік институты» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының мәліметінше, 2024-2030 жылдар кезеңіне топырақ құнарлылығын қалпына келтіру және арттыру жөніндегі шараларға қатысты Жол картасы әзірленген. Бекітілген құжат су және жел эрозиясымен, сондай-ақ шөлейттенумен күресу бойынша қажетті шаралар қабылдай отырып, топырақты кешенді зерттеуді қамтиды. Бұл шаралар деградацияға қарсы күрес жөніндегі өңірлік Жол карталарында көрсетіледі. Мұндай Жол карталары бүгінгі күні еліміздің он жеті өңірінде бекітілген.
«Жол картасы аясында ауыл шаруашылығы жерлерін ұтымды пайдалану мақсатында Жер ресурстарын басқару комитеті мен жергілікті атқарушы органдардың ведомстволық бағынысты ұйымдарының өзара іс-қимыл алгоритмі бекітілді. Бұл алгоритм жер пайдаланушылардың жер учаскелерін тиімді қолдану жөніндегі міндеттемелерін орындамаған жағдайда жер учаскесін жалға алу шарттарын бұзу не шарттың қолданылу мерзімін ұзартудан бас тартуды көздейді. Егер жердің құнарын сақтауға қарсы нақты, жүйелі шаралар қолға алынбаса, алдағы 10-15 жылда ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің көлемі едәуір қысқаруы мүмкін», – дейді Талғат Наурызбаев.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».